«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЯЛМЕН ҚАНАТТАНҒАН жас суретшілер әлеммен сырласады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

… Қиял деген құдірет адам ақыл-ойынан да тысқары әлемге қас пен көздің арасында апарып-қайтатын ғаламат күш-қуат екенін кім білмейді? Әсіресе, бала қиялы осындай. Мұны балалар салған суреттерден бәрінен бұрын аңғарасың. Қаладағы көркем- өнер лицейінің қабырғаларына ілінген суреттерге көз сала тұрып, бала қиялына қалайша ілесіп кеткеніңді сезбей де қаласың. Өйткені, балалар салған суреттерде пәктік, кәусар бұлақтай таза сезім атойлап тұрады.

Тақырыптары әр алуан. Мысалы, біз күнде көретін даңғайыр даланың өзін бір бала алып айдынға ұқсатып, оның қырында шапқылап жүрген пырақ – Пегасқа айналып кеткен. Қанатты тұлпар. Аспан мен жер – бала қиялының апогейі. Балалар, әдетте, ғарыш әлеміне құмар.

 

Қиял мен ғарыш демекші, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта тұсында бұрынғы Кеңес Одағы кинематографында таңғаларлық жетістікке жеткен “Москва – Кассиопея” көркем фильмі алты бірдей жүлде иеленіп, оның төртеуі Халықаралық кинофестивальдарда жеңіп алынып еді. Бұл жетістік туралы 1974 жылы Кеңес Одағының барлық дерлік газеттері дуылдата жазып, оны түсірушілермен сұхбаттар жарияланғаны есімнен шыға қойған жоқ. Басты рөлдердің бірінде атақты әртіс Иннокентий Смоктуновский ойнағаны да жадымда.

Фильмнің режиссері Ричард Викторов 1973 жылы осы лентаны түсіруді қолға алғанда мектептердің бірінің қабырғасында оқушы баланың ғарыш туралы суретін көріп, ойланып қалады. Сурет “Кассиопея” деп аталыпты. “Мен сценарийді сол баланың суреті бойынша жазып едім. Маған бала қиялы керемет әсер етті!” – депті Р. Викторов. Ал аспан әлемінің Солтүстік жарты шарының “Кассиопея” шоқжұлдызы Ресей аумағында көзге жақсы шалынады. Бала қиялы осы шоқжұлдыздан хабар алдырады.

Қаламыздағы көркемөнер лицейінің қабырғасындағы “Ғарыш және мен” деген тақырыптағы сурет мені осындай бір қиял әлеміне жетелеп әкетті де, балалар өмірінен түсірілген жүлдегер фильмнің желісіне бір сәт бойлатып жіберді.

– Біз бала қиялын ешқашанда шектемеуге тиіспіз. Егер оған нұсқау беріп, “Бұлай сал. Мынау дұрыс емес!” деп өз ойталғамыңа бұрсаң, баланың қиялына бөгет жасайсың. Жақсы нәрсе қиялдай білуден туады. Бала тақырыпты өзі іздеп табуы керек, – деді осындағы суретші-ұстаз Ольга Сушкова.

Оның осылайша пайымдауымен келіспеу қиын. Өйткені, Ольга Михайловна композициядан дәріс береді. Сурет өнерінің ең қиын саласының бірі – осы композиция. Қиялдың қайнары осы жанрда. Әлгі “Ғарыш және мен” деген тақырыпта әйгілі жерлес ғарышкерлеріміз Владимир Шаталовтың, Александр Викторенконың, отандастарымыз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың суреттерін салса, бұлар портрет жанрына айналып, күнде көріп жүрген суреттер көз тартпас еді.

О. Сушкованың облыс орталығындағы өнер колледжін тамамдағанына небәрі төрт жыл өтіпті. Жастайынан осы сурет өнері өзегін жарған жас дарын өзі де бала қиялына еріп, ұйықтап та, оянып та жүріп, қылқаламға ерік берген күндерін еске алады.

Колледжді тамамдаған соң көркем лицейге келгенде жиырмадан енді ғана асқан ұстаз балдырғандар мен жеткіншектерді күні кешегі өзіндей көреді. Осылардың ішінен жас дарындарды ұшыруға бел байлаған Ольга Михайловна аталған композиция пәнін оқытуды қалап алады.

– Мен болашағынан үміт күттіретін бірнеше жас шәкірттеріммен мақтана аламын, – дейді ол. – Мысалы, Мария Баштанникова, Алиса Бутенко, Анастасия Ярышева жайлы осыны айтар едім.

Ал ұстаз бәрінен де Дарина Ғабдуллинаны мақтан етеді. Оның бұл шәкірті 2012 жылдың 21 желтоқсанында жас суретшілердің Астанада өткен Халықаралық конкурсында “Туған жерім” суреті үшін екінші дәрежелі диплом еншіледі.

Дарина Аққайың ауданының Смирново ауылында туған екен. Қазір Петропавлдағы №6 Қожаберген жырау атындағы қазақ орта мектебінің сегізінші сыныбында оқиды.

Оқытушы жас суретшінің қиялының ұшқырлығын, оны өмір ақиқатымен ұштастыра алу қабілетін аңғарған. Тек оның осы қиялдағы көріністерді өмір шындығымен айғақтауына жәрдем берген.

Он бес жасар Д.Ғабдуллина лицейдің сурет бойынша екінші сыныбында оқиды. Ол О. Сушкованың композиция сыныбындағы он екі баланың бірі ғана. Жоғарыда айтқанымыздай, өзге де дарынды жас суретшілер бар. Бұлардың бәрі өзге ұстаздардан сурет өнерінің портрет, живопись, графика және басқа жанрлары бойынша дәріс алады. Мұндай ұстаздар жас суретшілерді О. Сушкова тәрізді өздерінің ыңғайындағы сабақтар бойынша оқытады.

– Көркемдікті тану оңай емес. Оны бойға жас басынан дарыту, тіпті де қиын. Алайда, дарынды балалар осы бір ғажайып әлемге бойлап келеді. Сол арқылы көркемдікті қылқаламмен бейнелеуге талпынады, – дейді жас ұстаз.

Балалар салған суреттерді көргенде жас қиялмен қанаттанған олардың әлеммен сырласуын ұққандай боласың.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp