«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРТАҚ ТОЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы тәрбие және дамыту мәселелері жөніндегі базалық №23 орта мектептің эксперименттік алаң сыныптары арасында Наурыз мейрамын тойлау дәстүрге айналған. Мейрамға оқушылар, ата-аналар әжелер және мұғалімдер қатысты.

Дулат ӘУІЛБЕКОВ,  

мектеп директорының эксперименттік алаң бойынша орынбасары.

Наурыз мерекесіне мектептегі барлық оқушылар жылда ерекше дайындықпен келеді. Әсіресе, жеңілдетілген бағдарлама бойынша мемлекеттік тілде білім алып жүрген өзге ұлт өкілдерінің Наурызға деген қызығушылығы зор. Оқушылар қазақ халқының ұлттық киімдерін киіп, сыныптарын да сәйкесінше безендіріп, Наурызға байланысты нақыл сөздер ілді.  

Мерекелік іс-шараға оқушылармен бірге ата-аналар да атсалысты. Мерекелік шараның алғашқы бөлімі ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты рәсімдерге арналды. Оны Әсел Саримова жетекшілік ететін мектепалды даярлық сыныбы бастады. Тимур Молдашевтың әжесі Шолпан апа шашу шашып, тілек айтты. Жанар Ақжігітова мен Майра Жүсіпованың жетекшілігіндегі 1-2-сыныптардың ақ әжелері “Аластау” рәсімін көрсетті. Қыздардың орындауындағы халық әні “Еркем-ай” көрермендер көңілін көтеріп тастады. Сынып оқушы-ларының жарапазан айтып кіруі, Қызыр атаның тілек батасы, тағы басқа да ұлттық дәстүріміздің үлгілері оқушылардың санасында ерекше әсер қалдырды.

 

“Наурыз – жыр” бөлімінде әр эксперименттік сынып оқушылары белсенділік танытты. Олар мәнерлеп, мағынасын жеткізе өлең, тақпақтар оқып, тамаша әндерін тарту етті. Қазақтың “Аққулар”, “Боз жорға”, “Қара жорғасымен” қатар, әр ұлттың билерінің орындалуы да сынып оқушыларының достығын дәлелдегендей ерекше қабылданды. 1-сынып оқушылары Карина Рогожникова мен Ернар Тоқтамысов қыз бен ұлдың айтысынан үзінді көрсетті. Каринаның ұлты орыс болса да, Ернардан қалыспай жауап берді.

Алма Сүйіндікованың жетекшілік етуімен дарынды қыздарымыз Дәрмен Әуілбекова, Дәрия Төлегенова, Дарина Темірбек, орыс қыздары Даяна Синицина, Карина Шульгинаның орындауындағы құлақтан кіріп бойды алатын күйлер көрермендердің қошеметіне ие болса, Әдия Шаяхан сыбызғыда қазақтың “Желдірмесін” тартып мерекенің көркін келтірді.

Мерекелік шарада қазақтың ұлттық “Арқан тартыс”, “Қыз қуу”, “Білектесу”, “Сақина тастау” ойындарындағы оқушылар мен ата-аналардың тартысы бір серпілтіп тастады.

Анар Сыздықованың жетекшілігіндегі 5-сынып оқушыларының “Азан шақыру” дәстүрі және “Күн мен түннің” теңелуіне арналған танымдық көрінісі мазмұндылығымен ерекшеленді.

Әжелеріміз наурызкөже жасаудың жолын көрсетіп, одан дәм татқызуы мерекелік сәтті түрлендіріп жіберді.

Әр ұлт өкілдерінің басын қосқан мектебімізде ұйымдастырылған шара оқушылардың ұйымшылдығын көрсетумен қатар, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл ата-аналардың пікірінен, ақ тілектерінен көрініп-ақ тұрды. Наурыз мерекесінде ұлттық салт-дәстүр көрсетіліп қана қоймай, барша жұрт ұлттық тағамдармен танысып, дастарқаннан дәм татты.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp