Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ішкі істер органдарының ардагерлері мен полиция қызметкерлері үшін қалалық Мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті.
Бұл шараны полицейлер өз күшімен ұйымдастырды. Шығармашылық жетекшісі – Дидар Малаев.
Солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлерінің өнері барша елімізге аян. Олар бір емес, бірнеше мәрте Ішкі істер министрлігі жүйесінде жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болған.
Концерттің құрметті қонағы ретінде облыс әкімі Самат Ескендіров, СҚО Ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов, ардагерлер мен қызметкерлер қатысты.
Шығармашылық топ жалпы 19 нөмір көрсетті. Әскери жылдарға арналған папурри, “Қазақ полициясы”, “Полиция – 102” сияқты патриоттық тақырыптағы көптеген әндер шырқалды. Арнайы бөлім шабуыл жасау мен қорғаныс мүмкіндіктерін көрсетті.
Бүгінгі таңда өңіріміздегі ішкі істер органдарында 2 мыңнан астам полицей қызмет етеді. Оның ішінде 20-дай ұлттың өкілдері бар.
Жыл сайын Наурызда шығармашылық топ қызметтестері алдында концерт қоюды дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар, олар Алматыдағы әріптестерімен шығармашылық байланыс орнатып, концерттік бағдарламамен барып қайтады екен. Осы жолы да олар игі дәстүрден жаңылмай, концерт аяқталысымен оңтүстіктегі “мәдени астанаға” жол жүріп кетті. Жұрттың амандығы мен елдің тыныштығын қорғап жүрген полицейлер Жаңа жылды осылай қарсы алды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.