Үстіміздегі жылдың 5 ақпанында “Нұр Отан” партиясының, Ішкі істер министрлігінің және жастар ұйымдарының бастамасымен “STOPҚЫЛМЫС” республикалық науқаны басталған болатын. Науқан басталғалы еліміздің әр өңірінде апта сайын рейдтер өткізілуде. Осы орайда аталмыш науқанды Петропавл қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалының өкілдерімен бірігіп, жергілікті жерде де жүргізді. Шараға өңірлік ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Қазақстанда 2009 жылдың қазан айынан бастап, қоғамдық орындарда, солардың ішінде мектептерде, денсаулық сақтау, мұражай, қоғамдық тамақтандыру орындарында, кинотеатрларда, цирктерде, спорт залдарында темекі тартуға тыйым салынды, – деді жасөспірімдер жөніндегі учаскелік инспектор, полиция капитаны Мария Кузнецова. Әйтсе де, студенттер тыйым салынған жерлерде темекі шегуге әлі де құмар көрінеді. Әкімшілік кодекске сәйкес заңнаманы бұзғаны үшін жеке тұлғалар 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, егер бұл қылығын қайталаған болса, 2-5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Ал заңнама талаптары жұмыс беруші тарапынан бұзылатын болса, 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұлмен жазаланады.
Екі сағатқа созылған іс-шара барысында қала сақшылары орталық сапаржайда, “Береке” ықшамауданында және облыс орталығының бірнеше оқу орындарында болды. Гуманитарлық-техникалық колледждің дәлізінде темекіні будақтатып тұрған бірнеше жасөспірімнің үстінен түскен полицейлер жас өрендермен әңгіме жүргізіп, хаттама толтырды.
Рейд барысында қоғамдық орындарда темекі шегу бойынша 7 факті тіркелсе, оның 5-еуі – қала колледждерінің оқушылары, ал қалған 2-еуі – қоғамдық көліктердің жүргізушілері.