Облыс орталығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың түлектері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Орыс тілі және әдебиеті” мамандығының 4-курс студенті Зарифа Дамирова, география және экология факультетінің 1-курс студенті Татьяна Ермишкина және “Шет тілі: екі шетел тілі” мамандығының 4-курс студенті Айгүл Қалиева – облысымыздың белсенді жастарының қатарында.
Мысалы, Айгүл Қалиева – университеттегі қоғамдық шараларға үнемі белсене араласып жүрген үздік студент. Білім мен ғылымға деген ынтасы зор ол жаңашылдыққа ұмтылыс жасайды. Білмеген жерін сұрап, ал білгенін өзгелерге үйретіп жүреді.
Әсіресе, шетел тілдерін үйренуге ықыласы ауған ол ағылшын тілін білу деңгейін жетілдіру мақсатында соңғы 3 жыл қатарынан АҚШ-тың “Summer Work and Travel USA” бағдарламасы шеңберінде аталмыш елге барды.
Айгүлдің жетістіктері көңіл қуантады. Оқу озаты, спортпен шұғылданды. Әсіресе, баскетболға, волейболға ерекше ден қойған. Университетте аталмыш спорт түрлері бойынша ұйымдастырылатын сайыстарға қатысып, Тіл және әдебиет институты атынан өнер көрсетіп келеді. Мәселен, 2010 жылы облысымызда университеттер мен колледждер арасында өткен сайыста СҚМУ намысын қорғады. Ал 2011 жылы Тіл және әдебиет институтының құрамасының дене шынықтыру факультеті командасын ойсырата жеңіп, институтішілік жарыста бірінші орынды иеленуіне өз үлесін қоса білді.
Бүгінде өзінің белсенділігімен, ақылдылығымен құрбы-құрдастарына сыйлы Айгүл өзіне кезінде жылы ұя болған, тәрбиелеген мектеп-интернатпен байланысын үзген жоқ. Ұстаздары да жанын жасытпай, ақыл-кеңестерін айта жүреді. Уақыт тауып, мектеп-интернатқа қонаққа келіп тұратын Айгүл оқушыларға студенттік өмірдің небір қызықты оқиғаларын айтып, оларды сабақтарын жақсы оқып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға шақыруды әдетке айналдырды.
Ол болашақта өз мамандығы бойынша табысты қызмет атқарып, ел дамуына үлесін қосарына сенімді.
Анна КУЧЕРЕНКО,
зейнеткер.