«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН САҚАСЫ” АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық театр күні С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өз деңгейінде аталып өтілді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Салтанатты шараға мұқановтықтар тыңғылықты дайындалған. Театр өнері жайында өлең шумақтарымен ашылған сахнаның шымылдығы көрермендерді театрдың сиқырлы әлеміне бойлай әкетті. Театр тарихында елеулі орын алған драматургтердің белгілі қойылымдарынан үзінділер көрсетілді. Ән мен биден шашу шашылды. Актриса Самал Тәшімованың орындауында “Гәкку” әні сахнада қайта шырқалды. Театрға биылғы жылы жаңадан қабылданған жас әртістер сомдаған көріністерді көрермендер жылы қабылдады.

Салтанатты шара мерекелік құттықтаумен жалғасын тапты. Театр ұжымын кәсіби мерекемен облыс әкімі Самат Ескендіровтің атынан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кемел Оспанов құттықтап, театр директоры Қуандық Қасымовқа халық фольклорының алтын жауһары – “Батырлар жыры” жинағын табыс етті.

 

Бірнеше жыл қатарынан мұқановтықтардың өзара дауыс беруі арқылы анықталатын “Алтын сақа” сыйлығы бұл жолы да театр қызметкерлерінің мерейін үстем етті. Алдымен осы жылдар ішінде театр өнеріне қосқан үлесі бар жас әртістер театр директорының Алғыс хатымен марапатталды. Олардың ішінде жас та болса, көрермендердің ықыласына бөленіп үлгерген Асылхан Разиев, Гүлназ Базарбаева, Дәрия Әбілмәжінова мен театрдың ең жас актері Айдос Рысхан бар. Әл-Фараби атындағы мектеплицейдің директоры Күлімкөз Смаилова жыл сайынғы “Алтын сақа” тәуелсіз театр сыйлығының “Театрдың тұрақты көрермені” аталымының иегері атанды.

Самал Тәшімова “Ең үздік актриса” аталымын еншісіне байлады. Театр ашылғалы бері сахнада басты рөлдерді сомдап жүрген Біржан Жалғасбаев “Ең үздік актер” атанды. “Көрерменнің көзайымы” бұл жолы актер Мұхамедәлі Испанов болды. “Ең үздік қойылым” аталымын Шараф Башпековтың “Шойын қатын” комедиясы жеңіп алды. Оның режиссері Баатырбек Шамбетов қойылымның көрермен көңілінен шыққанын театр репертуарында осы күнге дейін сахналанып келе жатқандығынан аңғару қиын емес дейді.

Қойылым сәтті шығуына жауапты өзге мамандар сахна сыртында қалатындығы жалған емес. Бұл жолы, олар да ұйымдастыру комитетінің назарынан тыс қалмады. “Ең үздік театр қызметкері” аудармашы-диктор Самал Емелева атанса, “Ең үздік шығармашыл қызметкер” атағын дыбыс режиссері Балғабай Ниязов иемденді. Әр қойылымға көрерменнің барынша көп жиналуын қамтамасыз ететін директордың көрермендер бойынша орынбасары Қамаш Рамазанова “Театр өнеріне қосқан үлесі үшін” аталымын жеңіп алды.

Салтанат соңында мұқановтықтарға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp