Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы өзін риэлтормын деп таныстырып, алаяқтық жолмен пәтерлерді ұзақ мерзімге облыс тұрғындарына жалға тапсырып келген 20 жасар бойжеткенді ұстады.
Полицияға бойжеткеннің құрығына іліккен бірнеше петропавлдық азаматтан шағым түсті. Барлық жағдайда да бойжеткен зардап шегушілермен жергілікті газетке хабарландыру беру арқылы танысқан. Онда қаланың орталығында барлық жағдайы бар пәтердің ұзақ мерзімге барынша арзан бағаға жалға берілетіні туралы жариялаған. “Пәтер иесі” пәтерді әлеуетті жалдаушыларға көрсетіп, бір айдың ақшасын алдын ала алып отырған. Ақшаны алған бойда жалдаушыларға пәтер кілтін ұстатып, табанын жалтыратады. Ал бірнеше сағаттан кейін пәтер иелері келіп, аталмыш баспананың жалға берілмейтіндігін айтады.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қаласының 20 жасар тұрғыны ұсталды.
Уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған бойжеткен өз кінәсін мойындады. Ол аталмыш қылмысқа қаражаттың тапшылығы итермелегенін алға тартады. Қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктінің басқа қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.