Зәуре БЕКТАСОВА,
№2 Преснов орта мектебінің директоры.
Бауыржан Момышұлы айтқандай: “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді”. Міне, дәл осылайша ұл-қызға тәрбие беріп жүрген ұстазымыз – №2 Преснов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айнагүл Әбішева.
Ол еңбек жолын Жамбыл ауданындағы №2 Благовещенка орта мектебінен бастап, Майбалық орта мектебінде жалғастырған. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап, шәкірттеріне заман талабына сай білім беру жолында аянбай тер төгіп жүр. “Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” жобасын терең меңгеру бағытында оқу курсына қатысып, бірнеше жылдан бері оны өз тәжірибесінде іске асыруда. Өз сабақтарында ақпараттық технологияларды кеңінен пайдаланады. Шығармашылық еңбегінің арқасында үйретуші-тәлімгер, білікті маман, шебер ұстаз деңгейіне көтерілді. Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат жанынан ашылған ғылыми зертхананың мүшесі болып отырғандығы – осының бір дәлелі. Ұстаз еңбегінің нәтижесі түрлі марапаттаулармен бағалануда. Айнагүл Ахметжанқызы облыстық “Жүзден жүйрік” байқауында жүлделі ІІ орынға ие болды.
Оқушылары Ақбота Киікбаева мен Жанаргүл Мәдиева аудандық “Жарқын болашақ” олимпиадасының “Жас ғалымдар” аталымында І орынды иеленіп, облыстық олимпиадаға жолдама алды. “Тілші-әдебиетші” аталымында Бекзат Байжұманов ІІ орынға ие болса, пәндер олимпиадасынан оқушысы Ақбота Киікбаева ІІІ орынды иеленді. Дәстүрлі Абай, Мағжан, Махамбет оқуларынан, шығармалар байқауынан да оқушылары жүлделі орындарды иеленіп жүр. Өткен жылы оқушысы Гүлнәр Аманжолова ХІІІ облыстық Абай оқуының “Көңілім әнді ұғады” аталымында белсенділік танытып, Абай мен Шәкәрімнің әндерін нақышына келтіре орындап, облыстық байқауға қатысып қайтты.
Ұстаз аудандық, облыстық конференцияларда өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, әріптестерінің алғысына бөленіп жүр. Жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдығына арналған “Ғ.Мүсірепов – көркемсөз зергері” атты өңірлік ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Сондай-ақ Ғ. Мүсіреповтің 110 жылдық және С.Шаймерденовтің 90 жылдық мерейтойларына арналған “Ойы кемел, қаламы шебер” атты жинаққа ұстаздың еңбегі енді. Сонымен қатар мерзімді басылымдарға мақалаларын жариялап отырады, сабақ үлгілері де облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Домбыра тартып, ән айтады, шабыты келгенде өлең жазады. Ауданымыздың Мәдениет үйіндегі “Мерей” ансамблінің мүшесі.
Ұстаздың аялы алақанынан ұшқан шәкірттері қоғамнан өз орнын тауып, еліне елеулі, халқына қалаулы еңбек етіп жүр. Оның ізін басып, ұстаздық жолды таңдаған оқушысы Ботагөз Тауқұдіретова қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, магистратурада оқып жүр. “Ұстаздан шәкірт озар” дегендей, шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз.
Айнагүл Ахметжанқызының бойындағы қайраттылық, өмірге деген талпыныс, жүрегіндегі кеңдік, өмірге деген қызығушылығы, мақсатына жетудегі еңбектенуі мен ізденісі кімге болса да үлгі боларлық.
Жамбыл ауданы.