Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оның төрағасы Бауыржан Баймұрзин баспасөз мәслихатын өткізді. Онда өткен 2012 жыл мен 2013 жылдың өткен мерзіміне талдау жасалды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда қылмыстық іс еліміз бойынша 33,3 %-ға өскен. Облыс бойынша мәліметтерден де қылмыстың өскені байқалады. 2013 жылдың 27 наурызына дейін соттың қарауына 24 қылмыстық іс түссе, 2012 жылдың сәйкес мерзімінде 18 іс қаралған.
Бауыржан Баймұрзиннің айтуына қарағанда, биыл қаралған 18 қылмыстық істің біреуі облыстық прокуратураның қосымша тексеруіне жіберілген. Сот қарауында болған 15 қылмыстық іс бойынша 17 адамға үкім шығарылған. Екі адам сот шешімі бойынша ақталған, алайда ол сот актілері заңды күшіне енген жоқ. Бұл екі іс бойынша да тергеу кезінде қылмыстық-процессуалдық заңнамалар нормаларының бұзылуына жол берілгендігі анықталған. Соның салдарынан азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірілген.
Аталмыш сот алқа билердің қатысуымен де қылмыстық істер қараған. Алқа билер сотында облыстың барлық аудандарынан аса ауыр қылмыс жасағандар қаралады. Ауа райының қолайсыздығына, куәлардың келе алмай қалуына байланысты мұндай қылмыстарды қарау уақыты созылып кетеді. 2013 жылы 6 қылмыстық іс қаралып, бір айыпталушы ақталған. 2012 жыл бойына алқа билер қарауына 11 қылмыстық іс түссе, 2013 жылдың бірінші тоқсанында ғана 6 қылмыстық іс қаралған, 4 қылмыстық іс тексеруде жатыр.
Қылмыстық істердің өсімі көбінесе есірткі заттарын сату, тасымалдау, сақтауға байланысты орын алған. Адам өлтіру фактісі бойынша ең шулы оқиға Шал ақын ауданында орын алды. Скоба деген азамат бір отбасының бірнеше мүшесін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айрылды. Ол үкім заңды күшіне енді, – деді Бауыржан Баймұрзин.