«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТАҚХАНАЛАР ЖОҒАРЫЖЫЛДАМДЫҚТЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазақтелеком” компаниясы Петропавлдағы студенттер қалашығында орналасқан жатақханаларға iD Net брендімен танымал оптикалық-талшықты Интернет желісін жеткізді. Студенттер енді бөлмелерінде жатып жоғарыжылдамдықты Интернеттің рахатын сезіне алады. Алайда, мұндай ләззат олардың қалтасын біршама қағатын болды.

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Студенттер қалашығында жалпы саны 5 жатақхана орналасқан. Соның төртеуіне оптикалық-талшықты технология тартылды. Атап айтқанда, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттеріне тиесілі №1, 2, 3 және М.Жұмабаев атындағы ПГК-ның оқушылары тұратын жатақхана Интернетке қосылды.  

Жаңа технологияны қалай пайдалану керектігін түсіндіру үшін Солтүстік Қазақстан орталық телекоммуникациялар дирекциясы мамандары жатақханада тұратын 200-дей студентпен кездесіп, “Қазақтелеком” қазынасы” атты квест-тур өткізді. Аталмыш кездесуде iD Net кеңжолақты Интернет желісінің артықшылықтары айтылды.

 

Жалпы, “Қазақтелеком” Петропавлда оптикалық-талшықты технологияны дамытуды 2011 жылдан қолға алған екен. Содан бері облыс орталығындағы 140 үй осы желіге қосылған. 2000-дай қызылжарлық ең соңғы технологиядағы жоғары-жылдамдықты Интернетті пайдаланып отыр.

– Студенттер қалашығындағы төрт жатақханаға сым тартылып, құрылыс аяқталды. Енді өтініштер қабылдап жатырмыз, – дейді квест-тур ұйымдастырушыларының бірі СҚООТД “Қазақтелеком” АҚ филиалы бас директорының орынбасары Любовь Маслова.

Өтініштер бойынша iD Net әр бөлмеге жеке-жеке тегін орнатылады. Сонымен қатар тапсырыс берушінің қалауы бойынша Wi-Fі роутер де тегін беріледі. “Қазақтелекомның” өкілдері iD Net-ке қосылған студенттерге ұсынып отырған қызметтің сапасын бағалау үшін бір ай көлемінде тегін қолдануға мүмкіндік бермек. Алайда, сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін Интернетке қолжетімділік бірден ақылы болады.

ID Net брендті ақылы қызметті пайдалану үшін таңдауға екі тариф ұсынылады: бірі, “Turbo Light”, жылдамдығы – 100 Мбит/сек., бағасы – 4600 теңге. Екіншісі, “Light”, жылдамдығы – 50 Мбит/сек., бағасы – 3600 теңге. Интернеттің барлық мүмкіндігін сынау үшін студенттерге екіншісі де артығымен жетеді.

Университет жатақханасында 700-ден астам студент тұрады. Бөлмелері екі кісілік, үш кісілік, төрт кісілік болып бөлінеді. Егер бір бөлмеде тұратындар ақылдасып, Интернет орнататын болса, құнын бөліп төлейді. Қазіргі дамыған заманда ноутбугы барлардан гөрі, ноутбугы жоқ студенттерді санап шыққан әлдеқайда жеңіл болар. Сондықтан бөліп төлеу арқылы студенттер бір-бірінің қаржылық жағдайына да жеңілдік жасап, wi-fi роутер арқылы Интернетті бәрі бір уақытта қолдана алады. Сонымен қатар тапсырыс берушілер жатақханаға iD Phone – Қазақстан бойынша қалалық нөмірлерге тегін қоңырау шалу қызметін де қоса алады. Ол үшін iD Net-пен қоса алғанда айына 5100 теңге төлеп тұру қажет.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов өз саласында студенттер жоғары табысқа жету үшін заманауи технологияларды белсене қолдана білуі керек деп есептейді. Жатақханаға соңғы технологияның жетуі кімге де болсын жағымды жаңалық, әрине. Алайда, бәрі бір СҚМУ студенттері wi-fi роутер арқылы жатақханада тегін Интернетті қолданатын ЕҰУ сияқты басқа да ЖОО-лардың студенттеріне қызыға қарайтыны анық.

Дегенмен, бұл мәселеге аталмыш оқу ордасының студенттері аса мән бермейтін сияқты. Себебі, қолдарында телефоны, планшеті, ноутбугы, 3G модемі бар, әрі Петропавлдағы дәмханалардың көбінде тегін wi-fi Интернетке қосылу нүктесі бар. Енді, міне, жастарға “Қазақтелеком” көмекке келді. Бұл жерде, әрине, көштен қалмау үшін студенттік “жүдеу” қалтаны біраз қағуға тура келеді.

Алдағы екі жылда “Қазақтелеком” Петропавлдың барлық мектептеріне жоғарыжылдамдықты iD Net кеңжолақты Интернетін жеткізбек. Сонымен қатар аудан орталықтарына да осы технологияны тартуды таяу жылдардың жоспарына енгізіп отыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp