«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘРІ ҚҰРЛЫҚ ДҮРЛІГІП ТҰР… Ал біз қамсыз емеспіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Дүниежүзілік қаржы дағдарысының салқыны

Әлемдегі қаржылық жағдайда елең еткізерліктей оң өзгеріс жоқ. Керісінше, өткен аптадағы Кипрдегі банкілік дүрбелең Еуроаймақта ғана емес, барлық елдердің қаржылық орталықтарында үрей туғызғандай болды. Оның, негізінен, соңғы жылдары бірқалыпты өсім беріп келе жатқан Ресей экономикасын шідерлеуге бағытталған іс-әрекет екені айтылуда. Өйткені, еркін экономикалық аймаққа жататын Кипрдегі банк салымдарында Ресей салымшыларының үлесі мол. Кипр парламенті Еуроаймақ елдері қаржы министрлерінің ел экономикасын құтқаруға қаржы алу үшін басты шарт саналатын банк депозиттеріне салық салуды енгізу талабын қабылдамай қойды. Бұл туралы Германия қаржы министрі Вольфганг Шойбле Еуроаймағының көмегінсіз Кипрдің екі ірі банкіне де банкроттық қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді.

Кипр президенті Никос Анастасиадис өткен аптаның сәрсенбісі күні елдегі барлық саяси партиялардың серкелерімен кеңес өткізіп, үкіметтің дағдарыстан шығу жөніндегі одан арғы саясатын сөз етті. Мәселе ел парламентінің банк салымдарына салық салуды енгізу заң жобасын қабылдамай тастағанында болып отыр. Бұл құжатқа бірде-бір депутат жақтап дауыс берген жоқ. Ал билік басындағы “Демократиялық бірлік” партиясы негізінен қалыс қалды, қалғандары қарсы шықты. Заң жобасы көлемі 20 мыңнан 100 мың еуроға дейінгі салымдарға – 6,75 пайыз, 100 мың еуродан жоғары салымдарға 9,9 пайыз ставкасында бермезгілгі салық салуды көздейді.

Еуропалық мемлекеттер аралдық елді одан әрі де қолдауға дайын екендіктерін айтып, сақтана сөйлеген мәлімдемелерімен шектелді. Алайда, нақтылы қадамдары туралы айтылмайды, егер Кипр серіктестерінен қаржылық көмек алмаса, онда ол дефолтқа ұшырауы мүмкін, дейді сарапшылар. Оның өзі жағдайды ушықтырып, елдің Еуроаймақтан шығуына әкеліп тіреуі мүмкін, яғни бүтіндей валюталық блоктың болашағына қауіп тудырады.

 

Осы қазіргі Кипрдегі жағдай әлемдік қаржы дағдарысының әлі де күн тәртібінде өткір тұрған мәселе екенін аңғартады. Еуро валютаның құнсыздануы бүгінде АҚШ-Ирак соғысы басталған кездегі деңгейге жетіп қалды. Ресей рублі де құнсыздануын жалғастыра түсті. Ал жапон иенасының бағамы өсе түсті. Жапондар енді ұдайы өсіп отырған иена – тауардың өтімділігі төмендейді деп үрейленуде. Бұл елдің орталық банкі енді инфляциямен күрес емес, керісінше дефляциямен күресетін сыңайлы. Олай болса, елдің орталық банкі бағасы өте жоғарылап кеткен иенаның тізгінін тежеу амалын табуы керек, алайда әзірге оның реті келер емес.

Өткен жылғы қараша айында дүниежүзіндегі ең мықты 20 мемлекеттің және Дүниежүзілік валюта қорының басшылары Нью-Йоркте бас қосып, нақты шара қолдануға келісті. Еуроаймақтағы қаржы сарапшылары: “Халықаралық валюта өзгеруі мүмкін” деген болжам айтуда. Осы орайда мықтап ескерілер ең маңызды жайт – айналымға жалпыға бірдей ортақ халықаралық валюта енгізудің қазіргі күн талабынан туындап отырғандығы, алайда ол көп уақытты және әлем елдерінің ауызбірлігін талап ететін өте ауқымды іс-шара болып табылады.

Халықаралық ОПЕК ұйымының мүшелері жуырда бас қосып, өздерінде өндірілетін тәуліктік мұнай мөлшерін азайтуға келісті. Олардың пайымдауынша, әлемдік қаржы дағдарысына мұнай бағасының көтерілуі онша әсер ете қойған жоқ. Оған дәлел – мұнай баррелі 140 доллардан 100 долларға дейін түсіп, айтарлықтай арзандаса да, қаржы дағдарысының шиеленісті жағдайы шешілмей тұрғаны. Сондықтан мұнай баррелінің бағасы өз деңгейінде болуын қамтамасыз ететіндей ғана өнім өндіріп, экспорттау керектігін айтады.

Десе де, дәл бүгінде қаржылық мәселелерге байланысты іс-әрекеттер әлем елдерінің орталық банктері төңірегінде өрбуде. Дүниежүзілік валюта қорының бас экономисі Оливье Бланшар әлемде орталық банктердің шектен тыс ықпалының күшеюі қаупін айтты. Лондондағы экономика мектебінде өткен конференцияда сөйлеген сөзінде сарапшы жетекші орталық банктердің қаржылық қадағалау мен реттеу аясында кең өкілеттілік алуын сөз ете отырып, алайда оның болашақта күрделі жағдайларға ұрындыруы мүмкіндігін ескертті. Оның пікірінше, шектен тыс саясатпен әуестеніп, жойқын күш алған орталық банктерде демократиялық үрдістер жетімсіздігі туындауы мүмкін. Қазіргі Кипр елінің бас банкіндегі жағдай – соның айғағы.

“Арық айтып, семіз шығуды” жөн көрдік

Әлемдік қаржы дағдарысының теріс әсері осыдан бірнеше жыл бұрын біздің Қазақстанға да тиді. Екінші деңгейдегі банктеріміз сырттан “қорлана” алмайтын жағдай қалыптасты, керісінше бұрын алған несиелерді жедел қайтаруға тура келді. Сол себепті елдегі ипотекалық жүйенің қалыптасып қалған желісі бұзылып, оған деген тұрғындар сенімі күрт төмендеді. Ипотекалық несие арқылы “май шелпекке кенелеміз” дегендер тақырға отырып қалды. Халыққа берілген несие қайтарымының қиындағаны сондай – әлеуметтік наразылық тудыра жаздады. Соның кесірінен жылжымайтын мүлік құны түсіп кетті. Қазір ол енді-енді ғана бұрынғы деңгейіне жетіп келеді. Алайда, оның өзін халықтың нақты табысына шақталмаған, алыпсатарлардың қолдан жасаған бағасы демеске болмайды.

Дегенмен, өз егемендігін алған 20 жылдың ішінде ауқымды істер тындырып үлгерген еліміздің қазынамызға Ұлттық қор мен Ұлттық банктің, тұрақтандыру қорындағыны қоса есептегенде, қазірде 85 миллиард доллардың үстінде мол қаржы жинақтап алғаны осы дағдарысты кезеңнен жеңіл өтуге септігін тигізді. Оның үстіне Қазақстанның бағасы төмендемеген шикізаттың экспортынан түскен валюталық кірістің сырттан бұрынғы алынған несиелердің қайтарымы ретінде шетелдерге шығарылатын валюталық шығысты толық жаба алатындай деңгейден табылғаны да жақсы болды. Міне, осы екі жағдай еліміздің ілгері дамуын сақтап қалғаны сөзсіз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нарықтың құбылмалы мінезін жетік білетін көреген тұлға болып шықты. Кейбіреулер кезінде неше түрлі наразылық пікірлерін білдірсе де, Президенттің тікелей нұсқауымен құрылған жоғарыда аталған қорлар бүгіндері отандық экономиканы дамытудың қайнар бұлағына айналып отыр. Ел экономикасына сын болған сол бір қиын кезеңде Елбасы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізіп, онда Қазақстан Республикасы дамуының бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезіндегі стратегиясын айқындап алды. Мемлекеттік екі үлкен құрылым “Қазына” тұрақты даму қоры мен “Самұрық” мемлекеттік активтерді басқару холдингі біріктіріліп, қандай дауылға да болса, қарсы тұра алатын алып және қуатты “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. Бұл құрылым бүгінде Қазақстанның қаржы-экономикалық жүйесіне локомотивтік қызмет атқарып, бүкіләлемдік дағдарысты жағдайдың өзінде еліміздің ырғақты және қарқынды дамуын жалғастыра беруде зор қызмет атқару үстінде.

Елімізде “Қазақстан – 2030” Стратегиясында белгіленген межелі белестердің қазірдің өзінде орындалып отырғаны – біздің “Арық айтып, семіз шығуды” жөн көргендігіміздің жемісі. Енді, міне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында алдымызға жаңа еңселі міндеттер қойып, ұзақмерзімдік даму жоспарын жасады. Онда 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен бірқатар маңызды міндеттерді шешу көзделеді. Атап айтқанда, алдымен мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс. Онда бюджет саясаты жаңа қағидаттармен толықтырылып, өз мүмкіндіктеріміздің шегінде ғана шығындануға және тапшылықты қолдан келгенше қысқартуға бағдар ұсталынады, “қиын-қыстау” күнге резервтік қор жинау көзделеді. Сол сияқты салық және ақша-кредит саясатында да ең алдымен олардың тиімділігіне басты назар аударылып, әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірісін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын шаралар жүзеге асырылады. Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алады. Ол үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешені, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешені әзірленеді.

Елдің мемлекеттік қарызының деңгейі тұрақты бақылауда болады. ІЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1 пайыздан 2015 жылғы 1,5 пайызға дейін төмендету көзделеді. Мүмкіндігінше мемлекеттік қарыз аз мөлшерлі деңгейде қалуы тиіс. Біз әлемдік тұрақсыздық жағдайында бюджетіміздің тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігімізді тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp