«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-АНАЛАРДАН АҚША ЖИНАУДЫ ТЫЙҒАН ЖӨН Бұл – облыс әкімінің білім саласы басшыларына қойған талабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәсел елері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш отырыста есеп берген облыстық Білім басқармасының бастығы Нұрболат Бикеновтің айтуынша, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жоспарлы түрде өткізілуде. Өз жұмыстарына жан-жақты мониторинг жасап отыратындықтарын жеткізген басқарма бастығы білім саласындағы құқық бұзушылық мемлекеттік сатып алу мен қаржыландыру операцияларынан кеткен қателіктерден орын алатындығын айтты. Соңғы үш жылда білім саласында сыбайлас жемқорлықтың фактілері азайған көрінеді. Мәселен, 2010 жылы осындай 44 құқық бұзушылық орын алса, 2012 жылы бұл көрсеткіш – 14. Дені – уақытында декларация тапсырмағандар. Білім беру ұйымдары басшыларының мұндай олқылықтарға жол беруі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша түрлі шараларды өткізіп жатқан Білім басқармасының бұл жұмысының тиімсіздігі деген облыс әкімі Самат Ескендіров осы күнге дейін мектептердің ата-аналардан ақша жинайтындығы тыйылмай келе жатқандығына тоқталды.

 

– Облыс бюджетінің 60 пайызы білім саласына жұмсалады. Соңғы бес жылда аталмыш саланы қаржыландыру көлемі екі есе ұлғайды. Білім беру ұйымдарының ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша да қыруар қаржы тартылды. Алайда, ата-аналардан ақша жинау әлі де тыйылмай келеді, – деген облыс әкімі басқарма бастығынан оның себебін сұрады. Өйткені, Білім басқармасы бюджеттік емес қаржыны тартуда нормативтік-құқықтық базаның сақталуына білім беру ұйымдарының басшылары тікелей жауапты екендігі жөнінде бұйрық берген көрінеді. Осы орайда бұл ата-аналардың “Өз еріктерімен жасайтын демеушілігіне қатысты бұйрық” дегенді тілге тиек еткен Нұрболат Бикенов елімізде бұл бұйрыққа негіз болатындай нақты нормативтік-құқықтық база жоқ екендігін де мойындады. Сол себепті Самат Ескендіров ата-аналардан жаппай ақша жинауды мүлдем тыюды тапсырды.

– Ата-аналардан әртүрлі желеумен ақша жинауды тоқтату керек. Ал демеушілік жасаймын деген кәсіпкерлер болса, олар мектептерге қажет нақты бір жұмысты атқарып, жәрдемдескені жөн, – деді Самат Сапарбекұлы. Сондай-ақ облыс әкімі шалғайдағы шағын ауылдарда мектеп басшылығы техникалық қызметкерлер ретінде өз туыстарын жұмысқа алатындығын да сынады.

– Мектеп – ауылдың тірегі. Ал оның директоры ауылдық округ әкімімен бірлесіп, елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуы қажет. Яғни, халықтың әлжуаз топтарын, аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтуға мүдделі болғаны жөн, – деді Самат Ескендіров.

Аталмыш мәселелер төңірегінде өңір басшысы отырысқа қатысып отырған қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің бастықтарынан да мән-жайды сұрады. Олардың көпшілігі өздерінде ешқандай құқық бұзушылық оқиғасы орын алған жоқ, деді. Алайда, қаржы полициясының өкілі соңғы 3 жылда 18 сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелгендігін айтты. Мұндай оқиғалар Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Есіл аудандарындағы Білім басқармасына тікелей қарайтын оқу орындарында тіркелген. Облыс әкімі қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда тиімді жұмыс істеуді тапсырды.

– Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығы білім сапасымен бір деңгейде. Осы орайда тұрғындардың білім саласында құқық бұзушылық бар деген көзқарасын жойып, қоғамның жұмыстарыңызға шағымы болмауы қажет. Бұл жағдайда білім бөлімдерінің бастықтары, мектеп директорлары қоғамға өз жұмыстарыңыздың жариялылығын көрсете білулеріңіз керек, – деді.

Отырыста Петропавл қаласы мен Тимирязев ауданында жергілікті атқарушы органдарының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмысы да қаралды.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, тұрғын үйлерді бөлу мен жер қатынастары саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін әкімдік “Бір терезе” үлгісімен жұмыс істеуге көшкен. Бұл тұрғындардың мәселелерін уақытында шешуге айтарлықтай септігін тигізген. Алайда, әділет департаментінің бастығы Ернар Сейдімбеков халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) тиесілі жұмысты әкімдіктің атқаруы бекітілген талапқа сай емес. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмау үшін жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар тікелей жұмыс істемеуі қажет, деді. Осы орайда облыс әкімі Самат Ескендіров қала басшысы мен әділет департаментінің бастығына бұл мәселені ақылдаса шешуді тапсырды. Ал өз ауданындағы жағдаймен таныстырған Тимирязев ауданының әкімі Қайрат Қасеновке облыс әкімі “бармақ бастылық, көз қыстылық” жиі орын алатын ауыл шаруашылығы, жер қатынастары сияқты салаларда сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын күшейтуді міндеттеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp