«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕП, ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Руслан ЕСЖАНОВ,

Тораңғыл орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Менің мектепте білім алып жүрген, болашағыма әлі терең бойламаған кезімде-ақ туған тілге деген ынтаықыласым ерекше еді. Қазақ тіліндегі әдеби кітаптарды сүйіп оқып, кейіпкерлер әлеміне ойша еніп кететін сәттерім көп болатын. Ақыры Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжге қазақ тілі мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2007 жылы тамамдаған соң Тораңғыл орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналастым.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында тіліміз төске өрлеп, өзінің мемлекеттік мәртебесіне сай дәрежеге жетті. Мен Тұңғыш Президентіміздің халқымызға жыл сайынғы Жолдауларын оқыған сайын олардағы қазақ тілін дамытуға бағытталған тиянақты тапсырмаларды ойыма түйіп, қанаттана түсемін. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауындағы: “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада қатынас тіліне айналады”, – деген тұжырым жаныма сенім ұялатады.

 

Оған өзім қызмет атқарып жүрген мектебімде айғақтар жеткілікті. Бұрынғыдай емес, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге ынта-ықыласы күрт өзгерді. Өйткені, ана тіліміздің қоғамдағы қолданыс аясы кеңейді. Оның мәртебесі биіктеді. Оны меңгермейінше, мемлекеттік қызметке қол жеткізу қиын екендігін болашақта бұдан дәмелері барлар анық аңғарды. Бұрындары қазақ тілі бойынша берілген тапсырмаларға жеңіл-желпі қарайтын оқушылар түгіл, олардың ата-аналары ықылас танытып, балаларының үй тапсырмаларын мүлтіксіз орындауын қадағалап отыратын болды.

Мұғалімнің біліктілігіне талап та күшейе түсті. Сондықтан мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне сырттай оқуға түсіп, 2011 жылы бітіріп шықтым.

Мектебімізде жүз алты оқушы білім алады. Қазақ, орыс және басқа ұлт өкілдерінің балаларын қызығушылықпен оқыту үшін мектептен бастап, аудандық, облыстық білім сайыстарына қатысуға даярлаймын. Бұл ретте өзім оқытатын төртінші, алтыншы, жетінші сыныптағы балаларды “Жарқын болашақ” атты жыл сайынғы олимпиадаларға қатыстырамын. Осы сайыстарда Құдайберген Әскеров деген оқушым көзге түсті.

Мені, әсіресе, үздік оқитын орыс балаларының жетістіктері қуантады. Атап айтқанда, жетінші сыныпта оқитын Дмитрий Волков қазақ тілінде сауатты жазып, жатық сөйлеуге машықтанды. Мен оған мектепте қазақ тілінде өтетін шараларды жүргізу міндетін жүктеймін. Ол барынша ыждағатпен даярланады және ойдағыдай өткізе біледі.

Екінші бір шәкіртім – Анастасия Игнатова қазақ тілін меңгеруде Дмитрий сынды сыныптасынан қалғысы келмейді. Соған қоса ол қазақша ән салады. Жақында аудандық “Әнші бұлбұл” сайысына қатысып, мерейге бөленді.

Әрине, орыс мектебінде білім алып жүрген қазақ оқушыларына қоса, орыстілді балаларды мемлекеттік тілге баулу оңай емес. Қиындық қайда болса да кездеседі ғой. Оларды мұғалімнің табандылығы, біліктілігі ғана жеңеді. Ең бастысы, ұстаздың өзі ұмтылыстан жаңылмауы керек. Сонда ғана туған тілдің тасы өрге домалайды.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp