«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ САБАҒЫНЫҢ ФИЛОСОФИЯСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арман АХМЕТОВ,

Петропавл қалалық классикалық гимназияның дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.

Дене тәрбиесі сабағының мән-мағынасын білу, оны дұрыс өткізу, дене жаттығуларын дұрыс орындау мәселелерін терең түсінудің рөлі зор. Дене тәрбиесі сабағы ол – мәдениеттілік. Себебі, оқушының сыртқы келбетін, мінез-құлқын, өзін қоғамдық орындарда дұрыс ұстауын, бір-бірімен, бөгде адамдармен қарым-қатынастарын реттейді, тәрбиелейді.

Әртүрлі дене жаттығуларын дұрыс іріктеу, қолдану арқылы оқушы өзінің тұлғасын, мүсінін, бұлшық еттерінің жан-жақты, үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді. Оның дене мүшелерінің үйлесімді болуы (аяқ-қолдың түзулігі, тізе шықпауы, аяқ арасының ашық болмауы, кеуде клеткасының, дене мүшелерінің дұрыс дамуы, т.с.с.), дене тұлғасының, мүсінінің тік болуы (екі иықтың тепе-теңдігі, алға, артқа еңкіш болмау) сыртқы мәдениеттілікті көрсетеді. Кез келген киімді тіктіріп кисеңіз де дене, мүсін түзулігі, сұлулығы болмаса, дененің олпы-солпылығы көзге көрініп тұрады.

 

Сымбатты, түзу мүсінмен қатар, адамның әдемі, епті қозғалуы да дене тәрбиесі сабағы мұғалімінің шеберлігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Математика мұғалімі есеп шығаруға, қазақ тілі мұғалімі грамматикаға үйретсе, дене тәрбиесі мұғалімі оқушыны кеңістікте дұрыс, епті, шебер қозғалуға үйретеді. Дұрыс жүргізілген дене тәрбиесі сабағында оқушы жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу сияқты қимыл әрекеттерді және спорт түрлері жаттығуларының техникасын орындап, үлкен өмірге дайындалады. Кеңістікте өзінің денесін дұрыс басқара білу шеберлігі мен дағдысын қалыптастырады. Қоғамдық жерлерде денесі үйлесімді, тұлғасы түзу, мүсіні сұлу, әдемі қозғалған адам бірден көзге түседі емес пе? Адамдар оған сыртынан қарап, көздері тойып, эстетикалық қанағат алып тұрады. Оның өзін ұстауына, сабырлығына, өзіне сенімділігіне, батылдығына, көпшілдігіне, қарапайымдылығына, тез ойлаушылығына, жігерлігіне тәнті боласыз. Осы қасиеттердің бәрі дене тәрбиесі сабағында тәрбиеленеді.

“Дені саудың – жаны сау” дейді дана қазақ мақалы.

Жанның тұратын жері – дене, дене сауатын қалыптастыратын жаттығуларды орындағанда, оқушының денесімен қатар жоғарыда айтылған қасиеттері де қалыптасады немесе оларды дамытуға, тәрбиелеуге арнайы жаттығуларда беруге болады. Мысалы, жаттығуларды көп уақытқа, қарқынын азайтпай орындау кезінде оқушының төзімділігі, қажырлылығы, еңбексүйгіштігі қалыптасады. Күрделі, қиын жаттығуларды орындап, меңгерген кезде өзіне сенімділігі, батылдылығы шыңдалады. Спорттық және қозғалмалы ойын кездерінде тез шешім қабылдау, тез ойлау және жігерлілік қасиеттері, көпшілдік, ұжымшылдық қасиеттері сомдалады. Дене тәрбиесі сабағы қозғалыс, қимыл-әрекет сабағы болғандықтан, сабақ кезінде оқушылардың бүкіл мінез-құлқы, көңіл күйі айқындалып, көзге көрініп тұрады. Сабақ кезінде оқушы қуанады, ренжиді, қиналады, рахаттанады, күледі, жылайды. Сонымен қатар оқушы сыныптастары арасында болғандықтан, өзін ұстап, сабырлы болуға тырысады, кенеттен келген ашуын басуға, ұстамдылыққа үйренеді, өзінің көңіл күйін реттеуге, көркем мінезді болуға тырысады.

Дене тәрбиесі және спорттық жаттықтыру сабақтарының философиясы терең, адам өмірінде атқарар рөлі зор. Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев – күрес, Ресей Президенттері Б.Н. Ельцин – волейбол, В.В. Путин – дзюдо спорт түрлерімен айналысқан, олардың жоғары жетістіктерге жетулеріне әсер еткен әртүрлі факторлардың арасында елеулі орындарды дене тәрбиесі және спорт жаттығулары алғанына ешкімнің дау айтпайтыны белгілі. Дене тәрбиесі мұғалімдері осы дене тәрбиесі философиясын терең түсініп, мемлекетіміздің болашағы – жастарымызды дұрыс тәрбиелей білсе, олардың денсаулығы жақсы, рухы мықты, көркем мінезді, мәдениетті етіп тәрбиелесе, дене тұлғаларын дұрыс, қимыл-қозғалыстарын әдемі етіп қалыптастырса, онда дене тәрбиесі сабағының негізгі мақсаты орындалғаны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp