«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өрісі кеңейген “ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шаңырақ көтергеніне биыл алты жыл толғалы отырған қазақ мектеп-гимназиясында бүгінгі күні бүкіл өңірімізге өнеге тұтарлық “Өнер орталығы” жұмыс істейді.

Оған белгілі әнші, Дәмеш Құрманкина жетекшілік етеді. Ол осы оқу орнына ауысқан соң бір кездескен сәтте:

– Жаңа мектепке қызметке кірдім. Көздеп жүрген ой-мүдделерім бар. Ұлттық өнерді өрлететін ертеңгі ұрпақты баулығым келеді. “Уызға жарымаған ұрпақ өскелең болмайды” дегенді ұлы Ғабит Мүсіреповтен естіп едім. Рас қой. Жасынан өнер қонбаған бала ел танымайды, ұлттың ұлы тұлғаларын білмейді. Біздің ұлттық өнеріміз алтын қазына емес пе?! – деген еді.

Бұл оның қызылсөз үшін айта салған лебізі еместігіне кейін көзім жете бастады. Қандай бір үлкен салтанаттарда, той-думандарда Дәмештің өзі ғана емес, ол баулып жүрген балауса өнерпаздар да сахнаға жиі-жиі шығатын болды.

 

Мектеп басшылығының қолдау көрсетуімен құрылған “Өнер орталығы” оқушылар мен ұстаздардың мақсат бірлігінің жемісі десем, артық емес. Мұнда би, бейнелеу өнері, ән топтары тонның ішкі бауындай араласып, үлкен мәдени ордаға айналған. Тіпті, Дәмеш Сапарқызының басқаруымен драма үйірмесі құрылып, оған қатысатын оқушылар мен ұстаздар жерлес жазушы Жақсыбай Самраттың “Бітеу жара” романы бойынша жазылған пьесаны сахнаға шығарғаны да жадымда.

“Өнер орталығындағы” бимен әуестенушілер жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініпті. Олар өнердің осы бір ғажайып түрінің кәсіби білгірі, танымал хореограф, облыстық филармония жанындағы бишілер ансамбліне жетекшілік ететін Михаил Лахтин мен оның зайыбы Ольга Геннадьевнадан дәріс алады.

Ал бейнелеу өнері үйірмесінде таңдаулы он бес оқушы суреттің әр жанрлары бойынша қылқалам құдіретіне бойлап, талпыныс танытуда. Оларға арнайы білім игерген ұстаз Меңсұлу Оқасова жетекшілік етеді. Оқушылардың туындылары мектеп ішіндегі көрнекті жерлерге орналастырылып, шәкірттердің өздерінің және олардың ата-аналарының назарына ұсынылады.

“Өнер орталығының” ән және ұлт аспаптары бөлімі – ең үлкені. Оның құрамында үш домбыра, қобыз, ән-терме, гитара, баян, фортепьяно үйірмелері, “Әуен” вокалды-аспапты ансамблі жұмыс істейді. Ал екі ұстаз, он тоғыз оқушы қатысатын “Мұрагер” ұлт аспаптары оркестрі – орталықтың ғана емес, бүкіл мектептің мақтанышы. Оның жұмысын облысымызға белгілі әнші-термеші Амангелді Рамазанов үйлестіріп отырса, домбырашылардың кіші ансамблін Замира Оспанова баулиды.

Бір есте жүрерлігі – 2011 жылы осында оқушылардың “Мағжан оқуы” атты республикалық өлең және өнер байқауы өткенде мектеп-гимназия шәкірттерінің қойған концертінен үлкен әсер алған еліміздің түкпір-түкпірінен келген балаларды бастап әкелген ұстаздар, мектеп басшылары “Үлгі аларлық игілікті іс екен” деп, таңдай қағып аттанғаны. Мұндай игілікті істерге мектеп директоры Гүлжан Жақанованың бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отыруы, айтпаса да түсінікті.

Дәмеш Сапарқызы осы үшінші – музыка бөлімінің де тізгінін қолға алған. Бәрін қоса айтқанда, орталықта он жеті музыка маманы еңбек етеді. Бәрінің де арнайы және орта музыкалық білімі бар.

Орталықтың соңғы жылдардағы бір жаңалығы – онда ер балалардың “Серілер” вокал тобының құрылуы. Оның құрамында алты оқушы сахнаға шығады. Бұл өнерпаз балаларды кейде “Алты сері” деп те атайтын болыпты.

– Мектепте ән айтып, өнер көрсететін оқушылардың ішінде ер балалар аз екенін аңғардым. Үйірмелерге олар неліктен қатыспай, сырт қалады деген ойға берілдім де, ән айтуға қабілеті барларын іздестіре бастадым. Бақсам, ондай балалар бар екен. Сондықтан 2011 жылы “Серілер” деп айдар тағып, талантты әнші ер балалар тобын құрдым, – дейді Дәмеш Құрманкина.

Содан былайғы жерде “Серілер” тобы жұртшылыққа танылып, оларды концерттерге арнайы шақыру жиілей түсіпті. Мәселен, Мұхаммед пайғамбарды ұлықтауға арналған “Мәуліт” мерекесінде “Қызылжар” мешітінің қалауымен бұл балалар ұстазымен бірге Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында “Аллаға салауат” әнін шырқап, жұртшылықтың алғысына кенелгенін өзім көрдім. Жақында университетте өткен “Қазақстан барысының” іріктеу жарысында да өнер көрсетті. 6 наурызда қала әкімінің Халықаралық әйелдер күніне арналған концертінде аналары мен әпке-қарындастарына тарту жасады.

– Мен баламның бойына өнер қонғанына, әрине, қуанамын. Тіпті, мақтан етемін. Ал ең бастысы – оның көшенің ықпалына түспей, бос уақытын өнер мен спортқа бөлетініне ризамын. Ол осы “Серілер” тобы құрылған күннен бері үйірмеге қатысып, бірнеше рет сахнаға шықты, – дейді алтыншы сыныпта оқитын Нұржан Сейілханның анасы Залина Нұрғалиева.

Анасы айтса айтқандай, Нұржан ән салумен ғана шектелмей, каратэмен де шұғылданады екен.

Қазақ-мектеп гимназиясы оқушыларының қарым-қабілетіне көз жеткізіп, олардың көрсеткен өнерлеріне қаныққан сайын риза болып аттанам. Сондай әр сәт сайын оқушылардың бойына ұлттық өнердің нәрін дарытып жүрген мектеп ұстаздарына, әсіресе, осыған бастамашы болған Дәмеш Құрманкинаның еңбегіне көңілім толып қайтамын.

“Ұлт пен ұрпақ – егіз ұғым. Өскелең ұрпақ ұлттық өнермен өркендейді”, – деген Дәмештің сөзі көкейіме қонады.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp