Орал СЕҢКІБАЕВА,
облыстық Балалар
құқығын қорғау
департаментінің бөлім
бастығы.
Еліміздің болашағы жастар болса, сол жастарды үлгілі, өнегелі, отансүйгіш рухта тәрбиелеуді өз міндетіміз деп білетін Петропавл қаласының Халыққа қызмет көрсету колледжінің ұстаздар ұжымы биылғы Наурыз мейрамын тойлауға ерекше атсалысты. Аталмыш білім мекемесінде қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Сәуле Беркенқызы мен Алмагүл Қабдолқызы халқымыздың көнеден келе жатқан “Наурызнама” дәстүрін жаңа сарында, жаңа сипатта, жаңа реңк қосып ұйымдастырған.
Наурыз мерекесі аясында колледж түлектерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыруды және тілдің қолдану аясын кеңейтуді мақсат еткен шаралар барысында “Екі жұлдыз” байқауы да өтті. Бұл байқауға колледждің ұстаздары мен оқушылары жан-жақты дайындық жүргізгені бірден байқалып тұрды. Байқауға жалпы он екі жұп қатысып, өз өнерлерін паш етіп қана қоймай, сыныптастарын қазақ өнерімен тереңірек таныстыра отырып, оларды мәдениетке, қазақ халқының салт-дәстүріне тағы да бір қадам жақындата түсті.
Жалпы мереке Қазақстан жерінде Наурыз мейрамын тойлау туралы бейнефильм көрсетуден басталып, оның барысында әзіл әңгіме де, би де өз орындарын тапты. Сайысқа қатысушы әрбір үміткер өз жұбын таныстыру жағына да үлкен мән берген.
Әсіресе, сахнаға шыққан Ирина Джуньның өз шәкіртімен қосылып шырқаған “Балапан” әні тыңдаушылар көңілін бірден баурап алып, жүлделі бірінші орынды еншіледі.
Мерекелік салтанатты концертке айналған “Екі жұлдыз” байқауы барысында би биленіп, әзіл әңгімелер де айтылып жатты. Шара “Қара жорға” биін билеумен аяқталды.
Петропавл қаласы.