Петропавлда Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері арасында облыстық байқау өтті. Екі кезеңді қамтыған сынға 15 мемлекеттік өрт бақылау қызметкері қатысты.
Болат ҚҰСАЙЫНОВ,
СҚО ТЖД өртке қарсы қызмет бөлімінің
бас маманы, өртке қарсы қызмет капитаны.
Байқауға қатысқан департамент мамандарына жоғары талап қойылды. Үш жылдық еңбек өтіліне қоса қызметкер шағым, ескерту, сөгіс алмаған болуы керек.
Қатысушылардың білімін бағалап, үздік мемлекеттік өрт бақылау қызметкерін анықтаған сайыстың бірінші теориялық бөлімі ҚР заңдары мен нормативтік-құқықтық акт бойынша тестілеу түрінде өтті. Екінші практикалық бөлім облыс орталығының Қ.Сәтбаев көшесіндегі қалалық Мәдениет үйінде шартты тексеріс түрінде өткізілді.
Сайыс қорытындысында қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың инженері, өртке қарсы қызмет капитаны Аслан Ахметжанов бірінші орынды иеленіп, облыстың үздік құтқарушысы атанды.
Аслан Ахметжанов 2008 жылы Көкшетау техникалық институтын аяқтаған соң екі жыл Тимирязев ауданының төтенше жағдай бөлімінде қызмет еткен. Ал 2010 жылы қалалық басқармаға ауыстырылған. Жалпы облыс орталығының 280 ғимаратына жауап береді. Бүгінде солардың 10 пайызын тексеріп үлгерген ол орын алған өрттің шығу себептерін анықтаумен де айналысады.
Облыстық байқаудың жеңімпазы сәуір айында Астана қаласында өтетін байқаудың екінші кезеңіне жолдама алды.