«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕНДІ ТАЛАП ТА, МІНДЕТ ТЕ ӨЗГЕШЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайырлы ЕДІРЕСОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық кадр комиссиясының мүшесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты дәстүрлі Жолдауында мемлекеттілікті одан әрі нығайтудың және қазақстандық демократияны дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. “Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс”, – деп атап көрсетіп, басқарудың орталықсыздандыру идеясын ұсынды. Оның түпкі мәні шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстар орталықтан өңірлік билік органдарына беру болып табылады. Мемлекеттік басқару жүйесінің сапалық өзгерісі, мәселелерді жергілікті жерлерде шешу жүйесін жаңа деңгейге көтеру арқылы халыққа және мемлекетке қызмет етуді бірінші кезекте қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат корпусын қалыптастыратын боламыз. Қазір алдымызда мемлекетті басқарудың жаңа таңдауы тұр. Бұл үдерістің уақыт талабына сай ұйымдастырылуы мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамына және кәсіби жоғары даярлығына тікелей байланысты екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Осыған орай Президент мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басшылардың мүлдем жаңа санаты – “А” корпусын құруға тікелей тапсырма берген еді. Елбасы 26 наурыз күні “А” корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу және “А” корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидаларын бекіту туралы”, “Мемлекеттік қызметтің кадр резерві туралы” Жарлықтарына қол қойып, елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі енгізілді.

 

Дәстүрлі әкімшіл әдістен батыл бас тарта отырып, мемлекеттік қызметтің тың тұрпатын жүйелендіру мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талапты да, талғамды да өзгертіп, жауапкершілік жүгін еселей түсері сөзсіз. Мемлекеттік аппараттың реформалануынан ұтарымыз көп. Біріншіден, кәсіби басқарушылар корпусын жасақтауға мүмкіндік туады. Мемлекеттік қызметтің сапасы түбегейлі артатын болады. Олардың үлкен шоғырын “А” корпусына біріктіру арқылы ерекше кәсіби, біліктілік қасиеттері артылады. Екіншіден, заңдарды білу, мемлекеттік тілді игеру, проблемаларды шешу, халықпен қоян-қолтық байланыс жасау мәселелері бойынша ынта-ықылас оянады. Бұдан жаңа тұрпатты топ қандай да бір артықшылықтарға ие болады деген сөз емес. Керісінше, іріктеу барынша ашық та қатаң жүргізіліп, кәсіби іскерлігі жоғары, халық, ел мүддесін бірінші орынға қоятын кадрлар резерві жасақталады. Енді мемлекеттік қызметшілердің жеке тұлғалық құзыреті, өз қызметіне лайықтылығы шынайы жұмысымен бағаланып, мемлекеттік бағдарламалық тапсырмаларды орындауы қатаң сұралары анық. Осылайша жеке жауапкершілікті күшейту “командалық” сапырылысқа тыйым салары, мемлекеттік аппараттың жұмысын түбегейлі жақсартары, жемқорлықпен күресті күшейтері сөзсіз.

Жаңа ережеге сәйкес өңірдегі саяси қызметкерлер санатына облыс әкімі, оның орынбасарлары және облыс орталығының әкімі кіргізілді. Бұдан тысқары мемлекеттік қызметкерлер “А” және “Б” корпусына бөлінді. Оның ішінде “А” корпусы 1 және 2 санат болып екі топқа бөлінді. Бірінші санатқа Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңестің төрағасы, облыс әкімі аппаратының басшысы және аудан әкімдері жатқызылса, екінші санатты облыстық тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелері құрайды. Осылайша, “Кадр бәрін шешеді” деген ұғым түбірімен өзгеріп, демократиялық қағидаттармен үндесуі әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді жаңа талаптар бойынша іріктеуге және орналастыруға алғышарттар жасайды. Жасыратыны жоқ, олардың ойлау деңгейі, жұмыс істеу дағдысы әрқилы. Араларында өз істерін жетік білетіндері де, әупіріммен жүргендері де бар. Ал “А” корпусын құру мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткісі келген кез келген адамды, әсіресе, жас буынды отандық басқару жүйесіне кеңінен тарта отырып, кәсіби машығын төселдіруге, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдауға жол ашады.

“А” корпусының лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары заңда жан-жақты қарастырылған. Мәселен, үміткерлердің кәсіби деңгейі мен жеке қасиеттеріне қатысты өзге де құжаттар, біліктілігін арттыруы туралы, шет тілін меңгеру деңгейін айқындайтын сертификаттардың көшірмелері талап етіледі. Ал үміткерлердің көрінеу жалған ақпаратты және құжаттарды ұсыну фактілерінің анықталуы оларды “А” корпусының кадр резервіне іріктеудің кез келген кезеңінде шығаруға негіз болып табылады. Сол сияқты тестілеу, әңгімелесу шарттары да күшейтілген. Тестілеуден оң нәтиже алғаннан кейін ғана әңгімелесуге жіберіледі. Ұлттық комиссияның шешімдері негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган “А” корпусының кадр резервін жасақтайды. Ал лауазымынан теріс себептермен босатылған “А” корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі кадр резервіне алынбайды. Қарап отырсақ, бекітілген ережелерге сәйкес “А” корпусына кадрлық резерв іріктеу жұмыстары әлдеқайда қатаңдатылған. Мұның өзі үміткерлердің кәсіби шеберлігін, адами тұлғасын, білімін жан-жақты саралауға мүмкіндік береді, кездейсоқ адамдардың кіріп кетпеуіне тосқауыл қояды.

Бүгінгі уақытпен үндес әкімшілік реформа орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың кәсіби кадрлар корпусын жасақтап, олар өз өкілеттіктері шеңберінде тиімді жұмыс істейді деген сенімдеміз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp