«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЛТЫН БЕСІК” БАЛАБАҚШАСЫНДА этномәдени бағытта тәрбие беріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында таза қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін 320 орындық “Алтын бесік” балабақшасының жұмысын бастағанына көп болған жоқ. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мекемесіне қазақтың қара домалақ бүлдіршіндерімен қатар, өзге ұлт өкілдерінің 75 балғыны барып жүр.  

 

Ұжымды басқару мәртебесі білім беру саласында 30 жылдан астам уақыт жұмыс атқарып келе жатқан Мәдина Дарбаеваға бұйырған. Ол балабақшадағы педагогтік еңбек жолының 13 жылында балабақша басқарған жоғары санатты ұстаз. Бұған дейін “Петушок” балабақшасының меңгерушісі болған.

“Алтын бесік” құрылған күннен бастап қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретіндігі жөнінде ата-аналарға бірден ескертілген.

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда тілдердің үштұғырлылығына баса мән беріп отырғандықтан, біз алдымызға балалар мектепке барғанда Абай тілін анық білуі және Шекспир тілінде л о лпоауыз екі тілде сөйлеуі керек деген мақсат қойып отырмыз. Қазір балабақшаға келіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің балалары тұрмақ, өз ұлтымыздың балалары, тіпті, олардың ата-аналарының көпшілігі қазақша білмейді. Негізгі жұмысымыз қазақ тілінде жүргізіледі, оған қосымша ағылшын тілін де үйретуді қолға алдық. Сондықтан балабақшада жұмыс істейтін мамандарды таңдау кезінде де аса мұқият іріктеу жүргіздік. Тәрбиешілеріміздің 80 пайызы – қазақ тілінің мамандары, олардың барлығы да М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде курстан өтті, – дейді балабақша меңгерушісі Мәдина Таңжарбайқызы.

Тәрбиешілер “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының мектепке дейінгі білім бөлімінің маманы Әлима Қабденовамен тығыз байланыста жұмыс істейді. Заманауи ақпараттық технологияларды, этномәдени-этнопсихологиялық әдістемелерді сабақтарда тиімді пайдаланып, балалардың тілдерін дамыту қолға алынған. Соңғы үлгіде жабдықталған мектепке дейінгі мекемеде балалардың заман талабына сай білім мен тәрбие алуына қажеттінің барлығы бар. Қоғамдық өмірге бейімделіп, оң мен солын танып келе жатқан бүлдіршіндерді жан-жақты дамытуға Монтессори кабинетінің орны ерекше. Онда балалардың немен айналысқысы келсе, сонымен шұғылдануға мүмкіндік жасалыпты. Балалардың тілін дамыту, дұрыс сөйлеп, дұрыс дыбыстау сияқты жаттығулар жұмыс барысында қамтылады. Әр баланың өз қызығушылығы бойынша жеке жұмыс жүргізіледі. Тәрбиеші Айгерім Болатова Астана қаласындағы реабилитациялық орталыққа барып арнайы курстан өтіп келіпті.

– Монтессори кабинетіне жас ерекшелігіне қарай 15 баладан кіргізіледі. Бала өзінің істегісі келген жұмысын өзі таңдап, еркін жұмыс жүргізіледі. Бұл кабинетте бала ойнап отырып-ақ ойлау қабілетін, саусақтарының моторикасын дамытады, үй тұрмысындағы еңбекке үйренеді. Мәселен, жазылған әріптердің үстінен саусағымен жүргізу арқылы көркем жазуға, шарларды ұяшыққа арнайы тесік арқылы санап сала отырып, ептілікке әрі санауға жаттықса, ойыншық үтікпен киім үтіктеуді үйренеді, – дейді 8 жылдық еңбек өтілі бар екінші санатты тәрбиеші Айгерім Болатова.

Балабақшада бүлдіршіндерге кішкентай күндерінен заман талабына сай компьютерді үйретіп, белсенді тақтамен жұмысты меңгертуді жүзеге асыруда. Компьютер кабинетінде бала суреттегі жемістердің санына сәйкес оның астындағы дөңгелектің ішіне цифрды орналастырып белсенді тақтада жұмыс істеу арқылы санауға, санның таңбасын тануға жаттығады, саусақтарының жұмысын дамытады. Лингофондық кабинет жабдықтары да әр баламен жеке және топпен жұмыс істеуге лайықталған.

– Сабақ қазақ халқының этномәдени бағыты бойынша беріледі. Балалардың тілін дамыту үшін белсенді тақтада жұмыс істейміз. Мәселен, қонақты қарсы алу үшін дастарқанды қалай жасау керектігін балалар осы тақта арқылы меңгереді. Ұлттық тағамдардың, ыдыстардың атауларын айтқыза отырып, тілдерін дамытып, сөздік қорларын молайтамыз. Сабақтар түрлі тақырыптарды қамтиды. Электрондық оқулықтарымыз да бар, – дейді қазақ тілі мұғалімі Гәкку Нұрмұқанова.

Балаларға тәлім-тәрбие беру жұмысы өзара байланыста жүргізіледі. Спорт залында балалар жүгіру, секіру, еңбектеу, өрмелеу жаттығуларын жасай жүріп, осы сөздердің мәнін ұғады, денелерін шынықтырып, өздерін сергек сезінеді. Ал дөңгелектерге жазылған сандарға сан реті бойынша секіре отырып, олардың ретін меңгеріп, сандардың таңбалануын үйренеді. Мектепке дейінгі мекемеде логопед, музыка, өзін-өзі тану, психологиялық, хореографиялық, медициналық кабинеттер де жұмыс істейді. Балалардың көздерін шаршатпау үшін релакс аймағы жабдықталыпты. Аквариумда оңды-солды жүзген балықтардың қозғалысын көздерімен бақылаған балаларға бұл жаттығу ретінде қызмет етеді. Бейнелеу студиясында балалар қалаулары бойынша сурет салуға машықтанады.

Таза, жарық соңғы үлгіде жабдықталған балабақшада ата-аналарға дем алып, тәрбиешілердің ақыл-кеңесін алуға арналған бөлме де қарастырылған.

– Бізге, біріншіден, балабақшаның орналасқан жері қолайлы болды. Сосын ең соңғы үлгідегі компьютерлендірілген сыныптар, қазақ, ағылшын тілдеріне арналған лингофондық кабинеттер, алдыңғы қатарлы технологиялар болғандықтан, осы балабақшаны таңдадық. Сонымен қатар, баламыздың болашағын да ойладық. Баламыздың патриоттық рухта, әділдікке, ізгілікке тәрбиеленген азамат болып өсуін, өзінің қатарластарымен түсіністікте болғанын қаладық. Сәбиіміз мектепке барғанша мемлекеттік тілді түсінетін деңгейге жетіп шығуына тілектеспіз. Оған балабақшада барлық жағдай жасалған, – дейді баласын осы балабақшаға берген Елена Кувшинова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp