Зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты саласындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Өзінің экономикалық мәні жағынан зейнетақымен қамсыздандыру қоғамның еңбекке қабілетсіз тұрғындарының, оның материалдық игіліктер өндіретін қалған бөлігімен қаржылай мүдделерін келісуді білдіреді.
Асқар САҚЫПКЕРЕЕВ,
облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы.
Статистикалық деректерге қарағанда облысымызда тұрғындар саны – 579,4 мың адам. 2008 жылмен салыстырғанда, тұрғындар саны 11,1 пайызға кеміп кетті. 2008 жылмен салыстырғанда 2012 жылы 40-44 жас аралығындағы тұрғындар 13,7 пайызға кемісе, 60-64 жас аралығындағы тұрғындар 1,6 есе көбейе түсті. Тұрғындардың жалпы санының 15,8 пайызы зейнеткерлік жаста.
Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі жинақтау ұстанымын жетілдіру бағытында жедел даму үстінде. Ынтымақтастық және жинақтау тетіктерін ұштастыру еліміздегі зейнетақы жүйесінің ерекшелігі болып табылады. Бүгінгі таңда бұл тетік бүкіл тұрғындарға қатысты, десе де, еңбек шарты бойынша жұмыс берушілер арқылы өздерінің кірістерінің 10 пайызын зейнетақы қорына ай сайын аударатын кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек етіп жүргендер ғана бұған толығымен қатысады. Статистикалық деректер бойынша облысымызда олардың саны – 213,7 мың адам.
Қазіргі таңда мемлекетіміз жүргізіп жатқан Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін жаңғырту, оның дамуының одан арғы жолы оған қатысушыларды мұны талдауға және құрылымын егжей-тегжейлі зерделеуге мәжбүр етеді.
Бұл ретте бүгінгі таңда міндетті зейнетақы аударымын жүйелі түрде жүзеге асырмайтын, тіпті, көбінекөп мүлдем аудармайтын өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды (117,5 мың адам) зейнетақы жүйесімен қамту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Осы мәселені кешенді түрде шешу үшін облысымызда 2013-2015 жылдарға арналған Жұмыспен қамту картасы жасалды, онда өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарға ерекше назар аударылады.
Жұмыспен қамту шаралары шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарға қатысты болжам жасау үшін қалалық, аудандық жұмыспен қамту бөлімдері өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың санаттарын зерделеу жөнінде жұмыс жүргізді. Аудандық және ауылдық округтердің деректері бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың 87,4 пайызы – еңбекке қабілетті жаста. Олардың басым дені (69,4 пайыз) өздерінің қосалқы шаруашылықтарымен айналысып жүр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың 2,6 пайызы – жұмыс берушілер, 17,7 пайызы – жеке кәсіпкерлер, 3,2 пайызы – вахталық әдіспен жұмыс істеушілер, 7,1 пайызы – ақы төленбейтін отбасылық қызметкерлер.
Социологиялық сауалнаманың нәтижесіне қарағанда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың ішінде 23 мыңнан астам адамның қосымша қызметкерлерді тартпаса, жұмысты жүргізуі мүмкін емес ірі қосалқы шаруашылықтары бар. Бұл ретте міндетті зейнетақы аударымының ашықтығы үшін мұндай шаруашылықтарды немесе бірлестіктерді серіктестіктерге немесе шаруа қожалықтарына шоғырландыру қажет.
Жұмыспен қамту картасының шаралары шеңберінде жұмыспен қамтылатын тұрғындарды көбейту көзделіп отыр, мұның зейнетақы жүйесі үшін маңызы кем емес.
Облыстық мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жұмыспен қалтылған тұрғындардың үлесі өсіп, олар экономикалық жағынан белсенді тұрғындардың құрамында 2015 жылы 95 пайызды құрайтын болады. 2013 жылы жұмыссыздардың үлесі 5,1 пайызды құрайды және 2015 жылы болжам бойынша экономикалық белсенді тұрғындардың 4,6 пайызына азаяды.
Жұмыспен қамтылғандардың құрамында жалдамалы жұмысшылардың саны артып, өзін-өзі қамтығандардың қатары азаяды деп болжануда. Бұған қоса, экономиканың ресми секторында өзін-өзі қамтыған тұрғындардың саны артып, салық органдарында тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны азаяды деп күтілуде.
Еңбекпен қамту органдары “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында жұмысқа орналастыруға ықпал етуде, сонымен қатар бағдарламаға қатысушылардың зейнетақы төлемдерін аударуын “Жұмыспен қамту” автоматтандырылған жүйесі арқылы үнемі қадағалауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жұмыспен қамту органдары еңбекпен қамтылған тұрғындар санының төмендеу себептеріне сараптама жасайды. Еңбекпен қамтылған тұрғындар санының төмендеуінің негізгі себебі: көші-қонның тұрақты теріс сальдосы, Қазақстаннан тыс жақын және алыс шетелдерде вахталық әдіспен жұмыс істеу.
Петропавл қаласы мен аудандарда әлеуметтік зерттеудің мәліметінше тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыс істеуші ретінде тіркелмеген 6 мыңнан астам адам ауданнан, облыстан, республикадан тысқары жерде жұмыс істейді. Олар зейнетақы жинақтау жүйесіне қатыспайтындықтан, тәуекелдік тобына жатқызуға болады.
Бүгінгі таңда жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың зейнетақы төлемдерін уақтылы аударуы маңызды мәселе болып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарындағы жұмыс берушілер зейнетақы заңнамасын сақтауға және өзіне, өзінің жалдамалы жұмысшыларына ай сайын зейнетақы төлемдерін аударуға міндетті. Қосалқы шаруашылығында жұмыс істейтін өзін-өзі қамтығандар да тыс қалмауы керек және қамсыздандырылған қарттық үшін ай сайын зейнетақы төлемдерін аударулары қажет.
Бірыңғай зейнетақы қорын құру оның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етпек. Себебі, активтерді басқару мемлекет атынан толығымен Ұлттық банк пен ҚР Президенті жанындағы Консультативтік Кеңеске беріледі.