«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ Қызылжарда кеңінен аталып өтілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Күн мен түннің теңелген кезінде көктемнің шуағын сыйлауға асыққан Наурыз мерекесі Қызылжар өңіріне де келіп жетті. Табиғаттың осынау бір жасыл желекке бөлейтін шағы бүкіл түркі әлемі үшін Жаңа жыл саналады. Наурызнама тарихын зерттеушілер бұл қайталанбас сәтті тойлау шамамен осыдан 5 мың жыл бұрын басталған дегенді айтады. Қалай десек те, Наурыз мейрамының жаңаша сипат алып, елімізде кең көлемде атала бастағанына ширек ғасырдай уақыт болды. 1991 жылғы 15 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы туралы” Жарлық шығарып, өзіміздің төл Жаңа жылымызды заңдастырып берді. Міне, содан бері әз Наурыз бүкілхалықтық мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.


 

 

Биылғы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау облыс орталығындағы “Достық үйінің” алдынан бастау алды. Осының өзі Қызылжар өңірінің бүкіл тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін танытқандай еді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері Наурыз мейрамы қонақтарына ұлттық тағамдарынан дәм татырып, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне сай әуелеген ән мен күйден, мың бұралған биден шашу шашты, қолданбалы өнер туындыларын жұрт назарына ұсынды. Онда жеті түрлі тағамнан әзірленген наурызкөже де, қазаннан жаңа ғана түскен бауырсақ та, палау да, кәуап та, он саусағынан өнер тамған хас шеберлердің қолданбалы өнер туындылары да, кәдесыйлары да болды.

Облыстық ведомстволар мен ұйымдардың қалалық әкімдік ғимараты алдына тіккен киіз үйлерінің салтанаты да ерекше, ал “Артель” дүкенінің жергілікті ағаштан жасалған зеңбірек, орындық, көпір сияқты сан түрлі мүсіндері жұрт назарын өзіне аударарлықтай етіп қойылды.

Бұл күні осы жердегі ашық сахнада қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті, “Арт-Думан.kz” сияқты топтар мерекені әсем әндерімен әуелете түсті.

Ең негізгі сән-салтанат пен мәдени шара М.Жұмабаев көшесінде бой түзеді. Оған облысымыздың барлық аудандары қатысты. К.Сүтішев көшесінен Интернационал көшесіне дейін шағын ауыл түрінде тігілген киіз үйлердің безендірілуі аудандардың айтулы мерекеге қандай әзірлікпен келгенін танытқандай болды.

Қыстың соңғы салқыны мен теріскейден соққан желін елеп жатқан жан көрінбейді. Иін тірескен адамда есеп жоқ.

Мерекені С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының артистері “Әз Наурыз” қойылымымен ашты, “Қызыр ата” бата берді.

Қызылжарлықтар мен қала қонақтарын облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады:

– Наурыздың жаңғыру тарихы – біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы. Бұл кезең қазақстандықтар үшін Мемлекет басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктерге және жаңаруға байланысты. Біздің жерімізде саммиттер мен ең жоғары деңгейде кездесулер өткізіледі. Елордамыз – Астана дүниежүзілік деңгейдегі маңызды оқиға – “ЭКСПО – 2017” халықаралық жәрмеңкесін өткізуге жан-жақты әзірлену үстінде.

Наурыз мейрамы Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәстүрлі түрде тойланады. Оның біріктіргіш күші – көпұлтты Қазақстанның бай рухани әлемінің негізі және елдегі саяси тұрақтылықтың кепілі болып табылады, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы облыстағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бір шаңырақтың астында салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсететіндігін, дастарқандарының дәстүрлі тағамдарға толы, көңілдерінің жайлы, өмірлерінің мазмұнды екенін, жер-жерде халықтық серуендер, байқаулар мен спорт жарыстары өтетіндігін, сөйтіп солтүстікқазақстандықтар бір-бірімен жан жылуымен бөлісетіндігіне тоқталды. Өңір басшысының айтуына қарағанда, дәл бүгінгі күні облыстың үздік шығармашылық ұжымдары Астанадағы мерекелік шараларға қатысуда. Қоғамдық ұйымдар мен жекелеген кәсіпкер-меценаттардың қайырымдылық қызметтері жоғары бағалауға тұрарлықтай. Петропавл қаласы әкімдігінің халықтық асар дәстүрі негізінде өткізген сенбілігі мен жасотандықтардың “Ардагерлерді ардақтайық!” акциясы жеке секторларда тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, мүгедектер мен тыл еңбеккерлеріне аулаларын қардан тазартуға және суағарларды аршуға зор көмек болды. Барлық солтүстікқазақстандықтар бұл күндері ежелгі Наурыз мейрамын мерекелік шаралармен ғана емес, осындай игілікті істермен де атап өтіп отыр. Сөзінің соңында Самат Ескендіров:

– Бүгінгі күні еліміз Тәуелсіздіктің 21 жылдығын атай отырып, өз дамуының жаңа кезеңіне өтті. Ауқымды “Қазақстан – 2050” Стратегиясы жария етілді. Ел Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға жаңа ауқымды міндеттер қойды. Біз әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуге, экономикасы мен жалпыға ортақ еңбек мүмкіндігі қарыштаған күшті мемлекет ретінде құт дарыған қоғам құруға тиіспіз. Оған қол жеткізуге солтүстікқазақстандықтардың да қомақты үлес қосатындығына сенімдімін,– дей келіп, жерлестерін Наурыз мейрамымен құттықтады, отбасыларына мықты денсаулық, бақыт, жақсылық пен амандық-саулық тіледі.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі Самат Ескендіров, ҚР Парламентінің депутаттары Анатолий Башмаков пен Абай Тасболатов көшені бойлай тігілген киіз үйлерді аралап, наурызкөжеден дәм татты.

Осы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған қазылар алқасы киіз үйлер мен ұлттық тағамдар байқауының қорытындысын жария етті. “Үздік наурызкөже” аталымында – Уәлиханов, “Үздік бауырсақ” аталымында – Қызылжар, “Үздік құймақ” аталымында Есіл аудандары жеңімпаздар деп танылды. Киіз үйлер байқауының бас жүлдесін Ақжар ауданы қанжығасына байлады. Бірінші орын – Жамбыл, екінші орын – Айыртау, үшінші орын Тайынша аудандарының еншісіне бұйырды.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp