«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КҮНДЕ БҰЛАЙ ШАБЫТ ТА КЕЛМЕЙДІ ҒОЙ”…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Соңғы кездері “барымызбен базарлап” жүрген дәстүрлі Наурыз айтысы да өтті. Барымызбен ғана деуіміздің мәні – кейінгі жылдары додалы ақындар айтысына сырттан орақ тілді жыр дүлдүлдерін шақыруды қойдық. Оның өзі өңірімізде жыр сайысына түсер талапты жастардың шыға бастағанын білдірсе керек. Ең қуаныштысы да сол, ол өңірдегі айтыс өнерінің дамып келе жатқанын айғақтайды.

Алайда, айтыс өткеннен кейін, оған сын айтып, мін тағатындар да аз емес. Осы орайда бұл жолы айтыс өткен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында көрермендердің аздау жиналғаны болмаса, басқадай ұйымдастыру шараларында онша ақау табарлықтай олқылықтар орын алмады десе болады. Театрға жұртшылықтың аз жиналуына, алдымен, сол күнгі ызғырық өкпек желді ауа райының да әсері болғаны анық, бірақ ең басты себебі – айтыс жарнамасында оның өтетін уақытының дұрыс көрсетілмеуі болса керек. Десе де, айтыс десе елеңдеп тұратын, сөз мәйегін бағалай білетін қауым осынау өнер мерекесін қапы жіберген жоқ. Оған ақ сақалды аталарымызбен және ақ жаулықты әжелерімізбен бірге өрімдей жастарымыздың да көптеп қатысқаны қуантады.

 

Осындай думанды мәдени шараларды келісті жүргізуімен көзге түсіп жүрген облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Таңат Бейсембаев жұртшылықты Наурыз айтысына қатысатын ақындармен және сайысқа төрелік ететін қазылар алқасымен таныстырғаннан кейін, кезек алты жұпқа бөлінген ақындардың өзіне тиді.

Сахнаға бірінші болып Шал ақын ауданының атынан түскен Аманжол Зағыпар мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ақыны Құрмет Құралхан шықты. Аманжол жазба ақындығымен және айтыскерлігімен студент кезінен танылған, ал бүгіндері жазба ақындыққа ден қоя бастаған. Оның Шал ақын ауданының атынан сынға түсіп, әлі де айтыскерліктен үмітті екенін аңғартқысы келгені байқалды. Бірақ Аманжолдың бұл талпынысының сәтті болмағанын бірден айтуымыз керек. Көкшетау өңірінің ақындық мектебін біршама тәуір меңгеріп алған Құрмет оған дес бермеді. Оның сахнада өзін ұстау мәнері, келісті сөз құралымдары, ой өрімдері мен қазіргі уақыт тынысына сай келетін мәселелер өзектілігімен қарсыласынан басым түсіп отырды. Ол, мысалы, биылғы ұзаққа созылған қыстың қиыншылығын жыр ете отырып, “жырларыммен келдім мен жылытқалы” деп әдемі түйіндей білді. Сондай-ақ оның “Мен Сіздерден аласа боп қаламын, көтеріп әкетсеңіздер көкке мені” деуі де оның кішіпейілдігін аңғартатын жарасымды сөз. Сол сияқты ол, Елбасының Жолдауын, тіліміз бен дінімізді және салт-дәстүрімізді жыр еткенде де жүйрік жорғадай тайпаңдады.

Екінші жұпта Жамбыл ауданының ақыны Найл Низаметдин мен айыртаулық Мұхаммед Қоңқаев сөз сайыстырды. Бір атап өтерлік қуанышты жай, бұл балаң талапкерлердің сайысқа қатысқан сайын өсіп келе жатқандығы. Әсіресе, Мұхаммедтің біршама төселіп қалғаны байқалады. Өзі айтқандай: “Айтыскер Орынбайдың ұрпағымын, Сондықтан Мұхаммедке сасу қайда” деуі тегін емес. Өлеңге қазіргі әлеуметтік өткір мәселелерді қосады, тіліміздің еркін дами алмай отырғанын қынжыла жырлайды. Найлдың да сөз саптауы мығым, әттең домбырасын сөйлете алмай, кемшін түсе береді. Ол Мұхаммедтің ұлтының басқалығын айтқанына шамданған жоқ, қайта: “Бір қазақ маңдайымнан шерткені жоқ, Ризамын жалпы қазақ баласына” деп жиналған жұрттың көңілінен шығар жауап қайырды.

Келесі жұпта өнер көрсеткен уәлихановтық Амангелді Оқастың Есіл ауданының намысын қорғаған Нұрлан Зағыпардан басымдығы бірден байқалды. Оқастың мақамы жақсы төселіп келе жатқаны аңғарылады, сөздің мәні мен мазмұны жақсара түскен. Ал Нұрланның әнінің жақсы екені сезіледі, бірақ өлең сөзін құрауы әлі де әлсіз, ұйқас және ой өрімдері жетіспейді.

Қызылжар ауданының ақыны Жарқын Жұпархан осыған дейін бірталай айтысқа қатысып, жүлделі орындарды еншілеген танымал өнерпаз екені белгілі. Алайда, биылғы Наурыз айтысында оған қарсылас болған жалғыз ақын қыз мамлюттік Нұргүл Оқашевадан сөз асыра алмай, сүрінді. Жарқынның кемшілігі, бүгінгі күннің кең ауқымды мәселелерін сөз етпей, тұрмыстық әзіл-қалжыңнан аса алмағанында болды. Айталық, ол Нұргүлдің жас сәбиін үйінде қалдырып, осы айтысқа келгеніне орынсыз жиі-жиі тиісіп, тыңдармандардың өзін мезі етіп жіберді. Тек: “Елім деп жүрген жерімнің, қабағын да табамын, баласы үшін отқа түсер, Домалақтардай анамын” деген жауап алғаннан кейін ғана әбес кеткенін біліп, “Ақ келін” әніне басқан Жарқын басқаша сөйлей бастады. Бірақ кеш қалды, өйткені: “Айтысты алапат бір күрес дейді, Ал онда әлсіздер ғой тіреспейді, Қалың елім – қазағым қолдар болса, Ханның қызы шаңыма ілеспейді!?” деп қайырған Нұргүл одан оқ бойы ұзап кетті.

Бесінші жұпта Аққайың ауданының намысын қорғаған Қуаныш Оспанов пен Тайынша ауданы атынан шыққан Фархат Тастамбеков айтысты. Сөз мәйегін тамызған Қуаныш ақын Фархаттың жеңіл тұрмыстық әзіл-оспақтарын шыбын шаққандай көрген жоқ.

Биылғы Наурыз айтысының жарық жұлдызы қалалық Қожаберген жырау атындағы мектептің 7-ші сынып оқушысы Наурызбай Хафизов болғаны анық. Оның қарсыласы Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінің 9-сынып оқушысы Санжар Тастамбеков бұрындары бірер айтысқа қатысып, қанаттанып қалғанын байқатып, оны “баласына” сөз бастағанда Санжардың: “Қарсыласқа жеткізбес жел боп тұрмын, Санжарға шыға алмайтын өр боп тұрмын”, – дегенін қайтерсің?! Көктұйғындай қомданған қаршадай баладан ақындық өрлік үнін сезінгендей болдық. Жалпы олардың екеуінен де үлкен үміт күтерліктей. Санжарды әзірге жүлделі орыннан көрінбеді демесең, оның буыны бекіп, қанаттанып келе жатқаны байқалады. Сөз сомдауы нығыздалып, салмақтана түскен, жауап қайтара айтысуға төселіп келеді. Ал Наурызбайдың сахнадағы сабырлылығы, қарсыласының сөзін бағып, соған лайықты жауап қайтаруға тырысуы тәнті етеді. Түбінде осы екеуінен тәуір айтыс ақындары шығады деген ойдамыз.

Қазылар алқасының ұйғарымымен жоғары бағаға ие болған төрт ақын ақтық сынға жолдама алды. Онда Қуаныш Оспанов пен Нұргүл Оқашева және Құрмет Құралхан мен Мұхаммед Қоңқаевтар жұптасып айтысты. Соның ішінде Қуаныш пен Нұргүлдің айтысы мерекелік думанның сәні болды десек, артық айтқандық емес. Екеуінің арасында жарасымды, байыпты әзіл-қалжыңдар да айтылды, бүгінгі күннің өзекті әлеуметтік мәселелері де қозғалды. Ең бастысы, бір-біріне деген сыйластық, құрмет сезімі сезіліп тұрды, байқамай ауыздан шығып кететін дөрекілеу сөздер болған жоқ. Осы жұптың сәттілігі де сонда, олар бірін-бірі аша түскендей әсер етті. “Күнде бұлай шабыт та келмейді ғой…” деп, Нұргүл дөп басып айтты, шындығында да нағыз шабыт тудырған сөз сайысы болды бұл. Тыңдармандардың одан жан жадыратарлық тамаша сезімге бөлінгені анық.

Қайсыбіреулер ақындарды жаттанды сөз дайындығымен айтысады деп кінәлап жатады. Меніңше, ол дұрыс емес, жаттанды өлең шумақтары қайсы айтыс ақынында болсын бар екені анық. Бірақ оны қолдана ма, қолданбай ма оны өзі біледі, шеберлігі жетіп тұрса қажетсінбеуі де мүмкін. Уақыт ұтып, ой жинақтау үшін бір-екі шумақ пайдаланғаны соншалықты кінә болмаса керек. Қолма-қол суырыпсалма өлең шығармақ түгілі, үйренбеген адамға сахнада екі сөздің басын құрап сөйлеудің өзі де оңай емес. Айтысқа түскен ақындардың қайсысын болсын бұл тұрғыдан құрмет тұтып, аз-мұз кемшіліктеріне кешіріммен қарамасқа болмайды. Айтыс өнері – сахнада шыңдалады, бүгінгі кемкетігі ертең түзеледі.

Ақтық сындағы соңғы жұп айтысында Құрмет пен Мұхаммед кездесті. Жастығына қарамастан, Мұхаммед Құрметке лайықты қарсылас бола білді. Жеңгесінің жылы орындығына отырғанын әдемі өлең өрімімен жеткізіп, жұртшылықты суырыпсалма тапқырлығымен тәнті еткен ол қарсыласына інілік ізет білдіре отырып, лайықты жауаптар қайтара білді. Ал өңірлік айтыстарда жақсы қырынан танылып келе жатқан Құрмет бұл жолы өз биігінен таныла білді.

Сайыс қорытындысында бәрінен көп ұпай олжалаған Қуаныш Оспанов бас бәйгені жеңіп алды. Құрмет Құралхан – бірінші, Нұргүл Оқашева – екінші, ал айтыстың ең жас жүлдегері Мұхаммед Қоңқаев үшінші орындарды еншіледі. Сайысқа қатысушылардың барлығы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp