Бейсенбі күні “Нұр Отан” ХДП ОФ-да “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша азаматтарды бірыңғай қабылдау күні” республикалық акциясы аясында консультативтік-түсіндіру шарасы ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдауға облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Асхат Кенжеболатов, Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жібек Есдәулетова, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы Зылиха Сейітова қатысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2011 жылы тұрғындардың кірісін көбейту, жұмыссыздар, аз қамтамасыз етілгендер мен өздігінен жұмыс істейтін азаматтар санын азайту мақсатында “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Басқа бағдарламалар сияқты, заңдық күші бар аталмыш құжаттың жүзеге асырылуын “Нұр Отан” ХДП тұрақты бақылауына алған болатын. Соған орай жетекші партиямыз “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша азаматтарды бірыңғай қабылдау күні” деген атпен өңірлік филиалдарда қоғамдық қабылдау өткізу үшін республикалық акция ұйымдастырып отыр. Бұл шара жұмысқа орналасқысы келетін азаматтардың бюджет бағдарламаларының әкімшілерімен тікелей кездесіп, қажетті ақпарат пен тиісті ақыл-кеңес алуларына мүмкіндік береді, – деді “Нұр Отан” ХДП ОФ қоғамдық қабылдау меңгерушісі Абай Қайсин.
Ерлізайыпты Кәкімовтер 3 бала тәрбиелеп отырған көрінеді. Төрт мүшел жасқа келген Сабыржан сот кеңсесінде, әртүрлі құрылыс нысандарында ағаш шебері, сантехник болып еңбек еткен, ал Нағима жерге орналастырушы, аспаз мамандығын игергенімен, жұбайы сияқты көңіл көншітерлік жалақысы бар жұмыс таба алмай жүр.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жібек Есдәулетова ерлі-зайыптылар мамандығының еңбек нарығында талап етілетіндігін атап айтып, жұма күні қалалық Мәдениет үйінде өтетін дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуға немесе Мир көшесі, 69-үйдің 2-қабатында орналасқан өзі басқаратын мекемеге келіп, жұмыс күшін қажет ететін кәсіпорындардың талап-тілектерімен, мекенжайымен танысуға ұсыныс жасады.
Әлия Боранкина жартыжылдан бері жұмыссыз жүр екен. Мамандығы – есепші. Екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғандықтан, ай сайын 40-50 мың теңге еңбекақы төлейтін жұмысқа орналассам деген ниетпен келгендігін айтты.
Данажан Қадырова Е.Букетов атындағы ҚарМУ-дің халықаралық қатынастар факультетін тарих пәні мамандығы бойынша аяқтаған. Әлі жұмысқа орналаспаған, сондықтан еңбек өтілі де жоқ.
Данияр Ғазезов – электрші, тауар инспекторы кәсіптерін меңгерген арнайы орта білімді маман. Еңбек өтілі 5 жыл. Соңғы жұмыс орнында қысқарып қалу қаупі туғандықтан, қоғамдық қабылдауға көмек іздеп келген.
Үшеуіне де қалалық жұмыспен қамту орталығына келу және ай сайын өткізіліп тұратын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысу ұсынылды.
Бұл күні түске дейін қабылдауға келген 17 азаматтың 9-ын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің биылғы түлектері құрады. Олар тарих және заң факультетінің құқықтану, жаратылыстану-география факультетінің агрономия, орман шаруашылығы бөлімдерінің студенттері екен. Болашақ мамандар жұмысқа орналасу жағдайын білгісі келеді.
Жібек Есдәулетова “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жаңа ғана оқу орнын аяқтаған мамандар жергілікті тұрағы бойынша (тіркелген орындарына қарай аудандық және қалалық жұмыспен қамту орталықтары арқылы) дипломының, жеке куәлігінің көшірмелерін және тіркелген орны туралы анықтаманы табыс ету арқылы 6 ай мерзімге “Жастар тәжірибесіне” жіберілетіндігі, оларға зейнетақы қоры мен әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде ай сайын 29 778 теңге жалақы төленетіндігі, өзін білікті маман ретінде танытқан азаматтар сол кәсіпорында қалдырылатындығы жайында түсінік берді. Оның айтуына қарағанда, 2012 жылы 333 маман “Жастар тәжірибесіне”, кәсіби біліктілігі жоқ 421 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілген. Биыл жыл басынан бері 53 жас маман осындай жолмен өндірісте тәжірибе жинақтап жүр. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша осы бағытқа республикалық бюджеттен үстіміздегі жылы 30 млн. 368 мың теңге бөлінген.
– Былтыр “Жастар тәжірибесінен” өткен 333 жас маманның 98-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бәрі біліктілікке, іскерлікке байланысты екендігін осы көрсеткіштің өзі дәлелдеп тұрғандай, – дейді Жібек Есдәулетова.