Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сенбі күні Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев пен Талғат Ерғалиев М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де болып, жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Алдымен құрметті қонақтар СҚМУ-дің әскери кафедрасында болды. Бұл жерде генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев оқу аудиторияларын аралап, әскери техника мен қару-жарақтардың сапасын көрді. Осы орайда көзі шалған олқылықтарға байланысты сынын да айтты. Мәселен, әскери кафедрадағы стендтер тек ресми тілде жазылған. Сондай-ақ әскери білім алып жатқан студенттердің 2 жылда бір рет те оқу-жаттығу полигонында оқ атып көрмегенін естіп, оқу бағдарламасын жетілдіру қажеттігін айтты. Жергілікті әскери комитетке кафедраны жаттығуға арналған жаяу әскер машинасымен қамтамасыз ету керек деген ұсынысын да жеткізді. Әскери кафедрада білім алып жатқан студенттермен кездескен генерал-лейтенант олардың бірі – Тілек Мәкеновпен автоматты тез жинау сайысына да түсті.
Бұдан кейін қос депутат жоғары оқу орнының мұражайына, бассейніне, астрофизикалық орталығына, емханасына барды. СҚМУ-дің студенттері мен оқытушылық құрамы үшін жасалған жағдаймен кеңінен танысқаннан кейін Бақытжан Ертаев пен Талғат Ерғалиев студенттермен, оқытушылармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Олардың дені ел қорғаны болар жастардың түрлі ауруларға шалдыққандығы жайында, еліміздің Қарулы Күштерін нығайтуда қандай жұмыс атқарылуы керек және әлемде болып жатқан соғыстарды болдырмаудың жолдары бар ма дегенді білдірді.
Қызылжар өңіріне аяқ басқалы бері жергілікті тұрғындармен кездесіп, ашық әңгімелестік. Әрине, сұрақтардың дені әлеуметтік қорғауға қатысты болды. Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтік жағдайына, зейнетақы жүйесінің өзгеруі мен әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғаюына қатысты мәселелер көтерілді. Бүгінде әйелдердің зейнет жасының ұлғаюы жайында айтарым, егер шенеунік, әртіс, әнші әйелдер жұмыс істегілері келсе, ол өз еріктері. Біз алдымен 5-6 баланы дүниеге әкелген әйелдер мен ауыр жұмыста жүрген нәзік жандардың жағдайын ойлауымыз керек, – деді тілшілерге берген сұхбатында Бақытжан Ертаев.