«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛЕ ТҮСЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жанахмет ТАСШЫҒҰЛОВ,

СҚО бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры.

Қазақстан 1998 жылы ұрпақтар ынтымақтастығының әлеуметтік қағидасынан жеке зейнетақы жинақтауға біртіндеп көшуге кірісті. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүзеге асырылған әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі қызметінің нәтижесінде Қазақстанда:

– зейнетақымен қамтамасыз етудің көпдеңгейлі жүйесі құрылды және қызмет етеді. Ол негізгі, міндетті (ортақ және жинақтау) және ерікті деңгейлерден тұрады;

– тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму негізінде зейнетақы бағдарламасын қаржыландыру ұлғайтылды. Зейнетақы төлемдерінің көлемінің толассыз өсімі қамтамасыз етілді.

 

2005 жылы базалық зейнетақы төлемі енгізілді, ол бүгінгі күні 3 есе ұлғайып, айына 9330 теңгеге жетіп, ең төменгі күнкөріс көлемінің 50%-ын құрады. Осыны ескере отырып, 14 жылда (1998-2012 жылдар) ең төменгі зейнетақы көлемі 11 есеге (2440 теңгеден 26211 теңгеге дейін), орташа көлемі – 10 есеге (3964 теңгеден 38765 теңгеге), ең жоғарғысы – 7 есеге (7256 теңгеден 56047 теңгеге) дейін өсті;

– жинақтау жүйесін енгізу және қызмет көрсету іс-тәжірибесі толыға түсті;

– азаматтардың зейнетақы жинақтау көлемі ұлғаюда. 2013 жылдың 1 қаңтарында зейнетақы жинақтау сомасы 3183,2 млрд. теңгеге жетті.

Анықтама: 2013 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 130 мың зейнетақы алушы есепте тұр, республикалық бюджет қаржысынан мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры қаржысынан әлеуметтік төлемдер жүргізіледі. Оларға ай сайын төлемдердің 40-тан астам түрі беріледі. Олардың ішінде 92673 адам – зейнеткер, соның 6680-і – әйел, 25872-сі – ер адамдар.

2012 жылы барлығы жалпы сомасы 62 млрд. 600 млн. теңге зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы төленді. Зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы алушыларға төлем жасауға республикалық бюджеттен ай сайынғы қаржы қажеттілігі 4 млрд. 612 млн. теңгені құрады. Орташа зейнетақы әйелдерде – 36813 теңге, ерлерде – 29445 теңге көлемінде (базалық зейнетақыны есептемегенде).

Осы ретте ынтымақтастық жүйеден зейнетақылық төлемдер көлемі алдағы уақытта оның азаюына байланысты (азаматтардың 1.01.1998 жылға дейінгі жинақталған еңбек өтілдері кемиді) кемитін болады. Осының орнын жинақтаушы зейнетақы қорларының төлемдері толтырады деп болжанған. Алайда, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің салыстырмалы түрде ұзақ емес қызмет етуі (15 жыл) және жеткіліксіз тиімділігі зейнетақымен қамтамасыз етудің әлеуметтік тұрғыдан келісуге боларлықтай деңгейін қамтамасыз ете алмайды.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне біртіндеп көшуді қамтамасыз ету мақсатында сол кездегі зейнеткерлер және зейнеткерлік жасқа жеткен 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар (6 айдан кем емес) адамдар үшін ынтымақтастық жүйесі сақталған болатын.

Осы ретте толық зейнетақы тағайындау үшін әйелдерге – 20 жыл және ерлерге – 25 жыл міндетті еңбек өтілі бекітілді.

1998 жылдан бастап ынтымақтастық зейнетақысы 930 мың адамға (зейнеткерлердің жалпы санының 53 пайызы) тағайындалды, олардың 95 пайызы толық еңбек өтілі барын растады, 5 пайызында толық емес еңбек өтілі болды.

Соңғы жылдары толық емес еңбек өтілі бар зейнеткерлер санының өсімі байқалады, мысалы, 2006 жылмен салыстырғанда олардың жаңадан қосылып жатқан зейнеткерлердің жалпы санындағы үлес салмағы екі еседен астам өсті: 5 пайыздан 12 пайызға дейін.

2018 жылға дейін ынтымақтастық зейнетақысы көлемінің азаюы аса сезілмейтін болады. Ал содан кейін зейнет жасына жеткен барлық адамдардың толық ынтымақтастық зейнетақысының тағайындауға қажетті өтілінің болмауына байланысты ол айтарлықтай дәрежеде білінеді.

Қазіргі уақытта ынтымақтастық зейнетақысың азаюының орны бұрындары шамалағандай жинақтаушы зейнетақымен емес, басым түрде базалық зейнетақымен толықтырылады.

Сондықтан Мемлекет басшысы 2012 жылғы 27 қаңтардағы “Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты” Жолдауында және 2013 жылғы 23 қаңтарда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Үкімет пен ҚР Ұлттық банкіне жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша шаралар қолдануды тапсырды.

Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілген “Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы” Заң жобасының шеңберінде бірегей жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) құру және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру көзделді.

Соған қоса, заң жобасына енгізілмеген, алайда зейнетақы жүйесін одан әрі дамытуға қатысы бар қосымша мәселелер қарастырылуда. Бүгінгі күнге аталған бағыттағы жұмыстар зейнетақымен қамтамасыз етудің көпдеңгейлі жүйесін сақтай отырып, жүзеге асырылатын болады. Қайта құруды кезең-кезеңімен, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің (ЖЗЖ) тұрғындарға қызмет көрсетуін кеңейту, зейнетақымен қамтамасыз етудің төменгі кепілдемелерінің жүйесін өзгерту, зейнет жасын бір ізге келтіру және айрықша жағдайларда жұмыс істейтін адамдардың ерікті зейнет жарналарынан міндетті түрдегі кәсіби жарналарға көшуі мәселелері бойынша кеңінен талқылауды және жариялылықты ескере отырып, жүргізу ұсынылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp