«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПОШТАМЫЗДЫҢ ПОШЫМЫ не болып барады?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

ҚҰЛЫПТАУЛЫ ҒИМАРАТ, МАРДЫМСЫЗ ЖАЛАҚЫ

Архангелка ауылдық округінің әкімі Махмет Байбусинов пошта қызметінің нашарлығын, хат-хабардың кешігіп келетінін жасырмады. 300-дей түтіні бар елді мекенге қызмет етіп келген байланыс бөлімшесі үйінің есігінде қара құлып тұр. Аудандық пошта байланысы торабына тиесілі ғимарат отын-көмірмен қамтамасыз етілмегендіктен, жылусыз қалған. Сол себепті қазір шіркеудің асханасын жалға алып отырған жайлары бар. Басыбүтін баспана болмағаннан кейін газет-журналдар мен зейнетақы алдымен пошташы Оксана Ханның үйіне жеткізіліп, сосын ғана таратылады екен. Ол бұдан тысқары зейнетақы берумен, түрлі төлемдерді жинаумен айналысады. Ал жалақысы 20 мың теңгенің айналасында ғана.

 

Әкімнің сөзін ауыл тұрғыны Марат Құсайынов растаса, бірнеше ұлттық басылымды жаздырып алатын тіл жанашыры Әлім Төлебаев аптасына 2 рет көрсетілетін байланыс қызметіне көңілі толмайтынын, іркілістердің жиі орын алатынын, мәселен, “Егемен Қазақстанның” 6 наурыздағы, “Солтүстік Қазақстанның” 7 наурыздағы нөмірлері қолға енді тиіп отырғанын қынжыла жеткізді.

ҚЫСҚАРТУҒА ІЛІККЕН ХАТ ТАСУШЫ

Осы округке қарасты Новокаменка елді мекенінде 200-ге жуық үй бар. Олардың қатары сырттан келген ағайындарымыздың есебінен толығып, қазақша газет-журналдардың таралымы арта түскен. Алайда, мұнда да пошта қызметінің сапасына шағымданушылар көп. Былтыр байланыс бөлімшесі оңтайландыруға ұшырай жаздапты. Новокамендіктер жан-жаққа арыздана жүріп, оның жабылуына жол бермепті. Алайда, хат тасушы қысқартуға ілігіп, барлық мехнатын бұрынғы байланыс бөлімшесінің меңгерушісі Баян Жақыпова қара нардай көтеріп келеді. Бұған дейін хат-хабар аптасына 3 рет жеткізілсе, енді 2 ретке көшірілген. Соның өзінде мезгілінен кеш таратылатындығы туралы мысалдарды кездестіру қиын емес. Біз барған күні “Егемен Қазақстанның” 23 наурыздағы саны әкелініпті. Пошта ауданнан кешке таман әкелінгендіктен, 200-ге жуық газет-журналдың жартысы ғана иелерін тауыпты. “Жайшылықта 2 қызметкер үлгірмеуші едік. Енді бәрін жиып-теріп бір адамға жүктеп қойды. Айлық жалақы 17-18 мың теңге төңірегінде. Кеңшардың кеңсесі болған ғимаратты клубқа айналдырып, бір бөлігін пошта үйі еткен. Өте суық”, – дейді зейнетке шығуды асыға күтіп жүрген Баян Жақыпова.

Мектеп директоры Ләйла Аманованы жұмыс орнында жолықтырдық. Ол үстел үстінде жатқан “Егемен Қазақстанның” 15, 16, 19 наурыздағы сандарын көрсетті. Оның көзқарасынан соңғы нөмірлер әлі жете қойған жоқ деген емеурінді ұқтық.

Бұл сапарымыз аудан орталығынан 15-25 шақырым қашықтықта әрі асфальт жолдың бойында орналасқан ірі елді мекендердегі пошта байланысы осылай болса, түкпірдегі ауылдардың жайы нешік деген ойға қалдырды.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp