«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРШІ ӨҢІРЛЕР БІЛЕК БІРІКТІРІП, су тасқыны қаупінің алдын алуға дайын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Любовь АНУФРИЕВА,

СҚО бойынша Төтенше жағдайлар

жөніндегі департаменттің

бас маманы.

Көктемгі тасқында Есіл өзенінің қатері мол. Ол облыс аумағында оңтүстік-батысынан солтүстік-шығысына қарай 690 шақырымды бойлап ағады. Ұзындығы 2450 шақырымға тең Есіл 177 мың шаршы шақырымды алатын алқапта су жинайды. Соған қоса оның өн бойында көптеген көлдер, Ақанбұрлық, Иманбұрлық салалары, Шудасай, Бағанаты және басқа да уақытша толығатын шағын өзеншелер бар.

Есілдің Сергеевка-Явленка, Новокаменка-Новопавловка-Ташкентка-Большая Малышка-Долматово алқаптарында тасқын қаупі мол жылдары су арнасынан 10 метрге дейін көтеріліп, 25-40 күнге дейін бұларды су алып жатады.

 

Әдетте, су тасқыны сәуірдің екінші онкүндігінде басталып, мамырдың үшінші онкүндігіне дейін жалғасады. Көктемгі тасқын кезінде жылдық қордың 86-95 пайызы жиналады.

Ең күшті тасқындар 1986, 1994, 2002, 2003, 2005 және 2007 жылдары орын алды.

Биылғы тасқын 2005 және 2007 жылдардағыдан сәл бәсеңдеу болар деп жобаланып отыр.

Есілдің тасқыны Түмен облысының аумағын басып өтетіндіктен, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Түмен облысы бойынша басқармасының арасында шекара маңындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелері бойынша ұдайы бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылып, байланыс жасалып отырады. Соған орай бірлескен іс-қимыл жоспары жасалды.

“Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою саласында көмек көрсетуді қамтамасыз ету және шаралар қолдану үшін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтудегі жеңілдіктер туралы” меморандум бекітілді. Көрші облыстардың арасында ұйымдасқан іс-қимыл күштерінің құрамы белгіленді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мәселелері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін кезекші қызметтер тағайындалды.

Жыл сайын Сергеев және Петропавл суқоймаларындағы судың жиналуы жайындағы деректер түмендік әріптестерге жеткізіліп тұрады.

Облыстардың аумақтарында су тасқынының барысы және оның шекаралас аумақтарға әсері туралы жедел ақпарат алмасу елді мекендерді су тасқынынан және еріген ағын сулардың қатерінен сақтанудың күні бұрын қамын қылуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде екі ел тұрғындарының су тасқыны кезіндегі қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp