«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАҚАТ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

25 наурыз, Петропавл қаласындағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында Қазақстан эстрадасының жұлдызды жұбы Қыдырәлі мен Қарақат қызылжарлықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазақ өнерінің дамуына 20 жылдан астам маңдай терін аянбай төккен, елімізде продюсерліктің негізін қалаған Қыдырәлі Болманов туындыларын әлем тамсана тыңдайтын “Ұлытау” тобымен бірге Қызылжарда жуықта ғана болып, тамаша концертін беріп кеткені ел есінде. Енді, міне, ат ізін суытпай олар жергілікті өнерсүйер қауыммен қайта қауышты. Осы жолы жұлдыздардың “Солтүстік қақпаға” ат басын бұруына қалалық әкімдік ұйытқы болды. Бұл қалалықтар және қала қонақтарына деген жаңажылдық тарту іспетті.

 

Концерттің шымылдығын жергілікті халық жақсы танитын Біржан Жалғасбаев пен Самал Тәшімова ашты. Мұхтар Әуезовтің “Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме” деген афоризмін кеш жүргізушісі “Қызылжарға барсаң, бишімін деме” деген тіркеспен толықтырды. Онысы рас, біздің өңірде еліміздегі ең мықты хореографтар жиналған. Соның бір айғағы ретінде ел алдында “Әдем-ау”-дың “әдемі қыздары” мың бұралып, билеп берді. Жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсеткен Ақтілек Балқыбекова “Үш Меркі” әнін аспанға әуелетті.

Көп күттірмей сахнаға “Елге сәлем” әнімен Қарақат Әбілдина шықты. Әйгілі әншімен бірге бишілер де залға түсіп, көрермендерге кәмпиттен шашу шашты. Дүйім ел сүйіп тыңдап, жаттап алған әндерін Қарақатқа қосыла шырқап отырды.

“Біз Сіздермен бақыттымыз!” – деген Қыдырәлі бірде өзі жалғыз, бірде жұбайымен бірге ән шырқап, халықтың көңілін баурап алды. Жұлдызды жұп киелі Қызылжар сахнасында “Жүрегіңнен сенің айналдым” атты жаңа әндерінің тұсауын кесті. 80-ші жылдардың хиты болған, “Modern talking”-ның “You my heart, you my soul” әнін орындап берді. “Ұлттық рухты бала кезден дамыту керек” деп есептейтін Қыдырәлі қазақша сөйлейтін “Бал-бала” ойыншықтарының жаңашылдықтарымен таныстырды.

Концерттің басын шашу шашып бастаған Қарақат соңын да ұлттық дәстүрмен аяқтады. Естелікке суретке түсіп, қолтаңбасын алып жүрген жанкүйерлерінің ішінде анасының өтініші бойынша Қарақат дүйім елдің алдында ала жіппен байлап, Айша деген кішкентай қыздың тұсауын кесіп, енді ғана басталып жатқан өміріне ақ жол тіледі. Айшаның анасы Мөлдір болса: “Бір арманымыз орындалды, енді қызым Қарақат апайы сияқты өнердің өрінде жүзген елге танымал азамат болса екен деп Жаратқаннан мың мәрте тілеймін”, – деді. Жұлдыздарға қарапайымдылық жарасады екен. Енді қызылжарлықтар Қарақат пен Қыдырәліні келесі келгенше, оларды сағына күтетін болды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp