«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛҒАН ҚОҢЫРАУ ШАЛҒАН БОЙЖЕТКЕН ҰСТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстікқазақстандық полицейлер Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылындағы наубайхана маңында мәйіт жатқандығы туралы хабарлаған белгісіз әйелді анықтады. Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында мәйіт табылмады.  

Араға жарты сағат салып, өзін Мәдина деп таныстырған дәл сол дауыс “А 7” мейрамханасында қопарғыш қондырғы орналасқанын хабарлады. Абырой болғанда, хабарлама жалған болып шықты. ІІД жедел кезекшілігі дабыл бойынша ІІД басшылығы мен басқа да құқық қорғау қызметтерін көтерді. Оқиға орнына жол полициясы экипажы, жедел-іздестіру тобы, кинология және басқа да қызметтер жіберілді. Күтпеген оқиғадан жайсыз жағдай тудырмас үшін жобаланған оқиға орнын сыртқы қызметтердің күшімен қоршау туралы шешім қабылданды. 6 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

 

ІІД қызметкерлерінің күшімен мейрамхана аумағы техникалық құралдар және қызметтік-іздестіру иттерін пайдалану арқылы мұқият тексеріліп шықты. Ешқандай жарылғыш құрылғылары немесе оған ұқсас заттар табылмады. Санаулы уақыттан соң ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің кешенді жалпы және арнайы жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Буденное ауылының 21 жастағы әйелі ұсталды. Полицияға басқа біреудің атын жамылып, қоңырау шалған бойжеткеннен заттай айғақ ретінде қоңырау шалған ұялы телефоны және 2 симкартасы тәркіленді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 242-бабы (Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабар беру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұған дейін облыстық ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасы қызметкерлері кешенді жалпы және арнайы жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Көкшетаудың “Жедел жәрдем” стансасында жарылғыш қондырғы орнатылғандығы туралы полицияға қоңырау шалған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Урожайное ауылының мектеп оқушысын анықтаған болатын. Анықталғандай, үзіліс уақытында ерігіп отырған 7-сынып оқушыларының бірі жарылғыш қондырғы туралы полицияға хабарлаған.

Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша материалдар жиналып, ҚР ҚК-тің 242-бабы бойынша (“Терроризм актісі” туралы жалған хабарлама беру) тергеу амалдарын жүргізуге Ақмола облысының ІІД-не жөнелтілді.

Өткен жылы жалған хабар таратудың 2 фактісі тіркеліп, қылмыстардың барлығы ізін суытпай ашылды. Жыл басынан бері облыста 3 қоңырау тіркелген.

Айта кетейік, былтырдан бері мұндай телефон терроризмі үшін заң жүзінде жауапкершілік күшейтілген. “Бомба қойылды” деп жалған қоңырау шалып, елді дүрліктіргендер қатаң жауапқа тартылып, кінәлілер 200-500 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

СҚО ІІД-нің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp