М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мұрындық болуымен “Этносаралық және кофессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі: тәжірибе және болашағы” тақырыбында өңірлік ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған облыстық ассамблея мүшелері, оқытушылар, жергілікті БАҚ өкілдері және студент жастар қатысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Іс-шараны ашқан СҚМУ-дің ғылыми істер жөніндегі проректоры Александр Тукачев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз”, – деп атап өткендігіне тоқталып, Қазақстанның еңселі елге, мәртебелі мемлекетке айналуы, оның болашағы да, түпкі негізі де, ең алдымен, тұрақтылықпен, ел бірлігімен байланысты екендігін жеткізді.
Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева:
– Ұлтаралық келісім үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет құрғаннан бастап қоғамды біріктіретін мәселені қолға алды. Ол үшін әлем назарын өзіне аударған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Аталған құрылым халықаралық қоғамдастық үшін өнегеге айналды, – деді. Оның айтуынша, әлемнің ешбір мемлекетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) сынды қоғамдық институт жоқ екен. Елдің тарихында маңызды рөлі бар ҚХА – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтайтын және қамтамасыз ететін тетік іспеттес. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесін Ресей, Қытай, АҚШ, Франция сияқты көптеген шет мемлекеттер зерттеуде.
Қазақстанда өмір сүріп жатқан этностардың тілі мен мәдениетін сақтау үшін мемлекет этномәдени бірлестіктердің жұмыс істеуі мен дамуына барлық жағдай жасауда. Қазіргі таңда облыс орталығындағы Достық үйінде 22 этномәдени бірлестік бар болса, аудандарда осындай 95 бірлестік жұмыс істейді.
Конференция барысында СҚМУ-дің тарих және құқық факультетінің оқытушылары Сабыр Ыбыраев, Гүлбахша Мұсабаева және басқалар шараға қатысушы студент жастарға этносаралық қатынастар мен еуразиялық ықпалдасу саласындағы Қазақстан тәжірибесі тек ғалымдар мен қоғам қайраткерлерімен шектелмей, мемлекет, халықаралық ұйымдар басшылары тарапынан зерттелуде екендігін жеткізді. Бүгінгі Қазақстанның бейбіт саясаты тұрақтылық пен ұлттық бірліктің іргелі негізіне айналғандығын, бұл еліміздің Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісті нәтижесі болып табылатындығын айтты.
Кейінгі жастарға ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты қалыптастыру оңай болмағанын түсіндіруді мақсат еткен, этносаралық бірлік пен келісім тақырыбында өзекті әңгіме өрбіген шарада сөз алғандардың бәрі де шетелдік сарапшылар да өз тараптарынан қазақстандық үлгінің артықшылықтарын зерттеп жатқанын, Елбасының этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі зор рөлін ерекше атап өтті.