«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АФОНЬКИНОНЫ АЛҒА БАСТАУДА “Сыбағаға” сүйенбекші

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” КС-де машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, серіктестік инженері қызметтерін атқарып, іс-тәжірибе жинаған Қанат Бекенов 2010 жылдан бері Афонькино ауылындағы “Стан” ЖШС-іне жетекшілік етіп келеді. Агроқұрылымның 4900 гектар егістік алқабы бар.  

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Биыл осы алқаптың 3100-іне өзіміздің өңірде аудандастырылып, жақсы нәтиже көрсеткен “Омбы-35”, “Омбы-36”, “Астана” тұқымдарын, 450 гектарға арпа дақылын сепкелі отырмыз. Ол үшін 6 агрегат әзір етілді. Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында Үкіметтің қолдауымен өткен жылы 2 “Енисей” комбайнына, 3 “МТЗ-82” тракторына қол жеткіздік. Агротехникалық шараларды талапқа сай жүргізудің арқасында былтырғы қуаңшылықтың өзінде 16,5 центнерден өнім алдық. Осының өзі таңдаған бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетіп отыр, – дейді Қанат Жаңабайұлы.

 

Аталмыш серіктестік мал шаруашылығын дамытуға бағыт ұстанғанын “Мәмбетов және К” КС-де өткен мал сату аукционында көз жеткізген едік. Сонда Қанат Бекенов АҚШ-тың Оклахома штатынан әкелінген “Абердин-Ангус” асылтұқымды тайыншалардың меңкесерлік тұқымы саналатын 4 бұқаны 2 млн. 680 мың теңгеге сатып алған болатын.

– Елбасы саясатына орай егіншілікпен бірге мал шаруашылығын дамытуды да бастағалы отырмыз. Жеке шаруашылықтардан сатып алған 30 бас ірі қарамыз бар. Биыл “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 18 млн. теңге кредит алуға барлық құжаттарды тапсырып қойдық. Бұл несиеге 90 бас асылтұқымды мал аламыз. Бүгінгі аукционға қатысып отырғанымыз да сондықтан. Осы серіктестікпен әріптестік орнаттық. Ендігі аукцион кезегі тайыншаларға келетінін де білеміз. Қаншаға алсақ та, өз жерімізде дүниеге келген малдан ұтылмаймыз, – деген еді сол жолы жаңа шаруашылықтың басшысы Қанат Бекенов.

“Мәмбетов және К” КС-нің “мектебінен” өткен Қанат Жаңабайұлы ауылдың іргесі шайқалмауы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге байланысты, деп есептейді. Аталмыш серіктестікте еңбек ететін 50 адам ай сайын жалақы алып тұратын көрінеді. Өткен жылы орташа айлық еңбекақы 63 300 теңгені құраған.

СУРЕТТЕ: “Стан” ЖШС-і директоры Қ.Бекенов “Мәмбетов және К” КС-де өткен мал аукционында.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp