Қазіргі мектептің басты мақсаты – қоғамға қажетті тұлға дайындау. Түлек мектептен білім мен дағдыны жетік меңгеріп, шығармашылық бағытта жұмыс істеп, өз бойындағы ерекше қабілеттерді жаңалық ашуға қолдана білетін азамат болып шығуы тиіс.
Айнаш ЖАМАЛИЕВА,
Ә. Дүсмұхамбетов атындағы облыстық дарынды
балаларға мамандандырылған
гимназия-интернаттың математика пәнінің мұғалімі.
Сабақтың мақсаты – ең түпкі нәтиже. Жан-жақты ойластырылған, жоспарланған сабақта білім тереңділігі мен тиянақтылығы, іскерлік пен дағдының тәжірибеде қолданылып, оқушының сабақ үстінде және кейіннен өз бетінше ойлануына, шығармашылықпен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Оқушының сабақ үстіндегі белсенділігін арттыру әр сабақтағы олардың оқу еңбектерінің салмағын арттыру деп түсінемін. Сабақтың басты мақсаттары терең ойластырылмаса, оқушы тақырыпқа қызығушылық танытпайды. Нәтижесінде оқушы жалқауланады. Сондықтан оқушының қызығушылығын арттыру сабақтың алғашқы минуттарынан басталуы керек.
Талапқа сай, математикалық білім беру – күрделі мәселе. Қазіргі уақытта оқушылардың математикадан білім сапасын көтеру үшін олардың есеп-қисапқа деген ықыласын арттыру керек.
Мысалы: 7-сыныпта “Үшбұрыштың тамаша төрт нүктесі” тақырыбын өткенде, олармен салу жұмыстарын өте көп өткізу жақсы нәтижеге итермелейді.
а) сүйір бұрышты үшбұрыштар
б) доғал бұрышты үшбұрыштар
Салу жұмыстарын өздері орындап, қорытындыны өздері жасаса, теория естерінде өте жақсы сақталады, әрі барлық жұмыстарын міндетті түрде бағалаған тиімді, әрі баға қоры да көбейеді:
Y = ax?; y = ax? функциясы, графигі, қасиеттері тақырыбын өткенде де, мен а>о, а<о, |а| < 1 байланысты графиктерді салғызып, қасиеттерін өздеріне тұжырымдатуды талап етемін. Сонда олардың есінде өткен тақырып өте жақсы сақталады.
“4” пен “5”-ке оқитын оқушыларды ынталандыру олардың білім көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді. Оларды әртүрлі зияткерлік олимпиадаларына қатыстыру арқылы білімге деген құштарлығын оятуға болады. Және бастауыш сыныптан бастап оқушылардың математика пәніне деген ықыласын ояту маңызды. Мәселен, орта буында оқитын балалардың арасынан бастауыш сыныптарда математика пәнін жіті меңгерген балалар бірден байқалып тұрады. Олар әртүрлі есептерді шемішкедей шағып, сәйкесінше, логикалық ойлау қабілеттері де жылдам дамиды. Мәселен, 7-сыныпта оқитын Батырбек Оразов, Ақжол Қайырбеков, Нариман Көшеров, Нұрислам Әмірханов, Қанат Сабыржанов КИО және ЮНИОР олимпиадаларына қатысып, жоғары ұпай жинап, мектеп мәртебесін көтерген оқушылар тізімінде.
Оқу технологияларын қолдануда мұғалім шеберлігі ерекше қажет екені белгілі. Педагогикалық технологиялардың бір-бірінен ерекшелігі болғанымен, олардың бәрі де бір мақсатқа қолданылады. Ол мақсат – сапалы өзгеріс жасау. Оған қол жеткізу үшін әр мұғалім тиімді деген технологияны өз пәніне шеберлікпен пайдалана алады. Өзім деңгейлеп оқыту технологиясын пайдалануды жөн санаймын. Тапсырмаларды күрделендіру нәтижесінде биылғы 11-сынып оқушылары Алмас Айтжанов, Данияр Сейітов, Сәкен Кәкен, Адинай Айтменова, Бейбіт Серіков, Жоламан Жумин, Темірлан Бақытжанов 9-сыныптан бастап М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Математика” кафедрасының сырттай оқу мектебінің тапсырмаларын үнемі орындап, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Ал “Алтын белгіге” үміткер Алмас Айтжанов, Сәкен Кәкен, Данияр Сейітов биыл үшінші жыл “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған, республикалық сырттай оқу мектебінің тапсырмаларын уақытында орындап, математикаға деген қызығушылықтарын көрсетуде. Және олар өткен жылғы қорытынды бойынша “Дарын” орталығының Мақтау қағазына ие болды.
Қорыта келгенде, оқушыны әртүрлі тапсырмалар орындауға үйрету, сайыстарға қатыстыру спортшыларды жарыстарға дайындағанмен бірдей.