«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҰЛЫ ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ” қозғалысының облыстық филиалы құрылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жұма күні облыс орталығындағы экономикалық-техникалық білім беру кешенінің ғимаратында “Ұлы Дала қырандары” қоғамдық қозғалысы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалын құруға арналған құрылтай конференциясы болып өтті.

Жиынды ашқан аталмыш қоғамдық қозғалыстың Жоғары кеңесінің мүшесі, әйгілі тарихшы ғалым Виктор Зайберт “Бірлігі мықты ел озады” деген нақыл бұл бірлестіктің басты ұраны болып саналатынын, ұйым “ұлы даладай кең де ашық және оның желіндей еркін” болатындығын мәлімдеді.

Қоғамдық қозғалыстың қос тең төрағасының бірі, белгілі жазушы-журналист, Қазақстан Республикасы ат спортының ұлттық түрлері федерациясының президенті Сәдібек Түгел “Ұлы Дала қырандары” оңшыл да, солшыл да емес, бірлікшіл екендігін, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан саясатын жан-жақты қолдап, “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруға аянбай атсалысатындығын, әсіресе, ел бірлігін нығайтуға, ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлетіндігін қадай айтты. Оның айтуынша, “қырандар” қазірдің өзінде қыруар игі істерге ұйытқы болған. Солардың ішінде Балуан Шолаққа және Ақан серінің атақты тұлпары – Құлагерге сәулетті ескерткіштер орнатылған. Енді “Ұлы Дала даңқы” мұражайын салу жөнінде бастама көтеріп, “Ұлы Дала – ұлттық рух” жалпыұлттық акциясын бастапты.

“Ұлы Дала қырандары” қоғамдық қозғалысының облыстық филиалының төрайымы болып Ольга Резинкина сайланды. Ол “Ұлар Үміт” жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалының директоры болып істейді. Филиал кеңесіне кәсіподақтары облыстық кеңесінің төрайымы Жамал Ахметова, облыстық мәслихаттың депутаты, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Қанат Мыңжасов, экономикалық-техникалық білім беру кешенінің президенті Александр Мерк, Қазақстан халқы Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева, Петропавл қалалық мәслихаттың депутаты Сабыр Ыбыраев, облыстық “Северный Казахстан”, “Солтүстік Қазақстан” газеттерінің бас редакторлары Иван Моор мен Кәрібай Мұсырман және басқа белгілі азаматтар кірді. “Қызылжар қырандарының” басын алғаш қосқан Виктор Зайберт қоғамдық қозғалыс жанындағы талдау орталығының басшысы болып тағайындалуына байланысты филиалдың құрметті төрағасы болып сайланды.

Қоғамдық қозғалыс алдағы уақытта облыс аудандары мен өңірдегі іргелі кәсіпорындарды барынша қамту міндетін күн тәртібіне қойып отыр.

(Өз тілшімізден).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp