Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
25 ақпан күні республикалық теледидардың “Қазақстан” арнасынан “Таңшолпан” хабарын көріп отырғанда қазақ тілінде мүдірместен сөйлеп, тілшілерді таңғалдырған бойжеткенге риза болдым. Мен оны Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің бірінен болар деп жорамалдап отыр едім. Алайда, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ филологиясы факультетінің бірінші курсында оқитын студент қыз өзге жерден емес, өңіріміздің Тайынша ауданындағы Вишневка ауылынан болып шықты. Аты-жөні – Анна Оржеховская. Бұл жағдайға елең ете қалғаным сондай, онымен қалайда хабарласуға ниет қойдым.
Әуелі аудандық оқу бөліміне хабарласып, оның меңгерушісі Еркін Оразовпен телефон арқылы сөйлескенімде:
– Бұл баланы біз мақтан тұтамыз. Сол хабарды өзім де тамашалап, қуанып жүрмін. Міне, ықылас қойып, зейін танытқанның еңбегі жанады деген осы емес пе? – деп, ол маған Вишневка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлзада Хұсайынованың телефон нөмірін тауып берді.
– Мен Аня Оржеховскаяны 2001-ші жылдан, ол мектеп табалдырығын тұңғыш аттағаннан бері оқытып едім. Өте зейінді, тағанды, ақырын жүріп, анық басатын шәкіртім болды. Қазақ тілінен де, өзге пәндерден де үздік оқыды. Мен оның 2012 жылы мектепті тамамдаған соң Еуразия университетінің қазақ филологиясында жоғары білім алуға ұмтылысына өте риза болдым, – деді ұстаз.
Бұл Вишневка ауылында екі жүз елу шаңырақ түтін түтетуде. Барлығы – поляктар. Жалғыз ғана қазақ отбасы бар. Ол – осы ұстаздың шаңырағы ғана. Гүлзада Кәктайқызының айтуынша, ауылда туған тілдің туын көтеріп жүрген өз үйі ғана болса да, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуге шамасы жетеді екен.
Г. Хұсайынованың екі мамандығы бар. Біріншісі орыс тілі мен әдебиеті болса, кейін 1999 жылдан осы ауылда тұратындықтан, мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын өзге маман болмағасын сол жылы Көкшетаудың Шоқан Уәлиханов атындағы университетінің қазақ филологиясы факультетін сырттай тамамдапты.
Бұл мектептің оқушылары, негізінен кілең поляктар, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша аудандық және облыстық пән олимпиадаларында үнемі жүлделі орындарды еншілеп, ұстаз мерейін асырып жүр. Ал ең үздігі, әрине, Анна Оржеховская.
– Аня Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Сафуан Шаймерденовтің және басқа да ұлт қаламгерлерінің шығармаларын құмарта оқиды. Тілі жатық, ауызекі сөйлеуге де машықтанған, – деді Гүлзада Кәктайқызы.
– Тұрғындардың бәрі поляктар болса, ол қазақ тілін қалай осынша жоғары деңгейде үйренген? Оған сөйлесетін орта керек қой? – деп сұрағанымда, ұстаз күліп жіберді.
– Мен оның орайын табуға тырыстым. Бір ауылда жалғыз қазақ шаңырағы болсам да, өзімнің сегізінші және бесінші сыныпта оқитын екі баламмен Аняны жиі кездестіріп, қазақша сөйлеттіремін. Өзім де оны үнемі қазақ тілінде әңгімеге тартамын. Тіпті, демалыс күндері, яки кешкілік уақыттарда сабақ сұраған болып, телефон шалып, қазақша сөйлесеміз, – деді ол.
Осындай тынымсыз да тиянақты ұмтылыс жемісін беріп, Анна 2011 жылы оқушылардың Қарағанды қаласында өткен пән олимпиадасында республика бойынша сынаққа түсіп, үшінші орынға қол жеткізсе, келесі жылы Қостанайда бірінші орын алып, бас жүлдені қанжығаға байлаған.
Оның бұл жетістігін республикалық теледидар хабарынан естігенмін.
Анна қарапайым отбасында тәрбиеленіпті. Әкесі Иосиф Мартынович зейнеткер болса, анасы Ирина Владимировна – “Вишневское” ЖШС-нің есепшісі.
– Зейінді оқушымыз тарихтан басқа пәндердің бәрінен “өте жақсы” деген бағалар алған еді. Сондықтан “Алтын белгі” берілмесе де, “Айрықша үлгідегі аттестат” иеленіп, грант бұйырды. Мұның өзі оған жақсы жәрдем болды, – деді ұстазы шәкіртінің жетістігіне қуанышын білдіріп.
Ауыл тұрғындары өз ұлтының ғана емес, қазақтың дәстүр-салттарын құрметтеп, өз отбасыларындағы балаларын да осыған баулиды екен. Әсіресе, ауыл тойлары, Наурыз салтанаты, қазақтың қыз ұзату, келін түсіру, нәрестені бесікке бөлеу, тұсаукесер, тоқымқағар, бастаңғы сияқты тұрмыстық салттарын мектеп оқушыларына үнемі ұғындырып, олардың ата-аналарын да қатыстыра отырып өткізуге Г. Хұсайынова үнемі білек сыбана кіріседі. Ересектер Наурыз тойларында белсенділік танытып, ұлтаралық татулықтың желісін осылайша тартады.
Аннаның өзімен қалайда тілдесудің барлық амалдарын қарастырып, Астанадан іздестірген едім. Бір кезде оның өзі телефон шалды.
Қазақша сөйлесіп кеттік.
– Мен осы университетке түсуді, соның ішінде қазақ филологиясында оқуды армандаушы едім. Оған қолым жетті. Бір топта, өзімді қосқанда, он бес адам оқимыз. Мен полякпын, бір өзбек қызы бар, қалғандары бәрі – қазақ балалары, – деді Анна.
Оның айтуынша, ерінбей, енжарлыққа бой алдырмай оқыған адам білімді жан-жақты игереді. Бұл үшін өзің білім алып жүрген университетіңді ардақ тұту керек. Оқыған мектебіңнің, ұстаздарыңның атына кір жуытпау үшін тырысу қажет.
– Ал университеттегі ұстаздарым – мен үшін үлгі тұтарлық үлкен тұлғалар. Атап айтсам, топ жетекшім Гүлнәр Мамаева, деканымыз Шолпан Жарқынбаева – осындай жандар. Олар бәріміздің ел болашағына үлес қосатын білікті мамандар болып шыңдалуымызға тілектес. Мен осындай адамдардың арқасында туған елім – Қазақстан үшін ұлы Абай айтқандай”, “дүниенің кетігін тауып, бір кірпіш болып қаланамын” , – деді Анна.
Оның анасымен тілдесуді жөн көріп, телефон шалғанымда:
– Біз әкесі екеуміз оның бұл ұмтылысын қуана құп алдық. Өйткені, ата-ананың қайсысы болмасын, баласының игі ниетін қолдап, көмек бергісі келеді ғой. Ал Аняның қазақ тілін білуге талпынысы біздің еліміздегі ұлтаралық татулыққа септігін тигізетін қадам деп білеміз. Сондықтан, біз оның аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, сынға түсуіне жан-жақты қамқорлық жасап отырдық.
Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизм, елімізде тұрмыс құрып жатқан этностардың азаматтық татулығы мен ұлтаралық келісімі, қазақ тілінің болашағы туралы айтқан дәйекті лебіздері біздің өмір сүруге құштарлығымызды арттыра түседі, – деді Ирина Оржеховская.
Қамқор ана сүйікті перзентіне бағыт-бағдар беріп, оның бойында қазақ ұлтына, оның тіліне деген ілтипат пен құрмет сезімін қалыптастыра білген ұстазы Гүлзада Хұсайыноваға шексіз ризашылығын да жеткізді.