«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ВОЛОНТЕРЛЕР – ШЫНАЙЫ ЖАНАШЫР АДАМДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елена СКАКУНОВА,

облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің жанындағы “Волонтерлер клубының” төрайымы.

“Волонтер” сөзінің төркінінде адамның әлеуметтік маңыздағы мақсаттарға қол жеткізуге, қауымдастық мәселелерін шешуге бағытталған ақы төленбейтін, саналы, ерікті іс-қимыл әрекеттері ұғымы бар. Волонтерлік – ол бір жағынан игілікті іс-әрекет, ал басқа жағынан алдымен өзіңе жол ашу, тұлға болып қалыптасу, ол жастар арасындағы азаматтық төзімділік көрінісі. Облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің жанында 2007 жылдан бері біздің “Волонтерлер клубымыз” жұмыс істейді. Оған балалар тағдырына немқұрайды қарамайтын, балалардың көз жасы өз жүректерін ауыртатын жанашыр жандар біріккен.

 

Волонтерлік қозғалыстың бастамашысы – облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің адамның рухани жан дүниесін дамыту бөлімінің бастығы Ольга Черепанова. Ол клуб негізі қаланғаннан бері волонтерлер жұмысына жетекшілік етеді. “Волонтерлер клубында” ерікті түрде мектептер мен колледждер оқушылары және университет студенттері жұмыс істейді. Олар белсенді өмірлік ұстанымдағы жастар, қоғамға аз да болса пайдасын тигізуге ұмтылуда. “АДОН-Север”, “Мүмкіндіктері шектеулі балаларға үйлерінде әлеуметтік көмек көрсету бөлімі” ұйымдарының жұмысына араласады. Сол сияқты облыстық балалар ауруханасы, жасөспірімдердің бейімделу орталығы, Архангелка ауылындағы кәмелеттік жасқа толмаған балалар үйі және Соколовка ауылындағы ата-анасыз қалған жетім балалар мектеп-интернаты ұжымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Оларда волонтерлер тәрбиеленушілер үшін өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тапсырып, концерттер ұйымдастырады.

Волонтерлер айналысатын шаралар онымен ғана шектелмейді, өздерінің оқу орындарында кеңсе тауарларын, заттар мен ойыншықтар жинау жөнінде түрлі қайырымдылық шараларын өткізеді. Бүгінде “Волонтерлер клубына” медицина, кәсіптік-педагогикалық, М.Жұмабаев атындағы колледждердің оқушылары және СҚМУ-дағы “Джем” бірлестігінің студенттері қатысады. Сол сияқты волонтерлік қозғалыста қаладағы №8, №21, №40, “БЭСТ”, №10, №26 мектептерінің және Есіл, М.Жұмабаев, Жамбыл аудандары мектептерінің оқушылары ерекше белсенділік танытуда.

Рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент ақпан айының алғашқы онкүндігін “Ізгілік пен сүйіспеншілік” деп аталған рухани-адамгершілік тәрбиеге арнады. Медициналық колледждің волонтерлері Соколовка ауылының мектеп-интернатындағы ата-анасыз қалған жетім балаларға тегін фотосессия ұйымдастырды, ал кәсіптік-педагогикалық колледждің волонтерлері облыстық балалар ауруханасында концерт берді. Сондай-ақ мүгедектер орындығына таңылған екі қыз баланы қамқорлығына алған №40 мектептің оқушылары туралы да айта кетуге болады, мектеп волонтерлері олардың үйлеріне барып, демалыстарын ұйымдастырады және үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі.

Қайырымдылық мәселесіне қоғам назарын аудару үшін “Волонтерлер клубы” жыл сайын кең ауқымды акциялар өткізеді. Мысалы, “Көктемнің ізгілік аптасы” деп аталатын осындай бір игілікті шара аяқталғаннан кейін оның қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерін тарта отырып, баспасөз мәслихатын өткізу дәстүрге айналды. “Жеңіс мұрагерлері – жеңімпаздарға” акциясы аясында волонтерлер Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне көмек көрсетеді. Ал “Қамқорлық сәулесі” акциясы қазандағы Қарттар күнінде өтеді, онда волонтерлер егде жастағы адамдарға әртүрлі көмек жасайды, онда ең басты сыйлықтың жылы ниет пен ұмытпай көңіл бөлу екенін ұқтырады.

Волонтерлердің алдында алдын ала жоспарланып қойған ұзақ жылдың жұмыстары тұр, оның кестесінде саңылау табарлықтай жер болмаса да, ұжым болып қолдау табатын жаңа ойлар мен ұсыныстар енгізілмей қоймайды. Ал олардың көмегін күтетін балалар әрдайым табылады, жүргізілген шаралы істер қуаныш әкелсе, мұқтаж жандарға одан артық сый жоқ. Департамент жанында “Волонтерлер клубы” жұмыс істегеннен бері қанша игі істер жасалды, өмірдің ауыр жағдайындағы қанша балаға шарапаты тиді, өзгеден мейірім мен жылы сөз күткен қанша жарымжан жандарға күлкі мен көңіл сыйлағанын ешқандай санмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір осындай қамқорлыққа мұқтаж көптеген жандар волонтерлікті өз өмірлерінің ажырамас бөлігі санайды.

Волонтердің жұмысындағы ең бастысы – жүрегіне жылу беретін балалардың өз аузынан шыққан “рахмет” сөзін есту, одан көзге шын бақыт жасы келетін кездері де болады. Біреулер одан өзі бойындағы бейімділігін тауып, болашағын бағдарлайды, кейде таңдаған мамандығын әлеуметтік қызметкерлікке ауыстыратындар да кездеседі.

Волонтерлік – біреуге жақсылық сыйлай білетін өнер, қайырымды да пайдалы қызмет. Бүгінде өз қатарымызда мейірімді де жаны ізгі жандарды көбірек көргіміз келеді, “Волонтерлер клубы” есігі жаңадан қатарымызды толтыратын жүрегіне жылылық ұялаған жандарға әрдайым ашық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp