Балғаным ОСПАНОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы” АҚ
СҚО филиалы үшінші базалық
деңгей жаттықтырушысы.
Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын тыңдай отыра еліміздегі көптеген мәселелермен қатар, бүгінгі білім беру саласы және қазақ тілінің тағдыры, болашағы, қадір-қасиеті Мемлекет басшысын аз толғандырып жүрмегеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Жолдауда білім-ғылым саласына да ерекше көңіл бөлінді. Елбасы алдағы уақытта осы салаға айрықша назар аударуды тапсырды. Әсіресе, оқу-ағарту саласын заманауи әдістемелік жағынан жарақтандырып, толық қамтамасыз етуге бағытталған сөзі тұшымды болды. Соның ішінде біліктілік пен сапа жағына ерекше мән берілді. Елбасы университетті бітірген түлекті толыққанды маман деуге болмайтынын, олардың мамандықтарына сай біліктіліктерін растайтын, дәлелдейтін арнайы тәуелсіз орталықтар құру қажеттігін айтып өтті. Президенттің мұндай орталықтар ашу керектігі жайындағы пікірі білім саласындағы маман-кадрлардың сапасын арттыруға бағытталған шара болмақ.
Бүгінгі күні Қазақстанның заманауи білім беру жүйесі үшін өзекті мәселелердің бірі – оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де шығармашылық әлеуеттерін дамытуды қамтамасыз ету. Сондықтан қазіргі кезде облысымыздағы педагог мамандардың ақпараттық және сандық технологияларды игеруі, оларға әдістемелік қолдау көрсету, желілік қатынастық режімде үздіксіз педагогикалық білім беру – басты назарда. Мұғалімдерді өзгермелі өмірге дайындау мақсатында Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдарының Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетімен бірге әлемдегі ең үздік білім беру бағдарламалары негізінде ұстаздар біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасын дайындады. Үшінші деңгейлі бағдарлама бойынша мұғалімдерді оқыту – әр облыстардағы “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының филиалы облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институттарының еншісіне тиіп отыр. Былтыр осы бағдарлама бойынша сәуір-маусым және қыркүйек-қараша айлары аралығында өткен екі кезеңде 299 мұғалім өз білімдерін жетілдірді. Мен оны дер кезіндегі, нағыз өзекті, заманауи талаптарға жауап бере алатын бағдарлама деп есептеймін.
Жаңа форматты бағдарламаның арқасында мұғалімдер оның негізін құрайтын жеті модульдің теориясын игеріп, халықаралық тәжірибені өздеріне енгізе алды. Мұғалімдер өз тәжірибесі туралы сыни тұрғыдан ойланып (рефлексия), өзін-өзі жетілдіру қабілетіне ие болды. Оқушылар білім алуға тарту әдістемесін меңгерді және мектеп мұғалімдерінің кәсіби қоғамдастығы аясында белсенді жұмыс істеуге үйренді. Педагог ретінде өз рөліне және өз мамандығына жаңаша көзқараспен қарап, жеке басының тұлғалық қасиетінің жақсаруына, құзыреттілігінің дамуына мүмкіндік алды. Қазіргі заманғы мектептерде оқыту мен тәрбиелеу үдерісін жақсартатын әдіс-тәсілдермен қаруланды.
Бұл курстардың жаттықтырушысы болу менің дамуымның жаңа кезеңі деп білемін. Мен осы бағдарлама бойынша жаттықтырушылық қызмет атқарып жүргенімді мақтан етемін және Қазақстан мектептерінің дамуы мен бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жаттықтырушысы ретінде үлкен үлес қосатыныма сенемін.
Мен Астана қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдарының Педагогикалық шеберлік орталығы және Кембридж университетінің ұйымдастыруымен өткен “Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері” атты II халықаралық конференцияға қатыстым. Оған әлемнің 11 елінен ғалымдар келіп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ шыққан жинаққа біздің институттың төрт қызметкерінің мақалалары жарияланды. Жақында өз институтымыздың қабырғасында да осындай халықаралық конференция өтті. Осындай шаралардың барлығына біздің мекемеміз белсенді араласып келеді. Бұл біздің Елбасымыз көздеген мақсатқа жету жолында қосқан үлесіміз деп білемін.
Елбасының Жолдауында айтылғандай, қазақ тілінің мәселесін шешу, яғни оның жаппай қолданыс тіліне айналып, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын кезеңге жету үшін барынша жұмыла еңбектену – біздің басты міндетіміз.
Сондай-ақ Президент 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісу қажеттігіне тоқталды. “Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен Интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады”, деген түйінді пікір айтты. Осылайша зиялы қауым ортасында түрлі пікірлер тудырып, оны уақыт еншісіндегі мәселе деп қарап жүргендерге Елбасымыз үлкен міндет жүктеді. Мұны жүзеге асыруда біздің институт алдында күрделі жобаларды жоспарлау міндеттері тұр.
Жолдауда қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылданып жатқандығы жөнінде де айтылды.
Елбасының Жолдауынан туындаған міндеттерді шешу – біздің азаматтық парызымыз. Сондықтан біз өзімізге жүктелген мақсат-міндеттерді орындаудың тиімді жолдарын тауып, мемлекеттік тілге деген құрметтің ұлттық сананың биігіне көтерілуіне, білім беру саласында алдыңғы қатардан көрінуге өз ықпалымызды тигіземіз деген сенімдемін.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.