«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ – ПЕТРОПАВЛДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Божко өңірімізге іссапары барысында төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары үшін қолданылатын құралдар шығаратын кәсіпорын – С.Киров атындағы зауытта болып, одан кейін облыс орталығының көктемгі су тасқынына дайындығымен танысты.

Министр Петропавл қаласындағы қардан тазарту жұмысын өз көзімен көріп, атқарылып жатқан істерге оң баға берді.

– Биылғы қыс айтарлықтай қаһарлы болды. Қар молынан жауды. Төтенше оқиғаларды болдырмау үшін Үкіметіміз де, министрлік те бірқатар шаралар қолдануда. Алайда, биылғы жағдай біздің сақадай-сай болуымызды қажет етеді. Осыған орай республикалық және жергілікті бюджеттерден жеткілікті қаржы да бөлініп жатыр. Солтүстік Қазақстан өңірі Есіл өзеніне жақын орналасқандықтан, биылғы су тасқынына аса сақтықпен қараған жөн, – деген Владимир Божко одан әрі жергілікті билік басшыларынан облыс аумағында, соның ішінде қала маңында қандай қауіпті нысандар бар екендігін сұрап білді.

 

Жалпы Петропавл қаласы бойынша Есіл өзенінің деңгейі шамадан артық көтерілген жағдайда Заречный кентінің 29 тұрғын үйін және Былғары зауыты ауданындағы 45 тұрғын үйді су басып қалу қаупі бар деген болжам жасалған. Оларда 250-ге жуық адам тұрып жатыр. Осыған байланысты облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Бахтияр Қадырханов осы аудандарда қатты су тасқыны бола қалған жағдайда ұйымдастырылуға тиісті қажетті жұмыс жоспарланып қойылғанын айтты. Жалпы қала бюджетінен су тасқынының алдын алу үшін 11,7 миллион теңге қаржы бөлінген, оған қосымша тағы да 35 миллион теңге жұмсалмақшы. Бұл қаржы қала сыртындағы бөгетті нығыздауға, тасқыннан көтерілген суды тазартуға, айналаны су басқан жағдайда ағаш төсеп, баспалдақтар салуға жұмсалмақ.

Владимир Божконың төрағалығымен облыстық департаментте кеңейтілген кеңес өткізілді. Онда Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жаңа бастығы тағайындалды. Сала қызметкерлерінің басын қосқан жиында министр аталмыш департаментте алты жыл еңбек еткен полковник Бахтияр Қадырхановқа алғысын білдіріп, оны “Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін” медалімен марапаттады. Ал Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің жаңа бастығы болып өртке қарсы қызмет полковнигі Павел Филиппов тағайындалды. Ол осыған дейін Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp