Үстіміздегі жылдың 26 наурызында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңы күшіне енді. Ол Елбасының 2011 жылдың шілдесінде бекіткен Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын, сондай-ақ оның бірқатар нақты тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленген болатын.
Светлана ЗАЙЦЕВА,
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасы басшысының орынбасары.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі ең үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ол кадрларды жоғарылату және іріктеу кезінде меритократия қағидатын күшейтуге, “А” басқару корпусын құруға, кадрлық қызмет мәртебесін көтеру және персоналдарды басқару тетіктерін жетілдіруге, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейтуге бағытталған.
Заңды жүзеге асыру мақсатында 2013 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің 7 Жарлығы және мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның 4 бұйрығы қабылданды.
“А” корпусына мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне жауапты хатшылар лауазымы, облыс әкімдері аппараттары және орталық мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары, комитеттер төрағалары, Президент әкімшілігі секторларының меңгерушілері, облыс аудандары мен қалаларының әкімдері, облыстардың тексеру комиссияларының мүшелері мен төрағалары және тағы басқалар жатқызылған.
Саяси мемлекеттік қызметшілер саны 8 есеге, яғни 3271-ден 400-ге дейін қысқартылған.
“А” корпусына кадрлық резерв іріктеу жұмысы құжаттарды тексеруді, арнайы тестілеуден өткізуді, ҚР Президенті жанындағы кадрлық саясат мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияда әңгімелесуді қарастырады.
Конкурстық іріктеуді лауазымға тағайындау құқығы бар тұлға (министр, әкім) тек ұлттық комиссия қалыптастырған “А” корпусының кадрлық резерві есебінен ғана жүргізеді.
“А” корпусы лауазымдарына арнайы біліктілік талаптарын бекіту тәртібі және әдістері анықталған. Онда біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби біліктілігі мен дағдысына талап қойылады. Сонымен қатар арнайы біліктілік талаптары бірдей қойылатын лауазымдар топтарға біріктіріледі.
Бұдан басқа “А” корпусына жатқызылған лауазымдарда отырған мемлекеттік қызметшілер жұмысын жалғастыра береді, олармен уақытша келісім жасалған.
Алдағы алты ай бойына ұлттық комиссия “А” корпусының кадрлық резервіне іріктеу жүргізеді. Қазір жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер басқа талапкерлермен қатар “А” корпусының лауазымдарына тестілеу мен әңгімелесуден өтетін болады. Тестілеуге талапкерлердің заңнама, мемлекеттік тіл бойынша білімдерін, тұлғалық және басқарушылық құзыреттерін, сонымен қатар қисынды ойлау деңгейлерін анықтайтын сұрақтар енгізіледі.
Өзгерістер “Б” корпусында да болады. Енді мемлекеттік қызметке өткісі келетін азаматтар Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық органдарында (“Мемлекеттік қызметшілер мен кандидаттарды әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға жұмысқа алу үшін тестілеуді ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы” бұйрық заңды күшіне енгеннен кейін) заңнаманы білу бойынша өздері тестілеуден өте алады. Тестілеуден сәтті өткендігі туралы сертификат алған тұлғалар бос лауазымдық орындарға өту үшін конкурстарға қатысуға құқылы.
Меритократия қағидатын күшейту мақсатында әкімшілік лауазымдардың бос орнына тұру мемлекеттік органдардың, аумақтық бөлімшелермен қоса алғанда оның ведомстволарының, сонымен қатар олардың араларында ғана ауысу тәртібімен жүзеге асатын болады. Конкурстан тыс ауысу жағдайы аталмыш Жарлықпен айқындалған.
Заңның қабылдануымен облыстарда, қалалар мен аудандарда бірыңғай кадрлық қызмет құру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл персоналдарды басқару бойынша жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді (конкурстар, аттестаттау өткізу, тәртіптік бақылау, оқыту). Жұмыс тиімділігін анықтау үшін әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жыл сайын бағалау енгізілген. Жұмыс тиімділігін бағалаудың төмен көрсеткіші аттестаттау өткізу үшін негіз болады. Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының ұсынысы бойынша мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне тіркелген азаматтар енді сол мемлекеттік органда ғана тағайындала алады.
Тестілеудің жаңа ережелеріне сәйкес “Б” корпусының бос лауазымдық орындарына үміткер азаматтар мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеудің әлдеқайда тиімділігі және сапалылығы үшін конкурсты тоспайақ тестілеуден өте алады.
“Б” корпусы үшін тестілеу бағдарламасы күшейтілген. Енді “Б” корпусының лауазымына үміткер азаматтар кем дегенде – 8, ал “А” корпусына 10 нормативтік-құқықтық актілер бойынша тест тапсырады.
Жаңа ереже бойынша оның жариялылығын қамтамасыз ету үшін әңгімелесу кезеңінде сарапшылар мен бақылаушылардың қатысуы қарастырылған.
Азаматтарға құжаттарын электрондық нұсқада жолдау мүмкіндігі берілген, бірақ әңгімелесу басталуға бір жұмыс күні қалғанға дейін құжаттардың түпнұсқасын міндетті түрде ұсыну қажет.
Әңгімелесу кезінде дыбыстық және бейнежазу құралдарын пайдалану бекітілген.
Бұдан басқа заң бойынша: “лауазымдарға тұлғалардың заңсыз тағайындалуы немесе олардың босатылуы”, “конкурстың өткізілу тәртібінің бұзылуы”, “тестік тапсырмалар және басқа да конкурстық сұрақтар мазмұндарының таратылуы” сияқты тәртіптік құқық бұзушылық айырып көрсетілген. Заңсыз кадрлық шешімдер үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылған.
Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді қорғау шаралары күшейтілуде. Заңда бірқатар шаралар қарастырылған:
– мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңа құрылған мемлекеттік орган басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның әкімшілік мемлекеттік қызметшілеріне олардың біліктіліктеріне сәйкес жұмыс ұсынуы міндетті;
– Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында мемлекеттік орган оқуға немесе тағылымдамаға жіберген жағдайда оның жұмыс орнының (лауазымының) сақталуын қамтамасыз ету;
– өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшысына немесе құқық қорғау органдарына оған белгілі болған анық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы мәлімет жеткізген жағдайда оны қорғап, құқығын қамтамасыз ету.
Елбасының тапсырмасына сәйкес заңда алғаш рет қызметтік әдеп және мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеті бойынша жеке тарау қарастырылған.
Аталмыш тарауда қарастырылған нормаларға сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынас жасағанда сыпайылық және биязылық танытуға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне қатысты құрмет үлгісін көрсетуге, туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша кадрлық тағайындаулар мен іріктеулер жағдайларына жол бермеуге міндетті.
Бұған қоса мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруы, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуі, басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер жеке және заңды тұлғаларға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруын қиындататын әрекеттерге жол бермеуі керек.
Өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің уәжін арттыруды қарастырады. Елбасы Жарлығымен “Үздік мемлекеттік қызметші” ведомстволық наградасы енгізілді.
Аталмыш заңды қабылдау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты бағдарламалық мақаласында қойған мақсаттарға сәйкес келеді.
Халықаралық сарапшылар мемлекеттік қызметтің қазақстандық заңының қабылдануы, үздік халықаралық тәжірибеге сай екенін ерекше атап көрсетті.