«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ ҮЗДІК ТЕРГЕУШІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының тұлғаға қарсы аса қауіпті қылмыстарды тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полицияның аға лейтенанты Нұржан Омаров – жас та болса, талай қылмыстың бетін ашып, іздену мен талаптанудың арқасында абырой-беделге ие болған мамандардың бірі. Оның аса жауапты мамандықты игеріп жүргеніне биыл төртінші жыл.

Ерлан МАХМЕТОВ,  

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Петропавл қаласында туып-өскен Нұржанның бала күнгі арманы полицей болу екен. 2005 жылы орта мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің академиясына оқуға түседі. Аталмыш оқу ордасын 2009 жылы тамамдаған түлек еңбек жолындағы алғашқы қадамын Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының №2 полиция бөлімінің тергеушілігінен бастайды. Алғашқы күннен бастап тергеуші жұмысының оңай еместігін түсінген азамат тәжірибелі әріптестерінен көп нәрсені үйрене жүріп, мамандығының қырсырларын меңгереді.

 

Жоғары оқу орнында заңгер мамандығын игерген Нұржан 2010 жылдың наурыз айынан бастап жауапкершілікті бұрынғыдан да көп талап ететін Петропавл қалалық ІІБ-ның қауіпті қылмыстарды тергеу бөлімшесіне ауыстырылып, табысты қызмет атқарып келеді. Аталмыш бөлімшенің тергеушілері адам өлтіру, зорлық, соңы өлімге әкеліп соққан адам денсаулығына қасақана зиян келтіру мен ұрлық тәрізді қауіпті істер бойынша тергеу жүргізеді.

Нұржанның ең алғашқы жүргізген қылмыстық ісі ұрлыққа қатысты болды. Бұған дейін жасаған қылмысы үшін сотты болған Петропавл қаласының тұрғыны рақымшылыққа ілігіп, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленген. Соған қарамастан, басы істі болған азамат қайта қылмысқа барған. Ол танысымен алкогольді ішімдік ішіп, досы қатты мас болып, ұйықтап қалғанда қалтасындағы кілтін жымқырған. Кейін оның үйіне кіріп, теледидарын ұрлаған. Бұл істі жүргізген Нұржан қысқа мерзім ішінде күдіктіні тергеп, қылмыскердің кінәсін толығымен дәлелдеген соң істі сотқа жіберді. Бұл іс сотта қарастырылып, айыпталушыға тиісінше жазасы берілді.

Нұржанның ойынша, полиция қызметкерінің шапшаң қимылдағаны әрі әділ болғаны жөн. Осы орайда жас маманның тергеудің қырсырын меңгеруді, әрбір қылмыстық іске жауапкершілікпен қарап, тергеуді сапалы жүргізуді үйреткен ұстазы Марат Жанғожиновқа алғысы шексіз. Өз ісінің нағыз шебері Нұржанға қылмыскерлермен қалай тілдесу керектігін де үйреткен.

Өзіне жүктелген қылмыстық істерді әрқашан уақытында әрі сапалы атқару – Нұржанның басты ерекшеліктерінің бірі. Өткен жылдың өзінде Нұржан 20 қылмыстық істі сотқа жіберген. Ал үстіміздегі жылдың басынан бастап 7 қылмыстық ісін алқа билер қарауына берген. Жалпы Нұржанның қызмет атқарып жатқан бөлімі өткен жылдың қорытындысы бойынша 500-ге тарта қылмыстық іс қозғап, оның 100-і сотқа жіберілген. Сот қарауына жіберілген Нұржанның істерінің бірде-біреуі қайта қосымша тергеуге жіберілмегенінен-ақ оның өз ісіне жауапты маман екенін айқын аңғаруға болады.

– Әрбір тергеуші жүргізіп жатқан ісіне ұқыпты болуы қажет. Себебі, қылмыстық іс жүргізу барысында күдіктінің болашағы шешіледі. Сондықтан істі тергеу барысында біз күдікті адамдарға бірден қылмыскер ретінде қарамай, алдымен оның адам екенін ұмытпауымыз керек. Оның не себептен қылмысқа аяқ басқанын, проблемаларын түсінуге тырысамыз, – дейді Нұржан.

Сондай-ақ күні кеше ғана қызметке кірген тергеуші бүгінде Қарағанды қаласының полиция мектебін тамамдап келген Жанат Аманжоловқа ұстаздық етіп жүр. Қадамын нық баса бастаған жас қызметкер 2013 жылдың қорытындысы бойынша “Үздік жас маман” атағын иеленді.

Кезектен тыс аттестаттаудан сүрінбей өткен Нұржан үш жылдан бері отбасымен тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінде ол екі баланың әкесі. Отағасының үйден ерте кетіп, кеш келетін ауыр жұмысына зайыбы мен қыздарының еті үйреніп кеткен.

– Уақыт өте бәріне үйренісіп кетеді екенсің. Кешке жұмыстан үйге шаршап келгенде алдымнан жүгіріп шыққан балаларымды көргенде, шаршағаным басылады. Осы кезде не үшін, кімдер үшін еңбек етіп жатқаныма кезекті рет көзімді жеткіземін, – дейді жас тергеуші.

Нұржан Омаровтың мінсіз қызметі басшылық тарапынан әділ бағаланды. 2011 жылдың қорытындысы бойынша облыстың “Үздік тергеуші” аталымына ие болды. Үстіміздегі жылы ІІМ-де өткен республикалық тергеушілер сайысынан бесінші орынды алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp