«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың “China Daily” атты қоғамдық-саяси газетіне сұхбат берді.  

Сұхбатта Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын, соның ішінде сауда-экономикалық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың келешегіне қатысты кең ауқымды мәселелерді қозғады.

Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қытай жаңа басшылығы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ оған тың серпін беретініне сенім білдірді.

***

Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапары аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.

Қазақстан мен Қытай Көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықты және стратегиялық серіктестікті дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы 1-ші сессиясының табысты аяқталуымен және оның ҚХР Төрағасы болып сайлануымен құттықтады.

 

Қазақстан Президенті біздің ел екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығына жоғары баға беретінін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев біздің республикамыз 2014-2016 жылдардағы кезеңде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Қытайдың төрағалықты қабылдау ниетін қолдайтынын атап көрсетті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы “Қазақстан – 2050” Стратегиясында баяндалған Қазақстанның жаңа саяси бағыты туралы айтты.

Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан-Қытай қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі өсуі атап өтілді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 12,5 пайызға өсіп, 24 миллиард долларға жетті. Сауда айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар екіжақты сауданы одан әрі нығайту мақсатында арнаулы консультациялар өткізу туралы келісті.

Екіжақты қатынастардың барлық негізгі бағытын іс жүзінде қамтитын Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің қызметі өзара іс-қимылды дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Бұған қоса, келіссөздер барысында көлік саласындағы, шекара маңындағы ынтымақтастық саласындағы, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің пайдалануын реттеу саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. ҚХР-ға Қазақстан астығы мен ұн жеткізу және Қытай аумағы арқылы үшінші елдерге транзиттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан Президентінің ҚХР-ға ресми сапары аясында “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ мен Қытай халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеті арасында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін құру туралы келісімге, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ мен CITIC Group арасында ынтымақтастық туралы келісім мен Экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды нығайту жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан-Қытай мұнай құбырының аясын кеңейту және пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісім жасалды.

Тараптар Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының алғашқы келіссөздері жоғары деңгейдегі тығыз саяси диалог үшін негіз қалағанын, сондай-ақ Си Цзиньпиннің біздің республикамызға сапары туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өтті.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев CNPC компаниясының басшысы Чжоу Цзипинмен кездесу өткізді.

Кездесуде мұнайгаз саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Нұрсұлтан Назарбаев осы саладағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына қанағаттанушылық білдірді.

Қазіргі уақытта мұнай-газ секторында жалпы құны 5 миллиард долларды құрайтын 10-ға жуық бірлескен жоба іске асырылып жатқаны атап өтілді. Жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын бірлескен тағы да 4 ірі жоба энергия ресурстарын тасымалдау саласында жүзеге асырылуда.

Қазақстан Президенті мен CNPC басшысы “Мұнай-сервистік және өңдеу жобаларындағы инвестицияға айырбас ретінде шикізатқа мүмкіндік туғызу” қағидатына негізделген мұнай-газ саласындағы кешенді ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу мәселесін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары Қазақстан-Қытай мұнай құбыры аясын кеңейту және пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қойды.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың CCTV-2 телеарнасына сұхбат берді.

Мемлекет басшысы Қытайдың жетекші телеарнасына Қазақстан дамуының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылының негізгі аспектілері туралы әңгімеледі.

Сұхбат барысында “Қазақстан – 2050” Стратегиясының қабылдауына қатысты сұраққа жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев алдыңғы Стратегияда таңдап алынған бағыттар елді орнықты дамудың жолына салғанын және оның қарқыны күтілгеннің бәрінен асып түскенін атап өтті.

***

Қазақстан Президенті Қытайға ресми сапары кезінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізді.

Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты стратегиялық ынтымақтастық аспектілерін талқылаумен қатар, еліміз үшін қызығушылық тудыратын ең өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның қолдауға ие болғанын мәлімдеді.

– Ең маңызды мәселелердің бірі трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттеу болып табылады. Си Цзиньпин Қытай Қазақстан экономикасына нұқсан келтіруі мүмкін әрекетке бармайтынын мәлім етті. Осылайша, трансшекаралық өзендер мәселесі келісім жолымен шешілетін болады және бұл үшін біз жұмыс тобын құрамыз. Сондай-ақ біз Қытайға қазақстандық бидайды экспорттау туралы және селекция мен өсімдік шаруашылығы өнімдері салаларындағы үздік тәжірибені енгізу үшін пайдаланылуы мүмкін үлгілі аграрлық нысанды бірлесіп құру туралы уағдаластық. Бұған қоса, келіссөздер барысында Тынық мұхитындағы Ляньюнган портында қазақстандық терминал құрылысын салу үшін жер беру туралы мәселе қаралды. Өйткені, біз үшін Азия-Тынық мұхиты өңіріне шығу мүмкіндігі өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы осы негізгі мәселелер жаңадан сайланған ҚХР төрағасының биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанға алғашқы сапары барысында қарастырылатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті CNPC компаниясының басшылығы республикамыздың оңтүстік өңірлері үшін маңызды мәнге ие “Бозой-Шымкент” газ құбыры құрылысын биылғы қазан айында аяқтау жөніндегі жоспарды бекіткенін айтты.

Бұдан бөлек, Астанада жаңа ұлттық би және балет академиясының құрылысын салу ұсынылды, ол келешекте осы саладағы қытайлық университетпен ынтымақтастық орнатуы мүмкін.

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайда ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруда оң тәжірибесі бар Қытай Астанада “ЭКСПО – 2017” көрмесіне дайындық жасауға және өткізуге белсене қолдау көрсете алатынын атап өтті.

– Ең бастысы – көрмеге бес миллион адамның келуі. Сондықтан мен 2017 жылды Қазақстанда Қытай туризмі жылы деп жариялау туралы ҚХР Төрағасымен келістім. Сонда бізге келушілер қатары артады және ҚХР-нің арнаулы павильоны салынатын болады. Бұл достас ел бізге өте ауқымды іс-шараны өткізуге көмектесетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Боао азиялық форумының XII сессиясы жұмысына қатысты.

Форумға он мемлекет басшысы, үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар жетекшілері, шет мемлекеттердің іскер, ғылыми және қоғамдық орта өкілдері қатысты. Әлемнің аса ірі коммуникативтік алаңы болып саналатын іс-шараға барлығы 1800-ге жуық делегат келсе, қатысушылардың жалпы саны үш мыңнан асты.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Азия құрлығының ерекше мәнге ие болуына байланысты форумның өзектілігі артып келе жатқанына тоқталды.

– Алдымен бұл жерге басты өндірістік әлеует шоғырланды. Одан соң мұнда әлемдік нарықтарға серпін беретін экономикалық белсенді орталық орын тепті. Келесі кезең Азияның негізгі даму идеялары мен модельдерінің қайнар көзіне айналуы болады деп сенемін. Бұл жерде тек экономикадағы ғана емес, өзге де көптеген салаларда халықаралық күн тәртібі түзілетін болады. Азия елдері арасындағы өзара сенімнің нығаюы жаһандық міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгерілеудің кепілі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті табысқа жетудің ортақ стратегиясын қалыптастыру үшін Азияның барлық мемлекетінің тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап айтты.

– Қазақстандық модель әлемдік нарықтық үдерістер интеграциясы мен инновациялық типтегі қуатты экономиканың дамуына негізделген. Ішкі саясаттағы тұрақты ахуал мен дағдарысқа қарсы тиімді шаралар арқасында Қазақстан дамудың жоғары қарқыны мен жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап қалды. Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2012 жылдың қорытындылары бойынша шамамен 6 пайызға өсті. Ал жұмыссыздық бұл ретте 6 пайыздан асқан жоқ. Халықаралық жалпы резерв 90 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан жаңғыртуды жоғары технология салаларын ынталандыра отырып жүргізуде. Бұл – “жасыл технология”, баламалы энергетика және энергияны сақтау салаларындағы жобалар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы біздің елде мұнай-газ шикізатын толығымен өңдеу, тыңайтқыш өндіру, логистика және өзге де салаларға салынатын инвестициялар үшін жол ашық екенін атап өтті.

– Заманауи көлік инфрақұрылымы жасалуда. Біз “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” магистральды көлік дәлізін сала отырып, “Жібек жолын” қайта жаңғыртып жатырмыз. Ол 2015 жылдың өзінде-ақ іске қосылатын болады. Қазақстанның елордасы – Астана “Болашақты энергиясы” ұранымен 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетін орын ретінде таңдап алынды. Қол жеткізгенімізбен тоқтап қалмай, біз жаңа межелерге көз тігіп отырмыз. “Қазақстан – 2050” жаңа саяси бағытын жүзеге асыра бастадық. Ұзақ мерзімге арналған бұл стратегия мемлекет пен қоғамның дамуында инновациялық, экономикалық және әлеуметтік қағидаттарды алға қояды. Біз барлық мүдделі елдермен белсене ынтымақтасу ниетіндеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев әрбір мемлекеттің табысы құрлықтың жалпы ахуалының жайлылығына үлес болып қосылатынын атап өтті. Өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін бізге барлық мемлекеттің келісілген жүйелі әрекеті қажет. Олар қарым-қатынастардың кең ауқымын қамтуға тиіс.

Осы орайда, Мемлекет басшысы форумға қатысушылар назарын осы маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін жасалуы мүмкін бірқатар негізгі қадамдар мәселесіне аударды.

– Одан әрі даму жолдарын іздестіруде табысқа жету шешім қабылдау сипаты арқылы анықталады. Онда барлық мемлекеттің позициясы ескерілуге тиіс, өйткені ешкім де енді жаһандық, әсіресе жағымсыз құбылыстардан сырт қала алмайды. Бүгінде барынша ашық болу өте маңызды. Қазақстан 2012 мамырда G-Global алаңын қалыптастыру идеясын ұсынды. Бұл – жаһандық дағдарысты еңсеру жолдарын іздеуге арналған жүйелі диалогты қолдау жөніндегі біздің бастамамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қазіргі қиындықтарды жеңу үшін әлемдік қоғамдастық дәлме-дәл және тиімді қаржы архитектурасына қарай біртіндеп қадам жасауы керектігін атап өтті.

– Халықаралық сауда мен инвестицияның дамуы бүкіл әлемде қаржы-несие саясатын қатаң үйлестіруді талап етеді. Бұл ықтимал қатерлерді барынша азайтуға, алдын алу режімінде жұмыс жүргізу үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Көптеген сарапшылар халықаралық қаржы архитектурасын, атап айтқанда, әлемдік валюта жүйесін реформалау туралы идеяны қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа сын-қатерлерге қарсы тұрудың тиімді жолы еуразиялық кеңістікте интеграциялық үрдістерді күшейту бола алар еді деген ойын жеткізді.

– Координаттардың әлемдік жүйесі ортасынан ойып тұрып орын алуға Еуразияның барлық мүмкіндігі бар. Еуразиялық континентте әлемдік өнімнің 50 пайыздан астамы өндіріледі. Мұнда Жер шары халқының үштен екісі өмір сүреді. Коммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, сауда және өзара инвестицияны ынталандыру қажет. Сонымен қатар энергетикалық серіктестік, инновациялық және білім алмасу маңызды бағыттар болып саналады. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан, Беларусь және Ресей Бірыңғай экономикалық кеңістік құрды. Ол Батыс пен Шығысты байланыстырады. Бес жүз миллиондық Еуропалық одақ нарығы мен жарты миллиард Қытай арасындағы құрлықтағы табиғи көпір міндетін атқарады. Бұл бірлестік бүкіл Еуразия құрлығының дамуына оң әсерін тигізетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы дамудың эволюциялық жолында ғылым және білім беруге аса жоғары талаптар қойылатынын айтты. Ғылыми, зерттеушілік және инновациялық салаларда өзара ықпалдастықты жандандыру қажет. Ол үшін Азияның инновациялық ынтымақтастықты дамыту саласындағы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеген дұрыс. Ол Азиядағы қуатты технологиялық одақтарға негіз қалайды.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономика үшін Азия елдері арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге, әсіресе, көлік саласында, энергетика саласында, атап айтқанда, баламалы энергетика саласында, сондай-ақ аграрлық кооперация саласында бұрынды-соңды болып көрмеген зәрулік барына да тоқталды.

Қазақстан Президенті бір айдан соң біздің елордамызда Алтыншы Астана экономикалық форумы өтетінін айтты. Онда БҰҰ қолдауымен Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция да өтпек.

– Боао форумының он екінші сессиясының нәтижелері сол конференцияда шешімдер әзірлеуге септігін тигізеді деп сенемін. Олар біздің өңірде және бүкіл әлемде қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ету ісіндегі ұзақ мерзімге арналған шешімдерге негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларға қазіргі заманғы проблемаларға деген Қазақстанның көзқарасына ықылас танытқаны үшін алғысын айтты.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Боао азиялық форумы аясында Мексика Құрама Штаттарының Президенті Энрике Пенья Ньетомен кездесу өткізді.

Келіссөздер аясында мемлекет басшылары мемлекетаралық қатынастардың жай-күйін талқылады және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырды.

Қазақстан Президенті Қазақстан-Мексика серіктестігін, атап айтқанда, туризм индустриясы, мұнай өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларды дамыту әлеуетіне тоқталып өтті.

Тараптар кең ауқымдағы мәселелер бойынша екіжақты өзара іс-қимылды тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бруней-Даруссалам мемлекетінің сұлтаны Хассанал Болкиахпен кездесті.

Екі елдің Көшбасшылары өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін қарастырды, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы (АСЕАН) мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қоса алғанда, қазіргі халықаралық құрылымдар аясындағы өңірлік интеграция тақырыбын талқылады.

Мемлекетаралық өзара іс-қимыл әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны және тараптардың мұнай-газ, химия салаларындағы, аграрлық сектордағы және басқа салалардағы серіктестік аясын кеңейтуге қызығушылық танытатыны атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Бруней бизнесінің өкілдерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қатысуға шақырды және Бруней Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізудің дайындығына белсене атсалысса деген тілегін білдірді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Хассанал Болкиахты Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сингапур Республикасының құрметті Аға министрі Го Чок Тонгпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Сингапур ынтымақтастығын одан әрі дамыту келешегі мәселесі талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасында ілгеріден ізгі қатынастар қалыптасқанын атап өтті.

– Біз Мемлекеттік саясат мектебін, арнайы экономикалық аймақты құруды қоса алғанда, Сингапурдан көп үлгі алдық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы одан арғы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды және Сингапур тарапы Қазақстан экономикасын индустриялық-инновациялық дамытуға барынша белсене қатысса деген тілегін білдірді.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық валюта қорының директоры-басқарушысы Кристин Лагардпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар әлемдік қаржы-экономикалық жүйе дамуының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Вук Еремичпен кездесті.

Кездесуде жаһандық күн тәртібіндегі ағымдық мәселелер талқыланды. В.Еремич VI Астана экономикалық форумының жұмысына қатысуды жоспарлап отырғанын атап өтті.

***

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Боао азиялық форумы XII сессиясының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдерімен кездесті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз форумда Азия құрлығының одан арғы дамуына қатысты өз ұстанымын білдіргенін мәлім етті. Ол бұл іс-шарада сөз сөйлеген мемлекет және үкімет басшылары атап көрсеткендей, Азияның маңызы артып келе жатқанын айтты.

– Әлем экономикасындағы Азияның рөлі, соның ішінде Қытай Халық Республикасының рөлі айрықша артып келеді. Қытайдың дамуы бізге де оң ықпал ететін болады. Қазіргі сенім мен достық қатынастар жалғасын табады. Бұл ел игілігіне айналмақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қытайға ресми сапарын қорытындылап, жаңадан сайланған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өзара ұстанымдарын айқындап алғанын атап өтті.

– Біз осы жылдары экономикада да, саясатта да барлық бағыттар бойынша Қазақстан мен Қытай арасында сенім мен өзара достық режімінде орныққан қарым-қатынастарды жалғастыру туралы түбегейлі келісімге келдік. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ынтымақтастық пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне Қытайдың қатысуының маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

akorda.kz.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp