«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ — ҚЫЗЫЛЖАР ӨҢІРІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаламызға іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев Петропавлдағы №40 мектеп жанындағы алғашқы әскери дайындық орталығында болды.  

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кездесу барысында халық қалаулысы орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш орталықта өңірдің 35 оқу орнының 10-11-сынып оқушылары оқиды. Тек үстіміздегі оқу жылында оқушылар саны 2010-ға жеткен. Жеткіншектерге алғашқы әскери дайындық бойынша білім беретін 12 ұстаздың 11-і – жоғары білімді мамандар.  

 

Оқушылар қажетті оқу құралдарымен толық қамтылған. Тек соңғы екі жылдың ішінде орталықтың материалдықтехникалық базасын нығайтуға облыс бюджетінен 3 миллион теңге қаражат бөлінген.

Сапар барысында мұражай мен оқу сыныптарында болған Бақытжан Ертаев оқушыларға өзінің балалық шағы туралы, қалай әскери адам атанғаны туралы әңгімелеп берді. Жастар болса кезінде ауған даласында соғысқан генерал-лейтенанттың естеліктерін ерекше ықыласпен тыңдады.

“Ең бастысы – Отанды сүю, тарихты құрметтеу керек. Бұл – жастарға айтар өсиетім”, – деді Халық қаһарманы.

Түстен кейін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің офицерлік құрамымен және сарбаздармен кездесті.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков өңір ардагерлерімен кездесті. Бұл басқосуда аға буынды толғандырған сауалдар ортаға салынып, халық қалаулысы өз кезегінде шешімін табуы қажет мәселелерді қойын дәптеріне түртіп алды.  

Сенатор кездесуде аға буынға өзінің атқарған жұмыстары туралы шағын есеп беріп, ардагерлердің көкейінде жүрген екі мәселе төңірегінде қысқаша ақпарат берді. Оның біріншісі – “Ардагерлер туралы” заң да, екіншісі – қоғамымызды дүрліктірген әйелдердің зейнеткерлік жасы туралы. Бірінші мәселе бойынша Анатолий Башмаков Сенат депутаттарының қолына бұл заң жобасының әлі күнге дейін тимегендігін жеткізді. Жалпы ардагерлердің құқығын қорғауға тиісті мұндай құжат аса қомақты қаржыны талап етеді екен. Ал соңғы кезде бұл мәселе төңірегінде Дариға Назарбаева сөз қозғап жүр, деген ол бұл мәселенің түбінде бір шешімін табатынына сенім білдірді.

Одан әрі депутат ардагерлердің өтініштері мен сауалдарын тыңдады. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің лекторы Михаил Романовский: “Қазақстанда соғыс балаларына мәртебе беріледі ме?” – деген сауал қойды. Алайда, депутаттың айтуынша, бұл мәселе Үкімет тарапынан мүлде қозғалмапты. Ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Александр Липовойды толғандыратын мәселе өңіріміздегі бұрынғы үлкен зауыттардың еш пайдаға аспай тұрғандығы екен. “Соның салдарынан облыс орталығында жұмыссыздық етек алуда”, – дейді ардагер. Сондықтан еліміздегі ірі өндіріс орындарын дамыту бағдарламаларына біздің өңір де іліксе деген ойын айтты. Оған халық қалаулысы бүгінгі экономикалық даму ондай жағдайларды инвестицияға әкеліп тірейді, деді. Ал инвесторлар табуға жергілікті биліктің мүмкіндігі бар екен. Бүгінгі өңір басшысы бұл мәселемен жақсы таныс және оны шеше алады деген жауап қайырды. Сондай-ақ ардагер облыс орталығындағы жылыту желілері 80 пайызға тозығы жетіп тұрғандықтан, оның оң шешімін табу үшін кәсіпорынға мемлекеттің қаржылай көмегі болса деген ойын ортаға салды. Бұдан әрі жалғасқан ардагерлердің қызу әңгімесінде көтерілген мәселелер: кеңес өкіметі жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандары туралы заңның жоқтығы, зейнетақының төмендігі, тұрғын үй-коммуналдық қызметі төлемдерінің өсуі, ауылдық жерлерде аға буынның мәдени шараларға қатысуға мүмкіндігінің аздығы және ақылы медициналық қызмет төңірегінде өрбіді. Сенатор барлық сауалдарға жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp