«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЕУДІҢ АЖАЛЫ – ОТТАН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 180 өрт болып, одан 80 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 25 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Сегіз адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.  

Өткен аптада адамның өмірін жалмаған өрт оқиғасы орын алды.

Есіл ауданының Ильинка ауылында жеке тұрғын үйдің бірінде түн ортасында өрт шығып, 26 жастағы үй иесі қаза тапса, оның 35 жастағы досының беті мен қолын күйік шалды. Тілсіз жау баспананың шатыры мен қабырғаларына зақым келтірді. Жапа шегушінің айтуынша, баспана иесімен кешкісін алкогольді ішімдіктен ұрттап, кейін ауызүйде ұйықтап қалған. Бетіне жанған тақтайдың құлағанынан шошып оянған ол жартылай от шарпыған үйден сыртқа жүгіріп шыққан. Тергеушілердің айтуынша, өрт оқиғасы баспана иесінің мас күйде темекі тарту салдарынан орын алған.

Облыс орталығының Хименко көшесінде орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің 15-ші пәтерінде таң ата өрт шығып, оттан үй жиһаздары зақымданды. 60 жастағы баспана иесі алған күйіктен ауруханада көз жұмды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.

 

Петропавл қаласының Ойқала ауданындағы 2 пәтерлі тұрғын үйді өрт шарпып, бірінші пәтер шатырымен бірге жанып кетсе, екінші пәтердің қабырғасы айтарлықтай зақымданды. Өртті ауыздықтаған өрт жасағы оқиға орнынан 4 газ баллонын шығарды. Тергеушілер өрт пешті салу барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақталмауынан шыққан деп пайымдауда.

Облыс орталығының Володарский көшесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде орын алған өрттің салдарынан бір шатырдың астында орналасқан үйдің қабырғаларына зақым келсе, қора-қопсы толығымен күлге айналды. Сондай-ақ “Фольксваген-Пассат” автокөлігінің бампері мен алдыңғы шамдары зақымданды.

Есіл ауданының Леонидовка елді мекенінде жеке тұрғын үй толығымен жанып кетті. Болжам бойынша өрттің шығуына 5 жасар баланың отпен ойнауы себеп. Үлкендерден шифоньерге тығылған бала сіріңке тұтатқан көрінеді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Петропавлдық азамат үй жиһаздары мен теледидарынан айрылды. Орын алған өртке теледидардың электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болды деген болжам бар.

Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің 3 және 4-қабаттарының аралығындағы электр қалқанында сымдардың тұйықталуынан өрт шықты. Жергілікті өрт сөндіру жасақтары тұрғын үйдің 42 тұрғынын қауіпсіз жерге жеткізді.

Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан облыс орталығының Москва қысқа көшесі тұрғынының баспанасы отқа оранып, үй жиһаздары мен шатыры зақымданса, осындай оқиғаның салдарынан Аққайың ауданындағы Қаратомар ауылының тұрғыны жапа шекті. Оның қора-қопсысына қоса қорадағы малы да қырылды.

Петропавл қаласының Партизан көшесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру жасағы тұрғын үй мен қора-қопсыны оттан аман алып қалды. Баспана иесі етті сүрлеу барысында қауіпсіздік ережесін сақтамаған.

Облыс орталығының Жамбыл көшесінде “Ауди-80” автокөлігінде өрт шығып, от көліктің моторына зақым келтірді. Тілсіз жауды өртсөндірушілер уақытында ауыздықтады.

От жағу барысында абай болып, төтенше жағдайда дереу “101”, “112” нөмірлері бойынша өртке қарсы қызметіне хабарлаған жөн.

СУРЕТТЕ: 26 жастағы тұрғынның өмірін қиған өрт орыны.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp