«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛ БЕДЕУЛІГІНІҢ БІР СЕБЕБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйелдің жыныс мүшелерінің созылмалы қабыну дерттерінің күрт өсуі әлемнің күллі елдерінде тіркелген. Тұрғындар арасындағы көшіп-қонудың өсуі, жыныстық өмірдің ерте басталуы, әртүрлі жұқпалардан сақтанудың жолдары жайында толық ақпараттандырылмау мұның себептері болып табылады.  

Любовь БОДАРЕВА,  

қалалық әйелдер консультациясының

акушер-гинеколог дәрігері.

 

Гинекологиялық науқастардың 70 пайызын құрайтын созылмалы қабыну дерттеріне вульвит, мүйізкөк, цервицит, сальпингоофорит және созылмалы жамбас перитониті жатады. Бұл кеселдердің пайда болуы мен дамуы иммунитеттің әлсіреуі, түсік тастауды жиілету мен жыныс жұқпаларының әсерінен болады. Жыныс мүшелерінің қабыну дерттері көбінесе хламидиоз және гонорея жұқпаларының кесірінен пайда болатыны анықталған. Бұл жұқпаға қарсы ем қабылданбаған жағдайда әйелдердің 40 пайызы жамбастың қабыну ауруына ұшырайды.

 

Жатыр қосымшасының созылмалы қабынуы да гинекологиялық аурулардың алдыңғы қатарында тұр. Әйелдер, әсіресе, бала туатын жаста өршитін дерттің алғашқы белгілеріне көбінесе жастықпен мән бермейді. Уақыт оздырып алады. Оның салдары жатыр түтігінің өзгеруіне әкеледі. Бұл дерт артынша тек қана жыныс мүшелерінің ауруына емес, сондай-ақ эндокринді, жүрек-тамыр және өзге де ағзаның жүйелерінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Сондықтан да жарты жылда бір рет болсын гинеколог дәрігердің қабылдауына барып тұру қажет. Жүйелі тексеріс аурудың алғашқы белгілерін ажыратып, емнің тиімділігін жоғарылатады.

Жұқпалы бактериялар жатыр түтігіне өтіп, қабынуды қоздырады. Бедеулікке соқтыратын жатыр түтігінің қара қотырлануы осы себептен пайда болады. Жыныс мүшелерінің созылмалы ауруларына шалдыққан әйелдердің 15-20 пайызы жатыр түтігінің бедеулігіне ұшырайды. Жатыр түтігінің тыртықтануы аналық жасушаның ұрықтануын жатырда емес, түтіктің өзінде болуына итермелейді. Әйел жатырдан тыс жүктілікке душар болады. Ол жүктілік ақыр-соңында жатыр түтігінің жарылуымен, ішкі қан кетумен аяқталады. Тіпті, мұндай жағдайда әйел көз жұмуы да мүмкін.

Десе де аталмыш дерттердің дамуы мен созылмалы күйге айналуына науқастардан жұққан жұқпа себеп бола бермейді. Кей адамдарда бала кезден қалыптасатын ағзаның жұқпалардан қорғану міндетінің жойылуы да оған себеп бола алады. Есейгенде бұл дерттің асқынуын тудыратын нейроэндокринді бұзылу да әсер етпей қоймайды. Әдетте ондай жағдайда науқастың ішінің төменгі жағы, омыртқа тұсы шаншып ауырады. Дене қызуының көтерілуі, қышып дуылдау, ірің бөлініп шығу, әлсіздік, шаршағыштық, жан дүниенің күйзеліске ұшырауы, бедеулік, етеккірдің қалыптан ауытқуы белгілері байқалса, дәрігерге қаралған жөн.

Көп жағдайда әйелдерде жыныс мүшелерінің созылмалы қабыну ауруларының белгілері айқын біліне бермейді. “Өзінен-өзі басылады” деп көптеген әйелдер аурудың белгілеріне қол сермей салады. Шындығында әрбір созылмалы дерт – ағзаға төндіретін қауіп. Ол бедеулікке, жатырдан тыс жүктілікке, мүгедектікке шалдықтыратын жамбастың ауруына апарып соқтырады. Жамбас шұңқырының қабыну аурулары жүктілікке де кері әсерін тигізеді. Уақытынан бұрын босану, түсік тастаудың 50-60 пайызы осы дерттің салдарынан болады. Естеріңізде сақтаңыздар, дер кезінде дәрігерге қаралу өміріңіздің сапасын арттырады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp