Қазақ күресінен өтетін республикалық “Қазақстан барысы” додасына іріктеу кезеңі басталды. Астанадағы “Сарыарқа” велокешенінде өтетін ақтық сынға жолдама үшін талас еліміздің барлық өңірлерінде жүріп жатыр. Жуырда Қызылжар ауданының орталығындағы “Болашақ” дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жергілікті 10 спортшы қазақ күресінен өтетін “Қазақстан барысы” додасының облыстық сынына берілер жолдаманы сарапқа салды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш шараға күрес десе ішер асын жерге қоятын көрермен қауым көптеп жиналды. 75 кило және жоғары салмақта бақ сынаған қазақ күресінің балуандарына аудан тұрғыны Әділхан Мәнкей ақсақал ақ батасын берді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Топ жарған Исатай Макарамовқа – 100 мың, екінші орынды иеленген Сәкен Қаражановқа – 50 мың, ал үшінші орынды місе тұтқан Талғат Әшімовке 30 мың теңге тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, әрбір ауыл мен аудандардағы іріктеу сынын “Қазақстан барысы” қазақ күресін дамыту қоры мен “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясы бірлесіп өткізуде.