«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕНІ АНАМ АЛЫП КЕТСЕ!..” деген тілек – олардың басты арманы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бүгінде балаға өмір сыйлаған көптеген ата-ана ұрпағының заман талабына сай тәрбие мен білім алуына жағдай жасап, оның әрі қарайғы материалдық әлеуетінің іргетасын қалап беруге тырысады. Ал жастайынан тағдырдың тасы маңдайына тиіп, жетімдіктің ауыр қасіретін еріксіз мойындарына ілген жандар өміріндегі қиындықтарды өздері шешуге мәжбүр. Ата-ананың сүйіспеншілігін, қамқорлығын көріп өскен адамның санасында “жетім” деген сөздің өзі аяныш пен мүсіркеуді ұялатады. Әрине, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заман талабына сай білім мен тәрбие алып, тұратын жылы орын тауып, тамақтарының тоқ, киімдерінің көк болуы үшін мемлекеттің атқарып отырған рөлі зор. Алайда, ол қамқорлықтың да көрсетілетін шегі бар.  

Жетім балалар мекемелерінде тәрбиеленіп, кәмелеттік жасқа жеткен кезде өз бетінше өмір сүруге жолдама алған панасыз жандар жел қай жаққа үрлесе, сол жаққа қарай қалықтаған қауырсындай ұша жөнеледі. Олардың қандай ортаға барып табан тірейтіндігін бір Алланың өзі біледі. Қасында ата-анасы немесе жақын жанашыры жоқ жетімдер үшін жұмыс пен баспанаға қол жеткізу қиынның-қиыны.

 

Бірде пайғамбарға Құдайдың бір құлы келіп, өзінің жүрегінің қаттылығын білдірген екен. Сонда оған пайғамбар: “Жүрегіңнің жұмсаруын, сөйтіп арманыңа жетуді қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер. Сонда жүрегің жұмсарады. Сөйтіп арманыңа жетесің”, – депті. Бүгінгі қоғамымыздың имандылыққа қарай бет бұрған кезінде қасиетті дініміз – исламның “Жетім көрсең, жебей жүр” деген қағидасын қашанда есте сақтасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Кәмелеттік жасқа толмаған жас жеткіншек жетімхананың табалдырығын аттағаннан кейін ол тұл жетім бе, әлде тірі жетім бе екен деген сауалдардың жауабы зерделеніп-құжатталып, оның мәртебесі белгіленеді. Бұл, әрине, баланың әрі қарайғы өмірі үшін, әсіресе, асырап алу мәселесі барысында аса маңызды деректер болып саналады. Мен үшін “Жетімдер үйі” дегенде көз алдыма терезенің ар жағынан жолға телміре қарап, жанары жасқа толған бейкүнә баланың бейнесі елестейді… Ата-анасының қасында жүрген баланың өзі оларды бір күн көрмесе сағынады. Ал бала күннен жетімдіктің тауқыметін кешкен жан үшін сағыныш сезімі оның кеудесінде жазылмас жараның ізін қалдырса керек. Жетімдер үйінің тәрбиешісі болып жұмыс істейтін жақын танысым туғаннан тұл жетім 16 жастағы бозбаланың Жаңа жылда “Мені анам келіп алып кетсе!..” деген тілек айтқанын жеткізгенде әлгі бала ны қатты аядым, дейді. Мұндай ойдың әр жетімнің көкірегіне ұялаған арман екендігі даусыз. Сондай-ақ ата-анасы ішімдікке салынған немесе жауапкершілігі жоқ тумасының кесірінен тірі жетім атанғандар басқаға асыранды бала болудан бас тартады екен. Өйткені, олар күндердің күнінде өзінің ата-анасы іс-әрекеттерін ақылға салып, түзеліп, алып кетеді, деген үміттерін үзбейді. Ал бірақ өкінішке қарай, барлық баланың ол арманы орындала бермейді…

Балалықтың базарын сезінбей, шаттана қуанып, ата-анасына еркелей алмаған сәбилердің жәудіреген көздері қоғамымыздың ащы дертіне айналғаны шындық. Туған перзентіне тасбауыр болған көкек аналар мен “ащы судың” әлегіне салынып, балаларын тірі жетім еткен ата-аналардың жауапкерсіздігінен жетімдер үйіне түскен балалардың тағдыры қоғамды немқұрайды қалдыра алмайды. Бұл – өзекке өкініш ұялататын жайт, бұл – қоғамдық қасірет.

Өңірімізде бүгінгі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 12 мемлекеттік мекемеде 662 тәрбиеленуші қоныс тапқан. Ондағы тәрбиеленушілердің 147-сі – тұл жетімдер, ал ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 515 баланың 360-сы – тірі жетім, яғни олардың ата-аналары құқықтарынан айрылған. Кәмелеттік жасқа дейін мемлекеттің қамқорлығында жүретін бұл балалар тұрмыстың ауыртпалығын сезіне қоймайды. Алайда, кейін олар әрі қарайғы тірліктерін өздері жоспарлауға тиіс. Жетімдер үйінің түлегі кәсіптік немесе жоғары оқу орнында білім алуын жалғастырса, онда оларға бірінші кезекте жатақхана беріледі. Сондай-ақ облысымызда жетімдерге арналған үш “Жеткіншектер үйі” бар. Осы үйлерге бүгінде 56 адам қоныстанған. Онда олар 23 жасқа дейін тұруға құқылы. Алайда, облыстық Білім басқармасының бала құқығын қорғау, арнайы білім мен тәрбие жұмыстары бөлімінің бас маманы Ғалия Ілиясова бұл мәселе туралы мынадай пікірін айтады: “Кез келген жас жеткіншек еркіндікті жақсы көреді емес пе?! Сондықтан жетім балалалар үйінің тәрбиеленушілері де “Жеткіншектер үйіне” барып өмір сүруді қаламайды. Өйткені, мекеме мемлекеттік болғандықтан, оның тұрғындары мекеме қызметкерінің жіті қадағалауында болады. Осыған көңілдері толмаған жеткіншектердің қайсібірі шамалары жетпей тұрса да, тұрғылықты орынды басқа жерден іздейді”.

2009 жылы тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізіліп, онда жетім және ата-ананың қарауынсыз қалған әр бала мекеменің табалдырығын аттаған күннен бастап, міндетті түрде тұрғылықты жеріне қарай тұрғын үй кезегіне қойылуға тиіс. Сондай-ақ кейбір баланың мұрагерлік құқығы қорғалады. Мәселен, 662 баланың 20-сы – мұрагер, яғни оларға ата-анасының немесе туысқанының үйінен еншісі бар. Жетімдер үйіне өткізілген баланың ата-анасы апат болған жағдайда немесе құқығынан айрылған кезде әр баланың қандай да бір мүлікке қатысы бар-жоғы ескеріледі. Жетім балалар үшін тұрғын үйге қол жеткізудің тағы бір жолы – “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне” АҚ-ға салымшы болып, қаржы жинау. Қайтыс болған ата-анасы үшін жәрдемақы алатын 147 баламен осы бағытта іс-шаралар жүргізіледі. Кәмелеттік жасқа дейін мемлекеттің қамқорлығында жүретін балаларға ертеңгі күні бұл жинақ қаржысының үлкен көмек болары сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, жетім балалардың болашағы әріден ойластырылады, бірақ соңғы бес жылда олардың қатарында үй алып кеткендері саусақпен санарлық-ақ. 2008 жылдан бері 10 баланың ғана қолы баспанаға жетсе, соның екеуі биыл беріліп отыр. Мен осы мақаланы дайындап жатқан кезде газетіміздің тілшісі, бұрынғы “Балалар ауылы” үйінің түлегі Қанат Атамановқа екі бөлмелі пәтер берілді. Әріптестің бұл қуанышы бәрімізге ортақ.

– Еліміздің кейбір қалаларында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсету жақсы дамып келеді. Мәселен, Атырау облысында жетім балалар үйінің түлектеріне Құлсарыдан 18 пәтер берілді. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 25 бала тұрғын үйге қол жеткізді. Алматы облысында үлкен “Жастар үйі” бар, онда жетімдер үйінен шыққан қыз-жігіттер 29 жасқа дейін тұрады. Біздің өңірде де қоғамымыздың осы бір әлжуаз тобына бұдан да жақсы көңіл бөлінсе деген тілек бар, – дейді Ғалия Сейтахметқызы.

Петропавл қалалық мәслихат сессиясының 2012 жылғы 3 тамыздағы шешіміне сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекке тұрған жетім балаларға арналған жаңа әлеуметтік көмекқаржы тағайындалды. Онда оларға тоқсан сайын 12 АЕК немесе 19 416 теңге жәрдемақы беріліп тұрады. Олар тұрғын үй кезегіне тұрғандардың әлеуметтік қорғалған тобы санатындағылармен қатар тұрғызылады. Алайда, бұл кезектегілердің саны қалың екендігі де сөзсіз. Сондықтан да жетімдерге осындай жалпы кезекпен үй алу қиынға түседі.

2013 жылдың қаңтар айының басында Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы” Заң жобасы таныстырылды. Әрине, Үкіметтің қоғамымыздың осы әлжуаз тобына қырағы қарап, қамқорлық таныта түсуі қуантарлық. Осы заң жобасы мақұлданса, көптеген жетім баланың жұрт қатарлы өмір сүруге жолы ашылары сөзсіз.

Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қорғаудың жоғары бағаланатын түрі – бала асырап алу. Осыған қарай соңғы жылдары елімізде жетімдерді отбасылық орналастырудың балама түрлерін дамыту қолға алынуда. Бұл дегеніміз – жетімдерді жебеудің қамқоршылық немесе қорғаншылық түрі, патронаттық тәрбие, бала асырап алу.

Халықаралық бала асырап алу бойынша Гаага конвенциясының негізгі ережелері мен қағидаларын ратификациялауға байланысты қазақстандық заңнамаға өзгерістер енгізілді. Онда бала асырап алу бойынша агенттіктерді аккредитациялаудың жаңа рәсімі қолданылуда. Шетелдіктер денсаулығында кемістігі бар қазақстандық балаларды асырап алуға құқылы. Бала асырап алушылармен тығыз байланыс орнатылып, баланың әрі қарайғы тағдыры бақыланып отырады. Сондай-ақ 2011 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды. Оның ішінде жетім балаларды отбасылық ортаға орнықтыру туралы жақсы бастама бар. 2012 жылдың наурызынан бастап қамқоршылық немесе қорғаншылық алған отбасыларға жәрдемақы бөлінеді. Ай сайын бір балаға мемлекеттің бөлетін қаржысы 16 180 теңгені құрап отыр. “Былтыр облыстағы балалар үйінен екі бала асырауға алынса, 5 бала патронаттық тәрбиеде, 20-сы – қамқоршылықта, 41 бала өз отбасына қайтарылды. Ал 2012 жылдың наурызында патронатты тәрбиелеудің жаңа түрлері белгіленді. Онда тәрбиелеушінің міндетті түрде педагогтік білімі болуы керек деп көрсетілген. Бүгінде патронатты тәрбиеде 196 бала бар. Онда балаға 10 АЕК-пен жәрдемақы және тәрбиешіге еңбекақы төленеді. Осындай қаржылай қолдаудың арқасында алдыңғы жылдарға қарағанда, былтыр жетім балаларды асырап алушылар немесе тәрбиелеушілер қатары көбейді”, – дейді Ғалия Ілиясова.

Бүгіннің өзінде 100-ге тарта солтүстікқазақстандық отбасы бала асыраудың кезегінде тұр екен. Олардың басым бөлігі 3 жасқа дейінгі балаларды бауырларына басқылары келеді. Ал ауру балаларға қазақстандық асырап алушылар жоламайтын көрінеді. Маманның дерегіне сүйенсек, бүгінгі жетім балалар үйлерінде қазақтың қара домалақтары аз екен. Бірақ кез келген бала бұл дүниенің есігін ашқан соң ата-ананың мейіріміне бөленуге, жақсы өмір сүруге құқылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp