«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ДІНИ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің биылғы алғашқы отырысы өтіп, онда үш мәселе талқыланды. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аян Тұрарбеков, діни бірлестіктер өкілдері, аудандар әкімдерінің орынбасарлары және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты. Кеңес отырысының басында Самат Ескендіров “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы болып тағайындалған Кенжетай Дүйсенбайды таныстырды.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

“Еліміздің басты міндеттерінің бірі – діни өмірді жақсы жағынан дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу арқылы қоғамдық келісімді сақтап, одан әрі нығайту. Бұл үшін мемлекетімізде барлық мүмкіндік қарастырылған. Солардың бірі – “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заң қабылданды”, – деп бастады сөзін өңір басшысы. Радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлеріне қарсы әрекет ету мақсатында облыстағы барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, жаңа заңнама шеңберінде жұмыс жүргізуге көшті. Бірінші мәселе осы тақырыпқа арналды.

 

Облыстық Дін істері жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Әбу-Бәкір Кәрменов баяндағанындай, қазір облыста 129 діни бірлестік ресми тіркелген. Қайта тіркеу рәсімі нәтижесінде сот тәртібімен 19 діни ұйым қызметін тоқтатқан. Жаңа заң негізінде енді дін таратушылар өз ісін жүргізуі үшін әділет органдарына барып, куәлік алуға міндетті. Облыс әкімі әлі күнге дейін әділет органдарында бірқатар мешіттер мен шіркеулердің тіркелмей отырғандығын сынға алды. Мәселен, Уәлиханов ауданында 9 мешіт тіркеуден өтпеген, аудан орынбасарының айтуынша, құжаттар жіберілген, биыл жауап келуі тиіс.

Діни экстремизм мен терроризмнің теріс мәнін түсіндіру бойынша үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Әлішев баяндады.

 

2012 жылы бұған бюджеттен 8 млн. теңге бөлінсе, биыл оның сомасы 18 миллион теңгеге жеткізілген. Алайда, облыста әзірге бұл мәселемен айналысатын тек бір үкіметтік емес ұйым бар. Самат Сапарбекұлы: “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігінің бұл мәселені шешуде жападан-жалғыз әрекет етуі айтарлықтай нәтиже бермес. Сондықтан бұл іске дінтану сабақтарын жүргізетін ұстаздарды, өзге мүдделі үкіметтік емес ұйымдарды тарту керек”, – деп атап айтты. Руслан Әлішевтің айтуынша, облысқа арнайы теолог та шақыртылған. Облыс әкімі бұл мәселеге аудандар деңгейінде ерекше мән беру керек, деді. Ол жауапты органдарға үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтіндер қатарынан дін мәселесімен айналысатын арнайы мамандар даярлауды қолға алуды тапсырды. Отырыста “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай мен Петропавл және Булаев епархиясының епископы Гурий тұрғындардың діни сауатын көтеру туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp