«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ – Қызылжар өңірінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болды.

Нұрсайын ШӘРІП,  

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бақытжан Сағынтаев пен облыс әкімі Самат Ескендіров ең алдымен М.Жұмабаев ауданының Фурмановка ауылындағы “Нұрсен-Агро” ЖШС-інде болды. ЖШС-нің атқарушы директоры Әділбек Нұртазин серіктестікке 2011 жылы Германиядан 431 бас симменталь тұқымды тайынша әкелінгенін, бүгінгі күні шаруашылықта етті және сүтті бағытта 705 бас ірі қара өсіріліп жатқанын айтып берді. Тауарлысүт фермасында арнайы салынған 6 қора, 24 бас сиырға арналған “Елочка” сүт сауу кешені бар. Өткен жылы әр сиырдан 4100 кило сүт сауылса, жаңа жерде туған бұзаулардың тәуліктік салмақ қосуы 790 грамды құрады. Жаңа нысан 18 адамды жұмыспен қамтып отыр.

 

Агроқұрылым 10029 гектар егістік алқапқа иелік етеді, оның 2095 гектарына жемазықтық дақылдар себіледі. Серіктестік өсімдік шаруашылығына қажетті заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Оған 613 млн. теңге қаржы жұмсалған.

Аталмыш агроқұрылымнан кейін Бақытжан Сағынтаев пен Самат Ескендіров “Булаев-Астық” ЖШС-іне ат басын тіреді. Юрий Баранов басқаратын астық қабылдау кәсіпорнының құрылысы Индустрияландыру картасы бойынша 2011 жылы басталып, өткен жылы желтоқсан айында пайдалануға берілген. Инвестиция көлемі 510 млн. теңгені құрайды. Оған астық сақтауға арналған 3 сыйымдылық, теміржол тұйығы салынған, астық кептіргіш, астық түсіретін бункерлер орнатылған. Қуаттылығы 15 мың тоннаны құрайтын кәсіпорында 20 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 65,3 мың теңге.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мен өңір басшысы “Булаев қалалық коммуналдық шаруашылығы” МКК-де де болды. Топтық су құбырының ұзындығы 47 шақырымды құрайды. Қуаттылығы сағатына 100 текше метрді құрайтын сорғы станциясы мен әрқайсысы 4300 текше метрлік 5 сыйымдылық Булаево қаласын таза ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Қызмет тарифі – жеке тұлғалар үшін 165 теңге. Кәсіпорында 44 адам еңбек етеді.

Осы күні Бақытжан Сағынтаев пен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко Есіл өзеніндегі “Петропавл су торабы” өндірістік учаскесінде де болды. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев су тасқынының алдын алу шаралары қалай атқарылып жатқанын айтып, су торабының жағдайына тоқталды. 2011-2012 жылдары аталмыш нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 351 млн. теңге жұмсалған. Су астының темірбетон тіреуіштері қалпына келтіріліп, 3 сужібергіш ауыстырылған. Бұл күндері олар арқылы секундына 11 текше метр су ағады. Қызылжарға осы күні келген Владимир Божко өңірде су тасқынының алдын алу шаралары талапқа сай жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша қалпына келтірілген облыс орталығының Жамбыл көшесіндегі №127 үй де назардан тыс қалған жоқ.

 

Шатырды, балкондарды жөндеп, жылу автоматы мен жылуесептегіш құрал орнатуға 8 млн. теңге қаржы жұмсалған. Үй тұрғындары ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасының арқасында жылу қуатына бұрынғыдан аз мөлшерде төлемақы төлейтіндіктерін айтады.

Бұдан кейінгі нысан Караван көшесіндегі ұзындығы 100 метрден асатын автоөтпежол болды. Темір жол үстіндегі бұл көпір 1961 жылы салынған. Оны күрделі жөндеуден өткізу үшін 550 млн. теңге қажет.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары “ЗИКСТО” АҚ-ның жағдайымен де танысты. Өткен жылы зауыт 4,5 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Биыл шамамен 3 млрд. теңгеге келісім жасалып отыр. Өндіріс орнының қуаттылығын арттыруға тапсырыстың аздығы кедергі келтіруде.

Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация Петропавл қаласында жаңа бой көтеріп жатқан “Береке” ықшамауданында да болып, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ратмир Усманов осы ықшамауданда өткен жылы екі 95 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілгендігін, бұл күні 421 пәтерлік 10 үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын, оның 9-ы биыл тапсырылатындығын баяндады. Коммуналдық-жалгерлік және ипотекалық үйлермен бірге, жас отбасыларға арналған 2-3 қабатты баспаналар да салынып жатыр.

“Лира” ЖШС салып жатқан 75 пәтерлік үйдің ішін аралап шыққаннан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқанын байқау мақсатында Қызылжар өңіріне келгенін, соған орай сапарын ауылдық жерден бастағанын айта келіп, тұрғындар үшін мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысуға, оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқандығын айтып, нақты мысалдар келтірді.

Жұмыс сапарының соңында Бақытжан Сағынтаев “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ-ның 2-ші жылу-электр орталығын аралады. Осы кәсіпорында бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы билік органдарының басшыларымен кеңес өткізді.

Облыс әкімі Самат Ескендіров өңіріміздің көктемгі егіс науқанына дайындығын баяндады. Биылғы егіс алқабы 4338 гектарды құрап отыр. Ылғал қоры өткен жылғымен салыстырғанда екі есе жоғары. Сондай-ақ биыл 47 мың тонна минералды тыңайтқыштар әкелу жоспарланған. Өңір 546 мың тонна тұқыммен толықтай қамтылған. Көктемгі егіс алқабына 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы шықпақ. Қазіргі таңда дизельдік жанар-жағармаймен 40 пайызға қамтылғанбыз. Ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық бағыттарын субсидиялауға республикалық бюджеттен 7,7 миллиард теңге бөлінсе, оның 5 миллиарды егін шаруашылығына бағытталмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, облысымыздың аграршылары жанар-жағармайдың литрін 95 теңгеден алатын көрінеді. Бұл бөлшек саудадағы бағадан 8 пайызға арзан. Сондай-ақ 3 жылдан бері өңірімізде тыңайтқыштарды пайдалану көлемі ұлғайып келеді. Егер 2011 жылы 19 мың тонна пайдаланылса, үстіміздегі жылы бұл 47 мың тоннаға жетеді. Алайда, бұл қажеттіліктің 25 пайызы ғана.

Осындай мәліметтерді тыңдаған бірінші вице-премьер “Агро-бизнес – 2020” бағдарламасын ауылдағы ағайынға жан-жақты түсіндіру қажеттігін айтты. Осы орайда Бақытжан Сағынтаев облыс әкімі Самат Ескендіровтің аудан әкімдерінің “Агробизнес – 2020” бағдарламасы бойынша білімін сынаймын деген бастамасын қолдады.

“ҚазАгро” АҚ-ның мәліметі бойынша, облысымыздан 103 өтініш түссе, оның 73-і мақұлданып, 49-і қаржыландырылған. Жалпы облысымыз қаржыландырылу жағынан өзге өңірлермен салыстырғанда алдыңғы қатарда екен. Отырыста көтерілген алғашқы мәселе бойынша өз ойын білдірген Бақытжан Сағынтаев егіншілікте ауа райына тәуелділігімізді төмендетуіміз қажет деді.

Кеңесте Самат Ескендіров “Ақ бұлақ” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы да баяндады. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру бойынша 2002-2011 жылдар аралығында 19 миллиард теңге игеріліп, 379 километрлік топтық су тарату құбыры салынған. Осының арқасында облысымыздың 145 елді мекені таза ауызсумен қамтылған. 120 елді мекенде ауызсу сапасы жақсартылған. Алайда, өңірдегі 94 елді мекенді сумен қамту үшін республикалық бюджеттік комиссияға өтінім берілгенімен, олардың жобалық-сметалық құжаттары уақытында дайын болмауы салдарынан қазір бұл жұмыстың аяқсыз қалғандығын айтып, Үкіметтен бұл мәселені шешуде көмек көрсетуін сұрады.

Кеңес соңында Бақытжан Сағынтаев облыс әкімінен шешілмей жатқан мәселелерді сұрады. Осы орайда Самат Ескендіров облыс орталығындағы “Южный” кәрізін қайта қалпына келтіру, қаланың солтүстік жағын электрмен қамтамасыз ету үшін қосалқы станса салу, осы күнге дейін Есіл өзенін ластап жатқан ағынды кәрізді қалпына келтіру, облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың жағдайын жақсарту, қазақ тілінде үш ауысыммен бала оқытып отырған Новоишим ауылы мен Тайынша қаласында жаңа мектептер салу мәселелерін республикалық бюджет есебінен шешуге жәрдемдесуді өтінді. Бақытжан Сағынтаев өңір басшысы көтерген өзекті мәселелердің алдағы уақытта жан-жақты қаралатынын мәлімдеді.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp