Жол полицейлері “Көлік керуені” акциясын ұйымдастырды. Жол ережелерін бұзбауға шақырған тәртіп сақшылары түрлі апаттан қираған көліктерді тиеп, қала көшелерімен жүріп өтті.
“Көлік керуені” жол апаттары жиі тіркелетін Жамбыл, Интернационал, Пушкин және басқа көшелермен бойлады. Эвакуаторларға тиелген көліктер қала тұрғындарының назарын бірден аудартты. Шараның басты мақсаты – көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жол ережесін сақтауды ескертіп, оны бұзу қандай апаттарға әкеліп соғатынын түсіндіру.
Шараға, сондай-ақ №23 орта мектептің жас инспекторлары да тартылды. Оқушылар кезекті демалысқа аттануы кезінде жол-көлік апаттарының неге әкеліп соғатынын білулері тиіс, сол себепті оларға арнайы парақшалар таратылды.
Жол полициясы “Құқықтық тәртіп” жедел-алдын алу шарасын өткізу нәтижесінде 296 заң бұзушылықты анықтаған. Соның 15-і – рульге мас күйде отыруға қатысты. Жыл басынан облыста 42 жол-көлік апаты тіркеліп, 12 адам қаза тапқан. 65 кісі түрлі дене жарақаттарын алған.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.