«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАН ЖОЛ ТАРТҚАН БОЗКІЛЕМГЕ, Қажымұқанды ардақ тұтамыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылдың 20 желтоқсанында “Солтүстік Қазақстан” газетінде журналист Зейнолла Әкімжановтың “Атақты Қажымұқан балуан есімі Қызылжарда да құрметтеуге лайық” деген тақырыппен жарияланған мақаласы мені де толғандырып, ой салды. Өзім грек-рим күресімен шұғылданғандықтан, белдесудің осы түрімен шұғылданып, әлемді мойындатқан даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлын пір тұтатыным рас. Сол себепті қазақтың батыр-балуанының өміріне қатысы бар деректерді мұқият жинап жүремін.  

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, КСРО-ның

Құрметті спорт шебері.

Бұл ретте менің айтқым келіп отырғаны мына жағдай: 2007 жылы, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың басшысы болып тұрған кезімде, біздің ұжым жалпы жиналыс өткізіп, осы мектеп-интернат орналасқан Ярослав Гашек көшесіне Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін беру мәселесін талқылады.

Әлі күнге дейін есімде, жиында сөйлегендер Я. Гашектің Қазақстанға құрмет тұтарлық еңбек сіңірмегенін, бар болғаны маршал Михаил Тухачевский басқарған дивизияның саяси бөлімінде қызмет атқарғанын айтып, жиналыс қалалық ономастика комиссиясына көше атауын өзгерту жөнінде ұсыныс жасауға қаулы шығарды. Сол талқылауда Қажымұқанның Қызылжарда тұрғаны, Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Мұқановтың, Әбдірахман Айсариннің онымен осында кездескені, олардың бұған айғақ боларлық деректер қалдырғаны алға тартылды да, ұжым мүшелері Сапарғали Құсайынов деген мұғалімге бұл ұсынысты қалалық ономастика комиссиясына тапсыруды жүктеп, ол сол жылдың желтоқсанында осы өтінішті тиісті орынға жеткізді. Соған қоса, осы көшеде орналасқан кейбір мекемелер мен ұйымдардың басшыларының алдынан өтіп, ықыласын алған едік. Алайда, содан бері бес жылдан аса уақыт өтті, өтініш жауапсыз қалды.

 

Мен қолда бар кейбір деректеріме сүйеніп, өзі кәсіпқой күреспен шұғылданған жылдарда Қажымұқанның әлем елдерінде өткізген белдесулерде елуге тарта алқаны иеленгенін айтқым келеді. Алайда, патша өкіметі кезінде бұратана халықтан шыққан атақты балуанның, алып күш иесінің мұндай жетістіктерін көзге ілмегені, оған осылайша көпекөрінеу қиянат жасалғаны, қазақ балуаны дегенді артық көріп: “Ямагата”, “Мухунура” сияқты балуанның өзіне де, халқымызға да жат, лақап ат берілгені қынжылтушы еді.

Ал Кеңес Одағы кезіндегі осындай әрекетке не дерсің? Бұған мысал ретінде мына дәйекті алға тартар едім. Республикалық “Спорт” газетінің 1998 жылғы 12 мамырдағы нөмірінде ұлы балуан өмірі мен жетістіктері жайында жан-жақты зерттеулер жазып жүрген профессор Мұратхан Тәнекеевтің “Күш атасы Қажымұқан” деген мақаласы жарияланғанын көріп, оқыдым да көңілім құлазып шыға келді. Бақсам, сол кездері КСРО-ның беделді деген спорт басылымдары Қажымұқанның әлемді мойындатқан кілем жұлдызы болғанын жоққа шығару мақсатында теріс пиғылда мақалалар ұйымдастырған екен. “1965 жылы “Физкультура и спорт” журналы өзінің оныншы номірінде менің “Батыр” деген атпен жазылған мақаламды жариялауға мәжбүр болды. “Мәжбүр болды” дейтін себебім, сол жылы журнал Б. Михайлов дегеннің қазақ балуанының спорттық жеңістерін жоққа шығармақ болған мақаласын жариялаған. Бір халықтың намысына тиген бұл журналға академик А. Жұбанов, жазушы Н. Анов, Кеңес Одағының екі дүркін Батыры Т. Бигелдинов және спорт қауымы атынан мен қол қойған хат Орталық Комитеттің Бас хатшысы Л.И. Брежневке кеткен болатын” деп жазады М. Тәнекеев.

Ал содан алты жыл бұрын, яғни 1959 жылы “Советский спорт” газеті Қажымұқанның әлем чемпионы болғанын жоққа шығармақ ниетпен мақала жариялап, оны “Балуан емес, бар болғаны цирктегі күш амалдарын көрсететін алып екен. Ол ұлы балуан болған емес. Оның атына айтылып жүрген мақтау-мадақтаулардың бәрі ойдан шығарылған аңыз іспетті” деп жазып, бұл зерттеушілердің ақиқат жолына шығуына қозғау салған.

Сондай адамның бірі – Қазақстан спорт және туризм академиясының профессоры, республикамыздың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Маркс Қазыкенов осыдан соң мұрағат деректеріне індете үңіледі. Ол осы зерттеулерінің нәтижесінде Қажымұқанның 1871 жылғы 7 сәуірде туғанын анықтаған. Одан соңғы бір құнды дерегі – Қажымұқанның Омбыда орыс балуаны Андрей Злобинмен кездесуі. Бұл күрес 1889 жылы өткенін М. Қазыкенов “Оренбургское слово” газетінің сол жылғы бір нөмірінен тауып алған екен. Он сегіз жасар Қажымұқан Қызылжардан Омбыға барып, орыс алыбымен ойда жоқта кездесіп, цирк кілемінде белдескенін осы мақаладан оқып білген.

Бұдан кейін зерттеуші қазақ балуанының А.Злобиннің ақыл-кеңесімен Петербургке аттанып, ондағы орыс балуандары “Дядя Ваня” атап кеткен Иван Лебедевтің күрес мектебіне алынғанын дәлелдеген.

Қажымұқан күрес мектебінде орыстың ұлы балуандары Иван Поддубныймен және Иван Шемякинмен достасып, бірге жаттыққан. Қара терге шомылып, француз күресінің әдіс-айлаларына машықтанған қазақ жігіті көп ұзамай әлем чемпионатына жолдама алады. Әрине, Ресей құрамасының қатарына алынған соң осы елдің намысын қорғайды. Сөйтіп, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресте өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынады. 1895 жылы – Киевте, 1909 жылы Швецияның Гетеборг қаласында, 1914 жылы Парижде әлем чемпионы атағын жеңіп алады.

Қай кездегідей де, сол шақтарда да Қажымұқанның шын достарымен қатар, оған өшпенділікпен қараған балуандар да болған. Олардың ішінде Балтық бойы елдерінен шыққан Алекс Аберг, Георг Лурих есімдері аталса, орыс балуандарының арасынан да аңдатпай келіп, аяқтан шалатындар табылған. Тегінде, “Физкультура и спорт”, “Советский спорт” сияқты басылымдар қазақ балуанының жетістіктерін айғақтауда Қажымұқанға теріс көзқараста болған әріптестерінің сойылын соққанға ұқсайды. Бірақ кеңбейіл қазақ батыры өзіне қызғанышпен қараған қарсыластарының ондай әрекеттеріне қарамастан, жеңістің биік тұғырына ұмтыла түскен.

Мен мұны республикалық “Проспорт” журналының 2005 жылғы екінші нөміріндегі “Қазақ даласының балуандары” деген зерттеу мақалаға сүйеніп жазып отырмын. Орыс тілінде жарияланған бұл зерттеудің авторы Лаура Барлыбаева – ЮНЕСКО сыйлығының иегері. Осы мақалада Қажымұқанның француз күресіне қоса, еркін күресте де алдына жан салмағаны дәйектелген. Мысалы, 1915 жылы Ресей балуандары Солтүстік Америкаға барып өнер көрсеткен екен. Мұнда француз күресінен гөрі еркін күрес беделге бөленген. Америка балуандарының атақ-даңқы дүрілдеп тұрған. Атағынан ат үркетін сондай балуанның бірі – әлем чемпионы Джим Чипстің салмағы бір жарым центнер тартады екен. Ол орыс елінің бір балуанын жекпе-жекке шақырады. Оған Қажымұқан қарсы шығып, біраздан соң жойқын күшті әрі алып американдықтың қос жауырынын кілемге тигізген. Өйткені, бала күнінен қазақ күресінің жамбасқа салу, аяқтан шалу сияқты тамаша әдіс-айлаларымен көзі ашылған Қажымұқанға еркін күрес таңсық емес еді. Сондықтан ол америкалықтан қаймықпаған.

Сол кездері Қажымұқанның бойы 195 сантиметр, салмағы 135-140 килограмдай екен.

Қазақ балуанының америкалық алыпты өз жанкүйерлерінің алдында қойша домалатқанын Ресей делегациясын бастап барған ресми адамдар, әріптес балуандар ризашылықпен айтып келгені кейіндері неліктен назардан тыс қалғаны түсініксіз?

Қажымұқанның орыстың мықты балуандары Иван Ягоны, Георг Гаккеншмидті, Иван Заикинді, Станислав Збышко-Цыганевичті және басқаларын ұтқаны жайында айғақтарды кейіндері мұрағат деректерінен зерттеушілер тауып алған. Сондай-ақ Қажымұқанмен қатар кілемге шыққандардың бірі, әйгілі балуан Вейланд Шульц оның жеңістерін дәлелдеп, құнды әңгімелер айтқан.

Күрес тарихын зерттеушілердің пікірлеріндегі сәйкессіздіктердің төркініне бойлап көрсем, мынадай ой келеді. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Петербургте бірнеше күрес мектептері болған. Қажымұқан жаттыққан Иван Лебедев мектебі сияқты үйірмені Владислав Краевский де ашқан. И. Яго, Г. Гаккеншмид – осы мектеп түлектері. Екі мектеп балуандарының арасында қасақана дүрдараздық туғызғандар болғанға ұқсайды. Соның қырсығынан зерттеушілерге өңі айналдырылған деректер берілуі мүмкін. Сөйтіп, Қажымұқанның жетістіктері назардан тыс қалған деп ойлаймын.

Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, Лаура Барлыбаеваның зерттеуінде мынадай құнды дерек кездесті: өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Қазақстанда Қажымұқанның бірталай мықты ізбасарлары шыққан. Олар – Мұхамеджан Боқаев, Қантай Темірғалиев және орыс балуаны, грек-рим күресінен спорт шебері Василий Ярков сияқтылар. Зерттеу авторымен кездескен Василий Григорьевич былай депті: “Менің бойым бір метр тоқсан тоғыз сантиметр болатын. Қажымұқан менен үш сантиметр ғана төмен еді. Ал салмағы 138-145 килограмм тартатын. Ол зор салмағына қарамастан, грек-рим күресі “Кеудеден асыра лақтыру”, “Вертушка” сияқты әдістерін тамаша қолданатын.

… Кеудесінің аумағы – 145 см., белі – 173 см., жамбасы – 71 см., балтырларының әрқайсысы – 49 см., білектері – 47 см., иығының айналасы – 50 см. болатын. Аяқкиімінің өлшемі 47см. еді”.

Осы айтылғандарды алға тарта отырып, мен де журналист Зейнолла Әкімжанов көтерген мәселе орынды деп санаймын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp