Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сейсенбі күні облыстық Әділет департаментінде заң қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, жеке кәсіпкерлер және болашақ заңгер студенттер зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған республикалық бейнеконференцияға қатысты. Оның жұмысына еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларындағы Ішкі істер министрлігінің өкілдері, қаржы полициясының, кедендік бақылау комитетінің, қоғамдық бірлестіктер және кәсіпкерлік бірлестіктер мен қауымдастықтар өкілдері атсалысты.
Жиынды ашқан Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бекет Әлиғожин өңірлермен бейнеконференция арқылы онлайн режімінде байланысып, өткен мерзімде атқарылған жұмыс қорытындысы, алда тұрған міндеттерді айтты. Конференцияда өткен жылдың қорытындысы туралы өкілетті органдардың есептері тыңдалды.
Бірінші кезеңде мемлекеттік өкілетті органдардың зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі жүргізілген жұмыстары мен атқарған шаралары туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитетінің авторлық және бір-бірімен байланысты құқықтар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөніндегі басқармасының бастығы Гүлнар Кәкеннің хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2012 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген тексерулердің 25%-ында құқық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық та орын алған. Зияткерлік құқық бұзушылыққа қатысты 8 тұлға әкімшілік жазаға тартылған. Бұл фактілер бойынша “дөңгелек үстелдер”, семинарлар мен дәрістер өткізіліп, құқықтық түсінік жұмыстары жүргізілген.
– 2012 жылы жоспарланған 18 тексерістің 14-і орындалды. 31 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 2013 жылы 4 әкімшілік іс қозғалып, бір іс соттың қарауына берілді. Қазақ әндерін орындау бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктен авторлық құқық бұзушылықты тексеру жөнінде өтініш түсті. 5 өтініш бойынша тексеру жүргізілді, алайда құқық бұзушылық фактілері расталған жоқ. 2012 жылдың екінші жартысында Әділет департаменті мен Петропавл қаласы әкімдігінің арасында тыйым салынған өнімдерді сатуды қадағалау және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша меморандум жасалды. Бірлескен жұмыстың арқасында 58-ден астам заңсыз саудаланған контрафактік өнім анықталды. Тексеру барысында анықталған контрафактік өнімдер сараптамаға жолданды, – деді біздің облыстық Әділет департаменті бастығының орынбасары Гүлнара Қожахметова.
Бейнеконференция барысында қатысушылар өздерінің сұрақтарына жауаптар алды.